17.03.2016, 6:03
Қараулар: 84
Тойға не үшін барамыз?!.

Тойға не үшін барамыз?!.

той


Той – қуаныш, жақсылық. Жақсылық кімге де артық етпейді. Тек той мәнін де, сәнін де жоймағанын қалаймыз.


Тойға адам қуанышты бөлісіп,  достық ниетін білдіру, ақтарылған ақ тілектер мен тамылжыған ән тыңдап, жанына рухани ләззат алып, еркін отырып, демалып, серігіп қайту үшін барады. Тойдың тізгінін ұстайтын қазіргі асабалар осыны ескермейді. Мағынасы жоқ көп сөзбен қонақтарды мезі етеді. Тауып айттым деп қауып айтып, күлдірем деп бүлдіреді. Тойдың сәнін кетіретін осы.

Егер асаба өзінің сыпайы  қылығымен, жүрек жібітер сөздерімен, орынды әзіл-қалжыңымен той қонақтарын баурай білсе, келген адам шаршамай, тынышы кетпей демалып, рақат алып қайтар еді. Өкініштісі, олай бола бермейді. Жаттанды, жауыр сөз, дөрекі әзіл, ойсыз ойын берекетіңді кетіріп, «қашан бітер екен?» деп тағатың таусылып,  жер қазғаннан бетер шаршап қайтасың.

Қазіргі асабалар құрметтің үлкені – қол соғу деп түсінеді. Қонақтар жайғасқан соң «Қане, қол соғып құрмет көрсетейік!»  деп бастайды. «Осындай құрмет бола ма? Дұрыстап қайта қол соғайық!», «Күйеуді жақсы көргендерің оң қолдарыңды көтеріңдер, қалыңдықты жақсы дегендерің сол қолдарыңды көтеріңдер. Екеуі бақытты жұп болсын дегендерің шапалақ ұрыңдар!», «Жақсы ұрғандардың алдарынан күн шықсын, шапалағын аяғандардың алақанына жүн шықсын». Осындай мағынасы жоқ сөз, артық әрекет, тіпті «алақанына жүн шықсын» деген сияқты қарғыстар жүйкеңді жұқартып, той біткенше қайталана береді. Қол соғудан шаршайсың. Соқпасаң, асаба сөзіне орай жұрт жаман  ойлар  деп  күдіктенесің.

Сол асабалардың сөздік қоры да мол емес. Тауып  айттым, жұртты күлдірем деген сөзі көңіліңе кірбің ұялатып бүлдіріп тұрады.

Бір тойда, – Сиырдың жауы кене, келіннің жауы ене, – деді асаба. Бұл не сөз? Келінге енесін жау етіп көрсетудің не қисыны бар?

Онсыз да басқа босағаға келіп, сіңісіп кете алам ба деп толқып тұрған жас қалыңдық  бұл сөзден кейін енесіне күдікпен үрке қарамай ма? «Бір тойда екі қыз бай табады», «Немереңіздің боғына сүрініп өліңіз»  деген сияқты қисынсыз сөздер құлағыңды жауыр қылады. Оның үстіне әлгі асабалардың «Жақсы қонақ ортаға билеп шығады, жаман қонақ аяғын сүйреп шығады» деп тілек айтуға шыққандарды мәжбүрлеп билететінін қайтерсіз. Би де икемі  бар адамға жарасады. Икемі жоқтар мен қарт адамдардың еріксіз қолын ербеңдеткен ебедейсіз қимылы тойға қандай сән береді? Сол сияқты той үстінде асаба ұйымдастыратын ойындардың да қолайсызы көп. Бір тойда асаба ортаға 2-3 жігітті шығарып, бір әннің  музыкасы біткенше отырған қыздарды ортаға көтеріп әкеліп, жинауды тапсырды. Кім көп әкелсе, жеңіс соған берілмек. Жігіттер отырған қыздарға қасқырша бас салды. Қыздар жұрт алдына ашылып қала ма деп етегін  басып әуре. У-да-шу, қыран-топан. Бұл ойынның орны той ма?

Болмаса қалыңдық пен  күйеуге аттаған сайын сезім сөзін айттырып ойнатады.  Қазақ баласына, немересіне жақсы сөзін айтып еміреніп айналса да, қалыңдық  күйеуіне, жігіт қалыңдығына жүрек сөзін жұрт көзінше айтушы ма еді?

Асаба мәжбүрлегесін екеуі де айтып құтылады. Бұл деген анайылыққа баулу, ата-ананы, жасы үлкенді сыйламау, екеуге ғана ортақ сезімді аяқ асты ету ғой. Мұны асаба неге ойламайды? Тіпті кей асабаның күйеу мен қалыңдықтан «Үйленген жақсы ма екен?» деп сұрайтыны бар. Ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың.

Асабалық ету – қазір кәсіп. Табысты болғасын бәсекелесі  де басым. Сондықтан мәдениетті, жеңіл басқаруға өресі жетпейтін осындай асабалар қонақтарды болдыртып жібереді. Біз айтқан бұл сындар асабаларға ой салса, мақсатымызға жеткеніміз.

Қазіргі тойдағы тағы бір артық әрекет – тілек айтқандарды қаласа да, қаламаса да суретке түсіру. Бір сурет 300-500 теңге. Бұл да бизнес болып бара жатыр.

Тойдың тым созылып кетіп, шаршап қайтуымызға өзіміздің де үлесіміз бар. Өйткені тойға шақырылған уақытта бармаймыз. Содан қонақтың жиылуын күткен той 2-3 сағат кешігіп басталып, тым жәй бітеді. Кешіккендері аздай, «Шашудан қашқандай болмайық деп келдік» деп бәлсінетіндеріміз де жоқ емес. Той иесі шақыратын кісі таппай емес, сізді «қуанышымды бөліседі» деп шақырды. Мұның бәрі мәдениеттілігімізге сын емес пе, ағайын!

Тойға бала әкеліп, аяққа оралғы жасағанның үстіне оларды билетіп, ән салдыру да қалмай жүр. Ері мен әйелі жарыса сөйлеп, бір тілекті қайталап уақыт алуды да орынды дей алмаймыз.

Тағы бір ескерер жай – қазіргі тойларда үнемі жеңіл әуендер ойналып, бастан-аяқ жастар жағы жұлқынып, алқынып билеп жатады. Ылғи ұлттық киім киіп, ұлттық әндер тыңдайық демейміз. Ол күнге де жететін болармыз. Оған дейін сазды әуендерге, қара домбыраға да кезек тиіп, ара-тұра болса да дәстүрлі әндерді, тәрбиелік мән-маңызы зор жыртермелерді тыңдасақ, аруларымыздың ұлттық киіммен мың бұрала билегеніне көз сүйіндірсек,  артық  етер  ме?!

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауылы