5.03.2016, 6:00
Қараулар: 309
«Адамның жаны бір жұмбақ…»

«Адамның жаны бір жұмбақ…»

12795395_149869615402235_7088438483331777108_n


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкерлері ақын, ұстаз, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Ы. Алтынсарин белгісінің иегері Дариға Мұштанованың «Адамның жаны бір жұмбақ…» атты шығармашылық кешін ұйымдастырды.


Фойеге ақын қаламынан шыққан туындылар мен ол туралы баспасөз бетінде жарық көрген мақалалардан көрме жасақталған. Кеш ақынның өмірі мен өнерінен сыр шертетін, арнайы даярланған бейнебаянмен басталып, оқырмандармен емін-еркін әңгіме, сырласу түрінде өрбіді.

«Талантты ақынды дүниеге әкелген ата-анасы туралы білгіміз келеді». Бұл кеш иесі мен көпшіліктің арасындағы емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытқан алғашқы сұрақ болды.

— Мұштан деген қарттың төрт ұлы, екі қызы болған. Әкем Ғазез – тұңғышы. Ол әскери қызметте болған. Алғашқы екі баласы Владивостокта дүниеге келеді. Мен үшінші болып Орал қаласында, осы күнгі №2 перзентханада дүние есігін ашыппын. Мен үш жасқа келгенде, атам әкеме «Әскери қызметімді соғыста өтегенім жетер. Қалған уақытта балаларымды жан-жағыма жинап отыруым керек. Сен елге қайт» деп хат жазып, Жалпақталға алдырған. Сөйтіп, мен қала мектебінде орысша оқып кетуім мүмкін жерден Құдай оңдап, ауылда өсіп, осындай Дариға болып шығыппын, — деді Дариға Ғазезқызы.

Өнер иесі кешті жүргізуші ақын Эльдар Ихсановтың және оқырмандардың сауалдарына орай өнегелі өмір жолындағы көптеген қызықты да тағылымды оқиғаларға тоқталып, ақын, ұлағатты ұстаз, аяулы ана, немерелердің сүйікті әжесі ретінде жан-жақты қырынан ашыла түсті. Ақынның өлеңдері оқылып, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан әндері шырқалды. Әсіресе, Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған, киелі туған жерге деген терең тағзымның белгісіндей «Құт мекенім», «Асыл мекенім» әндері тыңдарман жанына жігер құйып, көпшілікті тұтастай баурап алғандай болды. Гүлбаршын Қасиетова, Еркін Өтегенов сынды әншілер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш иесін ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Дәулеткерей Атауұлы өнер иесіне естелік ретінде сый-сияпат ұсынды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.