17.03.2016, 6:01
Қараулар: 71
«Колхозшылар үні»

«Колхозшылар үні»

колхозшылар


Қаратөбе өңірінің баспасөз тарихында аудандық газеттің алар орны ересен. 80 жылға жуық тарихы бар газет талай өтпелі кезеңді бастан өткерді.


Алғаш 1936 жылдың 16 наурызында «Колхозшылар үні» деген атаумен жарық көрген басылым ол кезде бар болғаны екі бет көлемді ғана қамтыған. Қаратөбе ауылындағы баспаханадан 800 данамен басылып шыққан басылым латын әліпбиіне сүйенген.

Газеттің тұңғыш редакторы – Жұма Бақтияров.

«Қаратөбе ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы» кітабында: «1936 жылдың 16 наурызы – аудандық «Колхозшылар үні» газетінің ең алғашқы саны шыққан күні.

Ал 1957 жылы колхоздар  таратылып, совхоздар құрылғанда аудандық партия комитетінің 29.04.1957 ж. күнгі №9 бюро ше-шімімен газеттің атауы «Еңбек туы» болып өзгертілген» делінген.

2014 жылы «Жайық  Пресс» ЖШС бастамасымен жарық көрген «Ұран» жинағында Батыс Қазақстан өңірінде шыққан мерзімді басылымдарды зерттеуші тарихшы Қылышбай Сүндетұлы мұрағаттық деректерге сүйеніп құрастырған кестесінде: «Колхозшылар үні», «Ленин жолы» (Қаратөбе ауданында басылған). Шыққан жылы: 3.ІІІ.1936 ж. Редакторы Бахтияров Ж» деген дерек келтірілген.

Біз деректердің анық-қанығын білу мақсатында сұрау салғанымызда, елгезек тарихшы, атыраулық азамат Қылышбай Сүндетұлы:

«1936 жылдың 3 наурызы күні Батыс Қазақстан облыстық партия  комитетінің бюро мәжілісінде №16 §11 бабымен Қаратөбе ауданында «Колхозшылар  үні» атты газеті ұйымдастырылып, газеттің форматы 42х39,4, айына 6 рет шығарылып, таралымы 2000 дана болып беркітілді. Газеттің редакторлығына 1924 жылдан партия мүшесі (билет нөмірі 0946287) 1898 жылы туған Бақтияров Жұма тағайындалады» деп жауап қайтарды.

Жуырда ғана Атырау қаласында тұратын әріптес ағамыз Қылышбай Сүндетұлы бізге «Колхозшылар үні» газетінің жеке мұрағатында сақталған екі-үш данасын жолдап, өткен тарихымызбен қауыштырды.

2006 жылы «Дастан» баспаханасынан жарыққа шыққан «Қаратөбе өңірі» – халықтың рухани өмірі» атты кітапта 1936 жылы алғаш шыққан газеттің таралымы 500 дана деп берілуінде ағаттық кеткен. Оған «Колхозшылар үні» газетінің 1937 жылғы 5 апрельдегі №20 (67) санында «Қаратөбе  аудандық  баспаханасы. №21. Тиражы 800» деген жазулар дәлел бола алады.

«Колхозшылар үні» газетінің логотипінде төте жазумен сол жақ бағанның жоғарғы жағында: «Колхозшылар үні. 1937 жыл 5 апрель. №20 (67), Дүйсенбі» деген жазулар болса, ал оң жақ бағанында Қаратөбе аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің тілі» деп берілген.

Ал  логотиптің үстіңгі жағында «Бүкіл жер жүзі пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран болса, астыңғы жағында «Бағасы сылдыр 6 сом, жеке саны 6 тиын» деген жазу бар.

Аудандық төл басылымның 1976 жылғы 16 наурыз күнгі №31-32 сандарында «Аудандық  газетке 40 жыл» айдарымен берілген «Ол жылдарда» атты мақала авторы Ғаббас Жәнібеков:

— Бұдан 40 жыл бұрын аудандық «Колхозшылар үні» (қазіргі «Еңбек туы») газетінің тұңғыш нөмірін  алып оқығаным әлі есімде.

Ол кезде аудандық халық шаруашылық есеп-санақ (қазіргі статистика) бөлімінде жұмыс істейтінмін. «Колхозшылар  үні» газетінің алғашқы нөмірі Қазақстан КП аудандық комитетінің сол кездегі бірінші секретарының беташар мақаласымен, колхоздардағы көктемгі егіске әзірліктің барысы, жергілікті жерлерден алынған басқа да хабар, мақалалармен жарық көрген еді. Ол жылдарда жаңадан құрылған ауданымызда радио, телефон жоқ. Облыстан, орталықтардан шығатын газет-журналдар мен хат-хабарларды жеткізетін пошта қатынасы 240 шақырым қашықтықтағы Оралдан көлікпен атқарылатын. Сондықтан да болар, аудандық газеттің тұңғыш нөмірі шығуын аудан  халқы үлкен қуанышпен қарсы алды. Полиграфиялық  базасы да тапшы, құрылғанына бір-екі жыл болған баспаханада әріп те, әріп кассалары да жетіспейтін. Газет ең алғаш «американка» деген мәшинемен басылды. Ауданда электр жарығы жоқ. Жұмыс түнімен қолшамның жарығымен жасалып, бірақ уақытында шығушы еді. «Колхозшылар үні» (қазіргі «Еңбек туы») газеті мен үшін айрықша қымбат, өте-мөте ыстық. Мен осы газетте жұмыс жасай жүріп, өстім, ержеттім. Оқыдым, өмір таныдым. Кемелді жастан асып, зейнеткерлікке  де газетте жұмыс жасап жүріп шықтым. 1937 жылы наурыз айының 1-і күні аудандық  партия комитетінің жолдамасымен Қазақстан ЛКСМ аудандық комитетіндегі насихатшылық жұмыстан «Колхозшылар үні» газетінің редакциясына жауапты секретарьлық жұмысқа ауыстым. Ол кезде редакцияның штаты өте-мөте шағын, барлығы – 3 адам. Оның ішінде творчестволық  жұмыспен шұғылданатын редактор мен секретарь ғана болатын, — деп жазған екен.

Аудандық газет басшылығы 2006 жылдың тамыз айында 70 жылдық мерейтойын атап өткен шақта Алматы қаласында тұратын жерлес қаламгер Құрманғазы Қараманұлына қолқа салып, Кітап палатасынан көне газет тігінділерінің үш-төрт данасын алдыртқан болатын. Қолымызға алғашқы газет нөмірі түспесе де, 1937 жылы жарық көрген санының тигеніне тәубе дестік. Ол газет сандары бүгінде аудандық мұрағат мекемесі қорында сақтаулы.

Қарымды қаламгер Құрманғазы Қараманұлы: «Еңбек туымнан» ешқашан қол үзген жоқпын. Сағынғанда Ұлттық кітапханаға барып, сақтаулы тұрған тігінділердің сарғайған беттерін парақтаймын. Бірде 1937 жылы басталған сталиндік репрессияның сыр-сипатын ашатын партия жиналысы жайындағы бір ғажайып мақалаға кезігіп, «Періште мен пенде» аталатын повесть жазғаным бар. Ғажайып  дейтінім – жиналысқа қатысқан 29 коммунистің 28-і партком құрамына ұсынылыпты. Солардың арасынан сегіз адамды іріктеп алу үшін екі күнге созылған жиналыстар қандай ызы-қиқы шу, айқай-қиқай болғандығын көз алдыңызға елестете беріңіз» — дейді.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе  ауданы

«Колхозшылар  үні»  газетінен…

 Мектепте тазалық ісі жолға қойылуы керек

Мектепте тазалық ісінің жақсы болуы оқушылардың сабақ үлгерімінің ойдағыдай болып, дендері сау, денелері берік болып өсуіне тура байланысы бар жағдай айтпаса да түсінікті.

Алайда Қаратөбе ет-сүт заводының жанындағы бастауыш мектепте тазалық ісі өте нашар. Оқушылар арасында тазалық жоқ, мектептің іші де салқын. Тазалық жөнінде мектеп меңгерушісі Сұлтанов бірде-бір лекция өткізбеген. Соның салдарынан оқушылар арасында түрлі аурулар көп. Бірсыпыра  оқушылар  қышыма, қышымасы бар оқушылар  сау оқушылармен партада бірге отырады. Бұл жөнінде мектеп меңгерушісі Сұлтановтың алып отырған ешбір шарасы жоқ. Бұл халмен тұрғанда оқушылар арасында түрлі жұқпалы аурудың таралып кету қаупі бар. Мұны аудандық оқу бөлімі ескеру керек.

Гибкова

Жетімнің малы жоқтаусыз кетпеу керек

Ханкөл. «Ұмтыл» колхозында Хамидолла Құтжанов деген жетім бала бар. Мұның әкесі 1932 жылы өліп, панасыз қалғандықтан, осы колхоздың мүшесі Есекешов дегенге опикон жасалып, бір баспақты сиырымен қамқорлығына берілген. Содан бері Хамидолла Есекешовтың қолында. Хамидолланың баспақты сиыры өсімімен тоғыз басқа жеткен. Бірақ Есекешов жетім баланың малын өз пайдасына жұмсап, қазірде екі бас қойын ғана қалдырып отыр. Ендігі жерде тиісті орындар жетім баланың малының орынсыз жойылып отырғанына зер салуы керек.

Ғ

Өкіл дегеніміз картожник болып шықты

Жақында Голощекин ауыл советінің кеңсесіне төрт  кісі келіп, аттарынан түсе-түсе қалды. Келген қонақтарды жайлап, жұмыстармен танысып қарағанымызда, бұлар кәдімгі өзіміздің аудан орталығынан қаржы жинап, тағы басқа да қосымша жұмыстармен ауылға өкіл болып шыққан аудандық финанс бөлімінің инспекторлары Аймақов, Қоқабаев пен банк, сберкасса қызметкерлері Мұқанов және Орынбасар Ерғазиев жолдастар екен.

Бұлардың сырт көріністері мен санына қанығып, ауылымыздағы жақсы қадамдар жұмысының олқылығы енді бір жойылады ғой деп қуанысып қалдық.

Шынында,  бір  жұмыстың саласымен бір ауылға төрт  өкілдің келуі бұл ауылға үлкен көмек емес пе?! Әрине, солай. Біз де және колхозшылар да осылай деп түсіндік.

Бірақ «сенген кісім сен болсаң» дегендей, үміт орнынан шықпады. Колхозға аталған Аймақов, Қоқабаев, Мұқанов, Ерғазиевтер бұл ауылға Батырша Ерғазиев және Ермұхамбетов дегендердің үйінде келген жұмыстарын жауып қойып, төрт күндей ақша салып, карта ойнап, арақ ішіп, мас болып, түк жұмыс бітірместен ауданда жатты.

Аудандық финанс бөлімі мен банк, сберкасса бастықтарының бұл істен хабары бар ма екен?! Болмаса,  көшпелі картожник етіп өздері ұйымдастырды ма екен? Ендігі біздің білгіміз келетіні осы ғана.

Мен

(Бұл мақалалар 1937 жылы шыққан «Колхохшылар  үні» газетінен  алынған)

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар