10.03.2016, 6:04
Қараулар: 69
Белес деген ауыл бар…

Белес деген ауыл бар…

DSC_0387


Дәулеті ортаймай, ырысы шайқалмай, бірліктің бесігінде тербеліп келе жатқан Белес ауылы — Зеленов ауданындағы ынтымағы жарасқан елді мекендердің бірі.


Ажарлы ауыл аудан орталығынан 15 шақырым, ал облыс орталығынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл ауылда 1929 жылы алғашқы үйлердің іргетасы қаланған деседі. Сонау 1932 жылы теміржол вокзалы салынып, тұңғыш рет Саратов – Орал жүрдек пойызы жүре бастаған. Аумағы 19548 гектарды алып жатқан Белес ауылдық округі құрамына Белес, Ақжол ауылдары, Кардон разъезі енеді. Ал 1756 халықты татулық туының астында ұйымшылдықпен басқарып отырған округ әкімі – Адам Имашев.

«Таза су» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының әр үйінде мөлдір әрі таза ауыз суы сылдырлап ағуда. Отын кіргізіп, күл шығарудың күні әлдеқашан келмеске кеткен. Алыстан көз тартарлық 250 орындық клуб, өз алдына бөлек бой көтерген мектеп жанындағы балабақшаның іші кірсе, шыққысыз. Елу баланы тәрбиелеп жатқан тәрбиешілердің қазақи үлгіде бірдей киінуінің өзі жарасымды. Әр ұлт өкілдері бүлдіршіндерінің мемлекеттік тілде сайрауының өзі татулықтың белгісі емес пе?! Ал 17587 кітап қоры бар ауылдық кітапхана оқырмандарының күн санап өсуі қуанарлық жәйт. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайы да әжептәуір. «Жедел жәрдемі» бар ұжымның бас дәрігері, тіс дәрігері, әлеуметтік педагогі, медбикесі, зертханашысы, жалпы тәжірибелік дәрігері, бәрі-бәрі де тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатында тынымсыз еңбек етуде.

DSC_0431

1939 жылы салынған мектепте 50 ұстаз 268 оқушыға білім беруде. Соңғы екі-үш жылда алты жас маман келіп, мұғалімдер қатарын толықтырған. Заман талабына сай білім берудің әдістерін үйрететін ұжымнан биылғы оқу жылында 11-сыныпты 14 түлек тәмамдамақ. Шәкірттері білім алумен шектелмей, көптеген шараларда белсенді, әсіресе, спорттық жарыстардың алдыңғы қатарында. Қай істе болмасын, шаршап-шалдығуды білмейтін, өркенді өңірдің өрлеуіне ат салысып жүрген 435 жас бар бұл ауылда.

Жол қатынасына келетін болсақ, «Орал – Белес», «Белес – Ақжол – Переметный» бағыттары бойынша тұрғындарды тасымалдайтын «УАЗ» көлігі, микроавтобус, он такси қызмет атқарады.

Бұл округте мал шаруашылығын тиімді дамытуға, мал басын өсіруге және оның өнімділігін арттыруға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Аталмыш ауылдық округте жалпы бес шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. «Арыстанов» шаруа қожалығы өткен жылы асыл тұқымды бес бас «Абердино-Ангус» бұқасын сатып алған. Ірі қара малымен қатар жылқы ұстап отырған шаруашылықтың өз алдына мал сою алаңы бар. Қой жылында мемлекетке 1615 центнер ет пен 4500 центнер сүт өндірген. Ал түйеден басқа ірілі-ұсақты малдары бар «Нұрдан» шаруа қожалығы елуден аса жылқы малын бағып отыр. «Меңдігерей», «Асқаров» шаруашылықтары да өз кәсіптерін дөңгелетуде. Өткен жылы он бас еділбай асыл тұқымды қошқар сатып алған «Имағамбетов» шаруа қожалығында баламалы электрстансасы қойылған.

Ауылдық округте үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 19 шаруа қожалығы және бірнеше кәсіпкер бар. Қазіргі уақытта ауылда төрт дүкен, кафе, монша, аяқ киім жөндеу, іс тігу, көтерме сауда орындары халыққа қызмет етуде.

Белес ауылы маңында орналасқан ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің ауыл тұрғындарына көмегі ұшан-теңіз. Мысалы, «Белес-Агро» диірмен комбинаты, «Жайық Мұнай» мұнай сақтау және жөнелту, өткен жылы ашылған «Батыс Пауэр» газтурбиналық стансаларының ұжымы қай тұрғын болмасын, олардың жағдайларына бейжай қарай алмайды.

Белестік ағайындар «болдық, толдық» деп отырған жоқ, «ел игілігі үшін атқарар істеріміз баршылық» – дейді. Балаларға арналған ойын алаңы, автобус аялдамасы, тұрғын үй салу сынды қыруар жұмыстар алдағы уақыттың еншісінде.

Самал  ЖАМЕТ,

Зеленов  ауданы