17.03.2016, 6:00
Қараулар: 69
«Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…»

«Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…»

IMG_4473


Газетіміздің өткен жылғы 6 желтоқсандағы санында «Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…» атты мақала жарияланған болатын. Осыған орай қаладағы №46 мектепте «Біз – бақытты  балдырған» атты тәрбие сағаты өтті.


Методикалық бағыттағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, ата-аналардың қатысуымен өткен тәрбие сағатында ата-аналар ең алдымен шеңбер құрап,  бір-біріне жылы тілегін айтып,   бір-біріне мейірім сыйлады. Дәл осы сәтте сынып бөлмесі әдемі күлкіге, ерекше шуақ-нұрға толғандай болды. «Досыңа бөлінген уақыт» атты тренингте  «Бізге не жетіспейді?» деген сұрақты талқылаған олар уақыттың, мейірімнің, жылылықтың жетіспейтінін айтты. Одан әрі ата-аналар, мұғалімдер және машықкерлер «Кешегі тәрбие»,  «Бүгінгі өмір», «Жарқын болашақ» деген үш топқа бөлініп, «Менің бала тәрбиелеудегі жетістігімнің пайыз мөлшері» тақырыбында ой толғады. Осы сәтте ата-аналардың қиналып қалғанын байқадық. Бірі 80, енді бірі 70 пайыз уақыт бөлуге тырысамыз дегенімен, бәрі де қазіргі ақпараттық технологияның балаларға қатты әсер ететіндігін жасырмады.

Айша  неге  теледидарға айналғысы  келеді?

Коучинг-сабақты өткізген бірінші санатты бастауыш сынып мұғалімі Ақгүл Рахметова ата-аналарға «Менің арманым» атты бейнеролик қарауды ұсынды. Бейнероликте Айша атты кішкентай қыз  Алла Тағаладан өзін теледидарға айналдыруды сұрайды. «Сонда мені бәрі қоршап отырып қарар еді, сағынар еді, күтер еді. Ол бұзылып қалса, жөндегенше тыным таппас еді» деген кішкентай қыз шығарма соңында отбасының амандығын тілейді. «Бұл бейнероликтегі Айшаның жанайқайы – қазіргі қоғамдағы балалардың басым бөлігінің басты проблемасы», — деген Ақгүл Жәрдемқызы ата-аналарға осы тақырыпты әрі қарай «Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…»  атты мақала бойынша өрбітуге тапсырма берді.

Ата-аналар «Бала тәрбиесінің кешегі мен бүгіні», «Қазіргі таңда қолданып жүрген мадақтау мен жазалаудың түрлері»  тақырыбында көрініс көрсетіп, өз ойларын ортаға салды. Олар көрсеткен көріністе бүгінгі күннің бейнесі анық көрінді. Әсіресе, мектеп мұғалімі Гүлфайруз Ахметова бүгінгі жұмысбасты ананың рөлін керемет сомдап берді.  Арасында баласына көңіл бөлетін үнемі сырлас болып жүретін аналарды да назардан тыс қалдырмады. Әдемі құрылған тәрбие сағатының соңы қызу пікірталасқа ұласты.

Жеңіс ХАМЗИН,

№46 орта мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша орынбасары:

— Қазіргі таңда ата-ананың басым бөлігі – жұмысбасты. Қазіргі күнде қоғамда мейірім азайып барады. Баланың көңілі орта екені де рас. Өйткені ата-ананың бала тәрбиесіне бөлетін уақыты жоқ. Менің ойымша, қазір отбасылық құндылықтарға көбірек көңіл бөлу керек. Мәселен, «Мерейлі отбасы» республикалық жобасы аясындағы шараларды  мектептерде де жиі өткізген дұрыс.

Мен «Орал өңірі» газетіне шыққан «Аптасына 25 минут?! Бұл тым аз…» атты мақаладағы келтірілген деректермен толықтай келісемін. Шынында да, ата-аналар мектепте жылына 4-5 рет өтетін жиналысқа келмейді. Бір сыныптағы 25-26 баладан тек 5-6 ата-ана ғана келіп отыратыны жасырын емес. Осының өзі ата-ана мен бала арасындағы алшақтықты көрсетеді. Ата-ананың, әсіресе, әкелердің бейғамдығы, баласының мектептегі жағдайын білуге ұмтылмауы мені мұғалім ретінде қатты ойландырады. Қазіргі балаларды көбіне-көп орта тәрбиелеуде.

Асан БЕКХОЖИН,

3-сынып оқушысы Адина Аманғалиеваның әкесі:

— Бала кезімізде ата-анамыз бізді жиі жазалады. Көп мадақтаған жоқ. Ал қазір біз жұмсарып кеттік. Біздің баланы жазалауымыз да қызық. «Ойын-сауық орталығына апармаймын, ғаламтор желісін айырып тастаймын, мультфильм қарамайсың!» деп жазалаған боламыз. Балалар да  заманға байланысты осы дүниелерге көп алаңдайды ғой. Уақыттың аздығымен келісемін. Бірақ соған қарамастан ата-аналар жиналысынан, осындай шаралардан қалмауға тырысамын. Жұмысты сылтауратуға  болмайды.

Меніңше, бүгінгі баланы өзінің қабілеті мен ынта-ықыласы бар, өнер, спорт немесе ғылыми-техникалық үйірмелерге барынша көбірек тарту керек. Орынды талап қоя білген дұрыс. Балаға ата-ана тәрбиесінен тысқары теріс ықпал көп мына заманда ұлды да, қызды да бетімен жіберуге болмайды.

Нәсіпханым ЕРМЕКОВА,

Орал гуманитарлық колледжінің  математика, информатика пәндері бойынша кафедра меңгерушісі:

— Бүгінгі тәрбие сағатында аталмыш мақала аясында ата-ананың балаға бөлетін уақыты туралы ойлы, тұшымды пікірлер  айтылды. Соның ішінде бірінші топ қазіргі ата-ананың бейнесін ашып көрсете алды. Өзіне ұмтылған баланы «Әрі баршы, қолым тимейді» деп кеудесінен кері итеретін ата-аналар аз емес. Бәрі өз перзентін жақсы көреді. Бірақ жұмысбасты. Менің ойымша, қазіргі ата-аналарда мейірім жетіспейді. Балаға мейірім төгіп, еркелету үшін арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Сабақтан келгенде қолынан сөмкесін алып: «Бүгінгі сабағың қалай өтті?» деп сұрау, басынан сипап, бауырыңызға басып, ықылас білдіру бар болғаны бес-ақ минут уақыт алады. Жөнсіз, орынсыз қаталдық баланы ата-анадан алыстатады. Сондықтан ұл әкесімен, қыз анасымен сырлас болуы керек. Баланы әр ісі, әр жетістігі үшін сыйлықпен емес, әуелі   жылы сөзбен мадақтаған дұрыс. «Қымбат телефон  алып беремін, интернет қосамын» деп мадақтау немесе дәл осылай жазалау дұрыс емес. Балаға мейірім бар жерде бала мен ата-ананың арасында қамал, тосқауыл, кедергі  болмайды.

Шынар  ҚАЗИЕВА,

№46 орта мектептің психологі:

— Егер әр ата-ана өзінің ұл-қызына жеткілікті көңіл бөлсе, ұялшақтық, тұйықталу деген болмас еді. Баланың оқшаулануы, өзімен-өзі қалуы – бүгінгі  заманның басты проблемасы.  Егер перзентіңіз оқшауланып, бұйығылана бастады ма, демек, сіздің тарапыңыздан мейірім мен назар аудару кемшін деген сөз. Мәселен, қазіргі заманның дертіне айналған суицид оқшауланудан басталады. Мектеп – балаға  білім мен тәрбие беретін жер. Ал баланың тұлға ретінде қалыптасуы отбасынан басталады.

Сондықтан ата-ана балаға жеткілікті уақыт бөлуі керек.  Үйге кірген сәттен «Балам» деген жылы сөзіңіздің өзі оған қуат береді.

Светлана МҰХАНҒАЛИЕВА, 1-сынып оқушысы Шұғыла Қайыржанның анасы:

— Ата-аналар жұмысбасты. Кейде материалдық жағынан кедергілер болып жатады.  Сондықтан мұғалімдер рухани бай болуы керек. Сонда ғана олар баланың жан дүниесіне үңіле алады. Біз де өз тарапымыздан баламыз үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Бірақ қолдың қысқалығы балаға да әсер етіп жататыны жасырын емес. Осындай кезде сыныптағы ахуалды реттеп, баланың көңіл күйін дөп түсінетін мұғалім деп ойлаймын. Өзім көп балалы анамын. Сондықтан мен перзенттеріне  рухани бай ұстаз жолықса екен деп тілеймін.

P.S. Бар болғаны 45 минутқа созылған тәрбие сағатында ата-аналар мен мұғалімдер  өз ойларын ортаға салды. №46 мектеп мұғалімдерінің мақаланы тек оқып қоймай, ата-аналар назарына ұсынып, талқыға салғаны – құптарлық іс. Біз өз тарапымыздан аталмыш білім ошағының директоры Нұржан Алпысбаевқа және тәрбие сағатын жоғары  деңгейде ұйымдастырып, өткізген бастауыш сынып мұғалімі Ақгүл Жәрдемқызына алғыс айтамыз. Ешбір әке-шеше «Балам жаман болсын» деп  өсірмейді. Ата-аналардың басым бөлігі қоғамның, ортаның, ақпараттық технологияның бала тәрбиесіне көбірек ықпал етіп жатқанын мойындады. Біздің басты мақсатымыз – әке-шешеге ой салу.  Өткізілген тәрбие сағатының нәтижесінде біраз ата-ана «Осы мен ұл-қызыма жеткілікті көңіл бөліп жүрмін бе?» деген сұрақты іштей өздеріне қойып, ой түйіп қайтқанына күмән жоқ.

Және бір айтпағым, ұлды да, қызды да қаршадайынан адал еңбекке баулу өте-мөте маңызды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар