5.03.2016, 6:01
Қараулар: 299
«Мәңгілік ел» пойызы біздің өңірде

«Мәңгілік ел» пойызы біздің өңірде

IMG_4635


Бас қаламыз Астанадан тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай сапарға шыққан «Мәңгілік ел» пойызы наурыздың 3-і күні Ақсай қаласына келді.


Мерекелік пойызды теміржол вокзалынан аудан әкімі Марат Түсіпқалиев бастаған мекеме-ұйым басшылары, Ассамблея мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қарсы алды.

Пойыздың құрамында республикалық министрліктер мен ведомстволардың жетекші мамандары бар. Барлығы 100-ден астам әр саланың маманы тұрғындарға құқықтық, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау, әлеуметтік және білім беру, жеке кәсіп ашуға қатысты түрлі сауалдарға жауап қайтарып, кеңес береді. Бұған дейін мерекелік пойыз Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында болған екен.

Астаналық медицина қызметкерлері аудандық емханада қабылдау өткізді. Дәрігерлерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басқарма басшысы Нұрлан Қыдырбаев бастап келген. «Ширек ғасырлық тәуелсіздік жылдары ішінде медицина қызметкерлері де жемісті еңбек етті. Мерейтойлық пойыздың құрамында іс-шараның басынан соңына дейін 120 шақты дәрігер қатысады. Олар әр апта сайын 25 дәрігерден ауысып келеді. Дәрігерлердің барлығы республикалық деңгейдегі ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарының жетекші мамандары. Олардың әрқайсысы – шетелдерде оқып, білім жетілдіріп келген мамандар. Өз білімдерін шалғай елді мекендердегі халыққа жоғары мамандандырылған медициналық-консультативтік көмек беру үшін пайдаланбақ. Көп елді мекенде арнайы мамандандырылған қызметкерлер аз, сондықтан да осы жерге арнайы мамандар келді. Мамандардың негізгі легінде балалар және ересектер дәрігерлері, көз дәрігері, гастроэнтеролог, пульмонолог, тағы да басқа дәрігерлер бар. Біздің мамандар Березов ауылында болған жағдайға байланысты науқастанған жандарды да қабылдайтын болады. Негізінен ауыр науқастарды бірінші кезекпен қарамақпыз. Жүріп өткен жерлерге қарағанда, жүрек-қан тамырлары аурулары, жүйке жүйесі аурулары, балалар дәрігерлеріне қаралғандар көп болды», — дейді Нұрлан Икрамұлы.

Бұл күнгі іс-шаралар өзге де жерлерде жалғасып жатты. Аудандық әділет басқармасында арнайы пойызбен келген мамандарға тұрғындар тарапынан техникалық түгендеме, жылжымайтын мүлікке арналған құқықты тіркеу, азаматтық хал актілерін тіркеу, тіркеуге қатысты, тағы басқа да сұрақтар қойылған. Ал аудандық мәдениет үйінде «Ауданның қоғамдық өміріндегі мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда аудандағы қоғамдық ұйымдардың төрағаларымен қатар, пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов, ҚХА мүшесі, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор К. Казкенов, «Қазақстан азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ильдар Катенов сөз сөйледі. Сондай-ақ аудандық әкімдікте ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты жан-жақты кеңес берілді. «Достық» үйінде «Біз – болашағы біртұтас елміз» атты дөңгелек үстел өтті. Оған қоғамдық келісім кеңестері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов астаналық делегацияның атынан аудан басшысына І. Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасын сыйға тартты. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне де кітаптар тарту етілді. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар мектептерде де жалғасын тапты. Акция қорытындыланып, мәдениет үйінде тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концерт өтті.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы

* * *

Кеше «Қазақстан Азаматтық альянсының» бастамасымен кең байтақ Қазақстанды шарлап келе жатқан «Мәңгілік ел» пойызы Ақсайдан Орал қаласына келіп жетті.

Оралдықтар мерекелік пойызды теміржол вокзалынан тамаша көңіл күймен күтіп алды. Штаб мүшелерін қарсылауға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы келіп, салтанатты митингте ел ынтымағы үшін жұмыла күш біріктіріп, үлкен шараға мұрындық болған ұйымдастырушылардың істеріне сәттілік тіледі.

Бұдан кейін шараға қатысушылар жуырда ғана ашылған Достық  үйінде болды. Онда облыстық ассамблея мен этномәдени орталықтардың жұмысымен танысып, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы – тұрақты дамудың кепілі» атты облыстық үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген кеңеске қатысты. Жиынға төрағалық еткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Ақ Жайық өңіріне ат басын тіріген қонақтарға «Қош келдіңіз!» айтып, осындай әлеуметтік маңызы бар шаралардың халыққа беретін пайдасы көп екендігіне тоқталды. «Мәңгілік ел» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов келген құраммен таныстырып, атқарылып жатқан істерге өзінің  оң  пікірін  білдірді.

– Елімізде өтіп жатқан саяси маңызды шараның мақсаты  әлеуметтік  мәселелерді шешуге атсалысу, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының негізгі баптарымен халықты хабардар етіп, ел ішіндегі ахуалмен, халықтың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысу болатын. Ең бастысы – түрлі  ұлт өкілдері арасындағы татулықты сақтап, елдің тұтастығы мен тұрақтылығы жолында қызмет ету. Штаб Қазақстан бойынша барлық министрліктер мен ведомстволардың негізгі білікті, басшы мамандарынан құралған 100 адамның басын біріктірді.  Олар күні бойы денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, заңгерлік, жастар саясаты салалары бойынша кеңестер ұйымдастыруда, – деді ол.

Одан әрі БҚО Азаматтық альянсының президенті Әлия Сәлиева,  «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ильдар Катенов, «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың жұмысы жөнінде  баяндады.

«Мәңгілік ел» пойызының құрамында келген дәрігерлер қаламыздың №5 және №6 емханаларында тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетті. Сондай-ақ «Өркен» қосымша білім беру орталығында өткен семинарға, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығындағы жастар саясатының даму бағытына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Облыстық мәслихаттың үлкен залында «Мемлекеттік сатып алу заңындағы жаңа бағыттар»  тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Одан бөлек «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттер сарайында  «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасымен  колледждерде оқып жатқан студенттермен кездесіп, облыстағы  кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Әділет органдары мамандарының қатысуымен техникалық түгендеу, жылжымайтын мүліктер мен заңды тұлғаларды тіркеу, адвокатура мен нотариат мәселелері бойынша тұрғындарға  кеңестер  берді.

Айта кетелік, «Мәңгілік ел» пойызы осыған дейін Астана, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында болып, 28 мыңға жуық адамды қабылдап үлгерген. Оның ішінде 30-ға жуық дәрігер 10 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен. Штаб жетекшісінің айтуынша, елді мекендегі тұрғындар білім және денсаулық сақтау салаларының қызметіне көп жүгінген. Ал облыс кәсіпкерлерін мемлекеттік сатып алу заңындағы жаңа өзгерістер толғандыратыны ашық айтылды.  Пойыз 15 ақпаннан бастап жолға шығып, 33 елді мекенді аралап, 18 наурызда Алматы қаласында өз жұмысын аяқтамақ.

«Мәңгілік ел» пойызының Орал қаласындағы жұмысы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында қорытындыланып, Орал қаласындағы Достық үйіндегі  концертпен  түйінделді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.