17.03.2016, 6:02
Қараулар: 87
Қазақ білімінің қара шаңырағы

Қазақ білімінің қара шаңырағы

школа имени Жангирхана


Ұлттық халық ағарту ісінің ақсақалы Ыбырай Алтынсарин мен қазақ мектептерінің қара шаңырағы, бүгінгі Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектеп бір жылда өмірге келген. Уақыт өлшемін адам мен мекемеге қатысты қолдансақ, құрдас деуге келетіндей. Мерзім алшақтығы бар болғаны бір ай төрт күн. Хан Жәңгір 1841 жылы 6 желтоқсанда мектеп ашқанда, Ыбырай әлі қырқынан да шықпапты.


Алғаш ашылғанда мұнда 25 бала оқуға қабылданған. Шәкірттерінің ең үлкені 22 жаста, ең кішісі 9 жасар екен. Мектепте діни сабақтармен қатар орыс тілі, тарих, арифметика, жағрафия сияқты ғылыми пәндер оқытылған. Бір көңіл аударарлығы, сабақ орыс тілінде жүргізілгенімен, алғаш ашылған жылы оқуға тек қазақ балалары алыныпты. Олай деуімізге жаңағы 25 шәкірттің арасында бірде-бір орыс баласының болмауы дәлел. Рас, уақыт өте бара аралас мектепке айналады. Мектептің тұңғыш оқытушысы әрі меңгерушісі болып Хан ставкасының жоғары білімді мал дәрігері Константин Петрович Ольдекоп деген кісі істепті. Бүгінде көшірмесі музейде сақтаулы көптеген фотосуреттерімен қоса берілген «Бөкей ордасы мектептерінің альбомы» атты жинақта ол жөнінде «К. П. Ольдекоп осы мектепте 10 жыл жұмыс жасаған кезінде оқу ісін өте үлгілі жолға қойды. Оған жан-тәнімен беріле қызмет етті. Сондықтан да оны қазақтар да ізгі ниетпен еске алатын», делінген.

1879 жылы мектеп жетіжылдық білім беретін екі кластық қалалық мектеп болып қайта құрылады. Ал 1901 жылы ол мұғалімдер дайындайтын педагогтік курсы бар төрт кластық қалалық училищеге айналады. Оған арналып екі қабатты зәулім ғимарат салынады. Орны қазіргі музей кешенінің ғылыми қызметкерлері отырған үйдің қасында. Кезінде ол, кеңес өкіметіне дейін, оқу бағдарламасы гимназиямен парапар өңіріміздегі бірден-бір орта білім беретін оқу орны болған. Шәкірттері гимназия формасын киген. Музей кешенінің білім беру бөлімі экспозициясында және қорда мектеп ғимаратының ішкі, сыртқы көріністері, шәкірттерінің фотосуреттері сақталған. Білім бұлағының бастауында болған бұл мектептен кейін елі мен жерінің мақтанышына айналған талай дарынды шәкірттер түлеп ұшты. Олардың қатарында әріден қозғасақ, қазақтан шыққан алғашқы ғалымдардың бірі Шоқанның тұстасы, ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, қатардағы солдаттан атты әскер генералына (армия генералы шеніне тең) дейін жоғарылаған Ғұбайдолла Жәңгірұлы, ақындар Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Тайыр Жароков, Қазаткомның тұңғыш төрағасы, мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешев, азамат соғысының ардагерлері Бисен Жәнекешев, Ғабит Сарыбаев, Хамит Чурин, Рамазан Құрманғалиев, азамат және Ұлы Отан соғысының ардагері, тұңғыш қазақ кеңес генералы Шәкір Жексенбаев, ғалымдар Фазыл Мұхамбетқалиев, Ғақаш Бияшев, Асан Тайманов, Ерден Әзірбаев, Әкірәм Ыдырысов, Фатиха Жұмағалиева және өнер адамдары, композиторлар Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Кеңес Одағының Батырлары Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов, Социалистік Еңбек Ерлері Қарасай Сариев, Иманғали Жұмағалиев, Керей Еділбаев және басқалар – осы мектептің түлектері.

Кезінде мектептің кейбір даңқты түлектері ұшқан ұясымен байланыс ұстап, хат жазысып, хабарласып, тіпті естеліктерін де қалдырыпты. Соның бір-екеуін келтіре кетелік. Қазақ КСР Ғылым академиясы эксперименталдық биология институтының директоры болған, ғылым докторы, академик Фазыл Мұхаметқалиев «Казахстанская правда» газетінің 1980 жылғы 26 тамыздағы Қазақ КСР-ның 60 жылдығына арналған мерекелік санында жарияланған мақаласында «…Сонау алыста қалған 20 жыл. Орал даласы. Орда селосы.

Мектеп-интернат. Арада 60 жыл уақыт өтсе де, қолыма ұстаған тұңғыш қарындаш пен дәптерім күні бүгінгідей есімде. Мен мектепке бардым, оқу-жазуды үйрендім. Парталас болып төңіректегі ауылдардан келген құрбыларым да отырды» десе, медицина ғылымдарының докторы Фатиха Жұмағалиева мектепке жазып жіберген естелігінде: «…Қандағаш», «Мешітқұм» деген жер аттары әлі есімде.

Бала кезімде осы ауылдардан Жасқұс құмы арқылы Ордаға жаяу қатынап, білім алатын едік. Құстары да, жабайы өсімдіктері де мол, әсем жер еді. Мен Ордада жеті жыл оқыдым. Мектептің сол кездегі директоры М. Шынтаев, басқа да аяулы ұстаздарым мәңгі есімде» дейді. Иә, олармен парталас болып Ғақаш Бияшев, Әкірәм Ыдырысов, Асан Тайманов, Махмет Сапарғалиев сияқты отандық ғылымды дамытуға үлес қосқан басқа да марқасқа ғалымдар отырған болатын.

Мектеп 1930 жылдан 1935 жылға дейін колхоз жастар мектебі болса, 1935 жылы орта мектепке айналды. Келесі 1936 жылы оған сол жылы қайтыс болған пролетариат жазушысы Максим Горькийдің есімі берілді. Мектеп 1999 жылдың 9 желтоқсанында осы оқу орнының негізін қалаған, шын иесі Жәңгір ханның есімін иеленді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, мектептің көптеген түлектері Отан қорғауға аттанды.

Олардың қатарында Мұқтар Әжіғұлов, Мұқтар Сәрсенғалиев, Майдок Абдолов, Хамит Сүлейменов, Оразбай Ділмашев, тағы басқалары болды. Олар Отан үшін от кешіп, фашисттермен қиян-кескі ұрыстарда асқан ерлік көрсетті. Ал бір кездері осы мектепте оқып, кейін мұғалім болған Темір Масин мен оның шәкірті Ахмедияр Құсайыновқа Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Мектеп түлектерінің жетеуі Қазақ КСР-ның, біреуі РСФСР-дың еңбек сіңірген мұғалімі атанды. Олар: Сақып Ақбаев, Ахметқали Меңдалиев, Ахметфайыз Тажетдинов, Ғұмар Зарипов, Халел Өрекешев, Сираж Әмірханов, Мұхамбетжан Дәрішев және Қадім Есқалиев (Ахметқали Меңдалиевтің немере інісі).

Бүгінгі күні мектеп мұғалімдерінің басым көпшілігі жоғары білімді. Тағы бір айта кететін жайт, ұжымдағы мұғалімдердің түгелге жуық өз түлектері екендігі. Үлкен өрлеу сатысынан өткен Жәңгір мектебі 175 жылдық тарихында өзінің төл мерекесін небары екі рет атап өтіпті. Алғаш рет 1892 жылы жартығасырлық мерейтойын тойласа, екінші рет 1991 жылы, 150 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілген. Ал енді әйгілі білім шаңырағының 175 жылдығы қалай және қай деңгейде аталып өтіледі, оны уақыт көрсетеді.

Амантай ХАМЗИН,

Бөкей ордасы ауданы