5.03.2016, 6:05
Қараулар: 257
“…Ең алғашқы махаббат басталады партадан”

“…Ең алғашқы махаббат басталады партадан”

Ақрыс Алтаева отбасы


Енисей мен Еділді шатыстырып картадан,

Ең алғашқы махаббат басталады партадан.

Күндей таза көңілі қардай аппақ парақтан,

Ең алғашқы махаббат басталады сабақтан.

Осы бір әнді студент аудиториясында алғаш рет естіп едім. Расында да, балаң  көңіл нені армандамады десеңші?! Алайда сол балалық шақтың естелігінде қалатын сәт ол – періштедей  бала махаббат. Бірақ сол мектеп қабырғасындағы бала махаббаттың кейде үлкен махаббатқа ұласатынын да мойындауымыз керек.


Бүгінгі әңгімеміз соның нақты кейіпкері болып табылмақ. Мен Ақырыс апаны күн сайын көріп, амандасып жүремін. Ал Ақырыс апа мен жолдасы Алмастың бір сыныпта оқып, бір партада отырғанын, сол кезден бастап дос болғандарын, бұл достықтың отбасылық өмірге айналғанын естігенде, таңданып қалғаным рас еді. Көктемнің алғашқы мейрамы қарсаңында Ақырыс апаны әңгімеге тарттым.

Ақырыс апа жымиып күліп, әңгімесін бастады:

— Менің жасым қазір 47-де. 1976 жылы А. Оразбаева мектебінің 1-сыныбына бардық. Ол кезде қазіргідей емес, оқушылар көп болатын. Бір партада үш оқушыдан отыратынбыз. Алмас та мен оқыған сыныпта болды. Әлі есімде, алғашқы ұстазым Халила Аймұқашева деген апай болатын. Басқа балалардай біздер де балалықтың бал дәуренін кештік. Бір сыныптағы 30-дың үстіндегі оқушылар балалықтан болар, кейде ренжісіп те қалып жатамыз, көп уақыт өтпей татуласамыз. Мектептің 7-сыныбында оқып жүргенде, өзімізше бойжеткен болып бой түзеп келе жатқан кезде Алмас маған хат жазып жіберіпті. Әрине, өзі емес, достары арқылы жеткізді. Қазіргі күнде бозбала мен бойжеткен өздерінің арасындағы бір-біріне достық көңілдерін агент, ватсап арқылы білдіріп жатады ғой. Ал біздің кезіміздегі бір-біріне хат жазу, былайша айтқанда, «записка» аталып кеткен байланыс «құралын» айтсаң, бүгінгі жастар күледі. Дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір, бозбала Алмасқа «алакөзбен» қарамағаным анық. Өйткені Алмас мектепте сабақты жақсы оқыды.

Енді бір қызықты айтайын. Балалық шақтағы сурет альбомын қарап отырсам, Алмастың маған жазған хаты сақталып қалыпты. Осы бала достық 1986 жылы мектеп бітіргенге дейін жалғасты. Содан кейін Алмас Алматы қаласындағы байланыс техникумына оқуға түсті де, мен Оралдағы сол кездегі мәдени-ағарту училищесінде оқыдым. Бірақ екеуміз жырақта жүрсек те, байланыс үзілген жоқ. Күн сайын поштаның келуін күтетінмін. Алмас оқуын бітіргеннен кейін, Алматы жағынан ауылға келместен, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Сөйтіп, бір-бірімізді 5 жыл бойына көрмедік деуге болады. Алмас әскерден келгеннен кейін ол да, мен де мамандықтарымыз бойынша жұмыс жасадық.

Содан 1994 жылы екеуміз отбасын құрдық. 22 жыл бойына жұбымыз жазылмастан, тату-тәтті өмір сүрудеміз. Енді, Алла қосса, 3 жылдан кейін күміс тойды да тойлаймыз деген ой бар. Отбасымызда екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Үлкен қызымыз Азиза БҚМУ-дың 3-курсында оқып жүрсе, екінші қызымыз Әлия 7-сыныпта, кенжеміз Ербол 2-сыныпта оқиды. Мен айтар едім, адам баласының шаңырақ құруы өздерінің тағдыр жолына байланысты ғой. Бірақ бала жастан бірге өскен, бірге оқыған адаммен отбасылы болудың жақсы жақтары бар деп санаймын. Өйткені өмірлік жарыңды жақсы танып, барлық қасиеттерін білесің. Бұның өзі шаңырақ діңгегінің берік болуына негіз қалайды. Ал шаңырақ берік болып, ерлі-зайыпты адам тату болса, өсіріп отырған ұрпағың да соған қарап бой түзейді. Мен қазіргі күнде осыны байқап жүрмін.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде екі жас бір-бірін танымақ түгіл, оның бет-жүзін көрмей, ғаламтор арқылы танысып жатады. Әрине, олардың бәрі бірдей құрған шаңырақтарын қиратып жатыр деп айтпаймын, бірақ көп ұзамай екеуінің екі жаққа кететінін көріп жүрміз. Сондықтан жастар осы бір жағдайлардан абайласа екен деймін, — деп Ақырыс апамыз әңгімесін аяқтады.

Ақырыс апаның әңгімесін тыңдап отырып, жаңа мақала басында “…Енисей мен Еділді шатыстырып картадан, Ең алғашқы махаббат басталады партадан” — деген өлең шумақтары ойыма қайта оралды. Партадан басталған бала махаббаттың осындай өмірлік махаббатқа айналғанын көріп, қуандым.

Мөлдір ӘНУАРБЕК,

Қазталов ауданы