1.03.2016, 6:04
Қараулар: 1615
Ақ сезім

Ақ сезім

ак сезим


Жатты өзегінен теппе,

Жақыным деп өзіңе тарт,

Қиналғанда қасыңнан табылады…

Түн. Мылқау тыныштық. Көзі үйренген адамға түн де түпсіз тұңғиық емес, сүттей ақ түндердің әлсіз жарығы жоғалған үміттер мен үзілген армандарға шамшырақтай көрінеді.


Қашу. Жанталас. Күдік пен күмән. Ақ пен Қызылдың аяусыз арпалысы. Адам тағдырының талақтай құны болмаған заман «Күндік өмірің болса, түстік мал жи» деп айтылған мәңгүрт мақалдың ойына келгенді жасап тұрған кезі. Таяғы барлар тартып, мылтығы барлар атып жейді. Тәуекелің тұрса, тартысып көр.

Тұңғиық ойдың жетегінде балдырға байланып қаласың. Үй-жайың арқанда, бар байлығыңды қалтаңда, қу бастан басқа ештеңені қорғаудың қажеті жоқ, қарынға қара кесек ет түссе, соны да медет қылып жүре беретін уақыттар болады екен. Жауыр атты жайылымға арқандап қоймай көзден таса қылсаң, жер сипап қаласың.

Ұлы Петрдың салған империясы тас-талқан болды. Жер мен ел үшін кеудесін оққа тосқан офицерлердің қыршын өмірлері мен көзсіз ерліктері текке кетті. Қос басты самұрық құстың қанаты қайырылып, көктен құлап түсті. Династия басқарған патша тағы ғасырларға шыдағанмен, дәуірге жете алмады. Жер бетіндегі абырой бермейтін азамат соғысы басталды. Өз еліңде қандасыңның қанын төккен не сұмдық?! Бәріне буржуазиялық билік, патшаның маңындағы маңғаз тойымсыз чиновниктер, месқарын губернаторлардың қарапайым халықты сүйегіне дейін тонап жалаңаш қалдырған сүліктердің кесірі.

Ашынғаннан ақыл сұрама, тобырды тау да тоқтата алмайды дегендей мен неге әлі қара жолақ жалаудың астында жүрмін?..

Мені жібермей ұстап тұрған әскери ант. Адмирал Колчак Александр Васильевичті Иркутскіде Ушаков өзенінің маңында атып өлтіріпті. Ендігі жерде армияның басын қосып біріктіретін жоғарғы қолбасшы жоқ. Үстімдегі мундирді шешсем, менің де қарапайым халықтан еш айырмам жоқ. Толстой Лев Николаевичтің «Исповедь» еңбегінде: Өзіңді адаммын деп айта аласың ба? Жасаған күнә үшін адамның алдында жауап бермесең де, Құдайдың саған дайындап қойған жазасы бар. Одан әлі ешкім қашып құтылған емес. Жерді Жаратушы біреу, оны әркім өзіне меншіктей алмайды. /На все воля Божья/ Адамды нәсіліне қарап бағалама. Сен іздеген бақыт тым алыста емес, сенің қасында тұр. Іздесең табасың, қусаң жетесің, күтсең келеді, шыдасаң береді деп айтылады емес пе?!.

Ойын «құтқар» деген дауыс бөліп жіберді. Шатырдан атып шығып қараса, бұрымы төгілген, аққұба уылжыған жас әдемі қыздың қол-аяғын матап байлап, есаул аттың үстіне өңгеріп алып келіп тұр екен.

Тұтқын қыздың жанарында жас тұнып тұрса да, көзінде ыза мен кек, қайсарлық бар. Белдігіндегі кортигін қынабынан шығарып, аяғы мен қолының жібін тартып кесіп жібергенде, қыз мүлдем сескенбестен офицердің жағынан салып жіберді. Айналасына жиналып қалған гвардеецтер бір мезет не істерін білмей қатып қалды. Ешкімнің алдында намысын түсіріп көрме-ген жігіт. Осы қыздың өткір қайқы көзінен жасқанып қалды ма, әлде аяушылық танытқаны ма, белгісіз? Кері бұрылып, үнсіз шатырына кіріп кетті. Оны тоқтатқан қанына сіңген жоғары мәдениеттілік пен рухани тазалық болатын. «Алтынды боққа батырсаң да былғанбайды» демей ме халық?! Онсыз да өзінің қашып жүрген мүсәпір күйі мен кейбір жасақтарының жабайы әрекетіне жиіркенішпен қарап жүрегі айни бастаған еді. Мына жағдай ұяттан біржола өлтіргендей болды.

Қасқырдың қоршауында қалған еліктей жан-жағына қорғана қарап тұрған қызға есаул тап бергенде, шатырдың ішіне лып етіп, өзінің қалай кіргенін білмей қалды. Мысық мұртты сұңғақ офицер тысқа шығып:

— Доғар! Сіздер атақты гвардияның беделін кетірдіңдер. Жоғалт көздеріңді! Өңкей боскеуде, доңыздар! — деп таусылып айқайлады. Ашуын баса алмай біраз теңселіп жүрді де, шылымын тұтатып аспанға қарап ұзақ тұрды…

Тізесін құшақтап отырған қыз ой арпалыс үстінде ұйықтап кетті.Түсінде құздан құлап бара жатыр екен. Қарағайдың тамырынан екі қолымен бар күшімен қарбанып шыға бергенде үзіліп кетті. «Апа» деп бар демімен айқайлап жіберген даусынан өзі оянып кетті.

Манағы мысық мұрт әскери адам қазақшаға ұқсас татар тілінде тым жақсы түсіндіріп сөйлей алады екен.

— Сен менен қорықпа. Мен тұрғанда саған ешкім тиіспейді. Қаласаң, осы жерден арбадан түсіп қалуыңа болады. Бірақ біздің артымызда жүрген жерінің тозығын шығарып келе жатқан казачий полк бар. Олар малды да, жанды да аман қалдырмайды. Сенің ауылыңа таң ата апарып тастауға барған кезімізде, түн ауа көшіп кеткенін көзімізбен көрдік. Енді жалғыз қалуың өміріңе қауіпті, — деп айтты.

Сымша тартылған әскери жігіттің қамқор сөзі мен адал ниеті жас қыздың жүрегін шымырлатып жіберді. Басқаларға суық көрінетін көкшіл көзі қызға түскенде аспандай ашылып, мейірімді, жұмсақ болып нұрлана қадалады.

Дүниеде темірқазық жұлдыз ғана қозғалмайды. Қалғандары қайықша қалқып уақыт өлшемімен біресе алға шықса, кейде керісінше артта қалады. Жоғалса – табылады, ұзарса – қысқарады, азайса — көбейеді.

АЛЛА адамға күнәсін өтеу үшін жеті рет жанын өзіне қайтарады екен. Бірақ адам басына бақ берсе — бүлініп, тақ берсе – тебініп, сын берсе сүрініп кетеді екен.

Кеудесіне салған ар-ұят, ұжданды жоғалтып, жанды жүдетіп, рухты өлтіріп, жүректі жылатқандықтан, жан адамның арқасын жарып шығып АЛЛА-ға арызын айтады екен. — Мені енді адам денесіне қайтармаңыз. Онда ақыл мен ес болса да, бәрібір тізгінін жүрекке емес сезімге билетеді. Тек тілі кәлимаға келгенде ғана иманға келіп өтелмеген парыз, қайтарылмаған қарыз, орындай алмаған уәдем бар еді, — деп өтініп мені босатқысы келмей қинайды.

Адам қабырғасының қамауы, тозақ отының жалынынан артық күйдіреді. Маған рақымшылық етіп аң-құсқа қайтарыңызшы, — деп жалбарынады дейді…

Василий апталап жүрген ауыр жолдан әбден шаршады. Отанды тастап Қытайға асу – опасыздық. Онда сені кім құшағын ашып күтіп тұр?!. Мүмкін бұл төңкеріліс қарапайым шаруа халқымыздың тұрмысын жақсартатын шығар. Осы кезде атын алқындырып шапқан хабаршы жігіт секіріп түскен бойы:

— Господин Иванов Василий Матвеевич, уақытша үкімет біржола құлады. Армияның көпшілігі кеңес үкіметіне қосылып кетті. Орал да қосылу керек. Деникин мен Колчактың армиясы Чапаевтың дивизиясының соққысына шыдамай жеңілді. Біз енді қайда барамыз? – деп басындағы фуражкасын алып, төмен қарап тұрып қалды. Василий жасағын жинатып:

— Құрметті, сарбаздар. Патша тақтан құлады. Біз патшаны емес елді, жерді қорғау үшін ант бердік. Халық күйзелісте. Мынадай аумалы-төкпелі заманда тығырықтан жол табу қиын. Табанымыз тесіліп қаша бергеннен ештеңе таппаймыз. Енді әркім өз басы үшін күресуі тиіс. Ендігі жол таңдау өздеріңнің қолдарыңда. Бәрің тап қазірден бастап әскери қызметтен боссыңдар, — деп еркіндік береді.

Өзі қыздың алдына барып бір тізерлеп отырып:

— Мен мына дархан даладан сенің қолыңды алуға рұқсат сұраймын. Өз жасағымның алдында саған адал жар болуға, өмір бойы қамқорлауға ант беремін.

Тимофей, біздің некемізді қи, — деп айтты. Сақалы омырауына түскен орта жастағы ірі адам өз дәстүрінде неке қияды. Осылайша Василий мен Забираның некесі қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданының Доңызтау етегінде қиылады.

Забираның өжеттілігі мен табиғи шынайы мінезі, әдемі сымбатты көркі талайлардың таңдайын қақтырып, тамағын кептірген еді. Әулеті Қаратөбе еліне ортан жіліктей орны бар танымал Кенжеғара руынан болатын. Ел аузында Кенжеғараның ұлдары найза, қыздары жебедей деген сөз бар.

Матвеевичтің қасына біраз адам ілесіп, Доңызтау етегімен жарыса аққан Мәні мен Шаған өзендерін бойлай қоныстанып отырған қалың Табын руының еліне келіп тұрақтайды. Бұл ұжымдастыру кезінде жаңа колхоздардың саңырауқұлақтай көбейген кезі еді. Ісіне адал, уәдесіне берік, сенімді жолдас бола білетін жас жігітті жергілікті халық іштартып Мәтжан деп атап кетеді. Өзінің әскери шен қызметімен қоса инженер мелиоратор мамандығы болғандықтан, жердің ой-қырымен жете танысып, егіннің өнімділігін арттыру және мал азығын дайындауды жақын әрі мол қылуды ойлайды. Жер табанына біраз зерттеу жасағаннан кейін колхоз басқармасына шлюзді бөгеттер салу керектігін айтып жобасын көрсетеді. Ұжым жиналысында Матвеевич өз жобасы туралы елге аса қажет екенін айтып, еңбектері текке кетпейтіндігін қарапайым тілмен жеткізеді. Ұжымшар мүшелері осы жобаны қолдайтындарын айтып, бірауыздан дауыс береді. Кейбір кертартпа шолақ ой пысықай бастықсымақтар:

— Бөгет деген не пәле? Оны қайдан шығардыңдар, елді суға кетіресіңдер, — деп даурығады. Бірақ Мәтжан олардың сөздерін құлағына да ілмейді. Білек сыбанып кіріскен белсенділер күні-түні тыным таппастан күрке тігіп жатып еңбектенеді. Төгілген тер, жұмсалған күш, кеткен уақыт бекер болмады. Сол жылдың өзінде-ақ алғашқы нәтижесін көрсетті. Мая-мая болып шабылған шөпті колхозшылар қар түскенше тасып жеткізе алмай әлектенеді.

Ел Мәтжанның тапқырлығына таңғалып, алғыстарын жаудырды. Келесі жылы бау-бақша, Құтым жазығына суармалы егіс салуға кірісті. Егін орағында ақ тары ақтарылып түсті. Бақшада қарбыз-қауын төбе-төбе болып үйіліп жатты. Ердің еңбегі жанып, аты алысқа естіле бастады. Ұжымдастыру кезінде асығыс шешімдердің кесірінен кей ауылдардың жағдайы өте нашарлап кетті. Мал азығының жоқтығынан қой, сиыр, ешкілер түгелімен қырылып қалды. Әбден тығырыққа тірелген ел тоз-тоз болып, ақыры аштыққа ұрынды. Бұл қазақ халқының тарихында ең азапты кездері болып есептелетін нәубет жылдар еді. Жалпы есеппен алғанда, 59 пайыз адам аштық азабынан босып кеткен. Азалы жылдар екі миллионнан астам адамды жұтып жіберген екен. Осы қасіретті жылдардан Доңызтау етегіндегі ел суармалы егіс пен бақша, шабындық шөптің арқасында көп шығынға ұшырамай шығады.

Жылдар өтіп, ел етек-жеңін жинағаннан кейін Забира туған өлкесі Қаратөбе жеріне Мәтжан екеуі бармақшы болады. Ел шетіне келгеннен кейін Аққозы ауылының бір үйіне құдайы қонақ болып түседі. Үй төрінде намазға жығылып, таспих ұстап отырған орта жастағы адамды көреді. Бұл меккеден қажылық сапардан парызын өтеп келе жатқан Бозбоқыр тәуіп екен. Қонақтар бір-бірімен танысып біліскеннен кейін, Бозбоқыр елдегі жағдайлардың біразын баян етеді.

Сонау жылдары атты казактар елдің ойранын шығарып, сүйекке таңба салғандығын, кеңес үкіметі әскерлері алдынан орап шыққанда, кері қашқан казактарды Хасан басқарған топ айласын асырып кек қайтарғандығын. Мантай көлінің қара тереңінің мұзын ойып, мойындарына тас-темір байлап, кейбіреулерін арбаға шаншып түгелімен су түбіне батырғанын. «Тек жазықсыз балаларын, атаманның қызын аман қалдырып жөндеріне жіберді», — дейді. Ұжымдастыру науқаны елге өте ауыр тиіп жұрт жұтқа ұшырағанын, адамдар дала кезіп, желке шөптің тамыры мен балқақ тышқан аулап күн көріп отырғанын жасырмай айтады. Үйір жылқысы мен табын түйесін кеңес үкіметі тәркілеп тартып алғаннан кейін, Забираның тума-туыс бауырлары да елмен бірдей тұрып жатқанын айтады. Забира көкесі мен апасының амандығын естігенде, егіліп жылап жібереді.

Мәтжан Қалдығайты өзені жағасында тұрған елдің жағдайын көріп іштей қынжылады. Елдің азаматтары шеттерінен ірі әрі батыл, дауыстары зор көрінеді. Олардың көзінен тұрмыстың тауқыметіне бола күйзелген, жабыққан түрін көрмейді. Үлкен сөйлесе, қалғандары үн қатпай отыратын дәстүрі бар. Қазақи ұлттық, далалық мәдениеті жоғары адамдар екеніне көзі жетеді.

Мәтжан елдің қонақжайлығы мен кең пейілдігіне шексіз қайран қалады. Забираның ауылға келгенін естіп, ағайын-туыс, көрші-қолаң түгел жиналады. Отырыста төрде қаздай қақиып отырған Бозбоқыр сөз бастайды:

— Уа, ағайын! Мына арамызға келіп отырған күйеу бала тегін емес, Үзеңгілес жолсеріктерінен ертегідей құлағыма жағатын жақсы сөздер естідім. Білек мықтылығынан білік мықтылығы жоғары болады деген сөз бар. Түрі басқа болғанымен, жүрегі үлкен жігіт екен. Жаратушыға адам сөзімен емес, жасаған ісімен жақындай алады. Доңызтаудағы елдің етегін егіске, қоржынын жеміске, тақырын талға, қойнауын малға толтырыпты дейді. Жұрттың жоғын жоқтап, жердің жыртығын жамаған азамат екен. Жат көрмей, жақын тартып орталарыңа алып отырыңдар, — дейді. Ертесіне Матвеевич ат алдырып, қасына екі жігітті ілестіріп, Қалдығайты өзенінің солтүстік шығысы мен оңтүстік батысына барып келуге жолға шығады. Өзеннің ұзындығы мен енін, судың жиналатын текше метрін шамалап өлшейді. Жердің ой-қырын, қыртысын зерттейді. Өзеннің ұзындығы 240-250 шақырымның шамасы, ені 4-6 метр, жиналатын су алабы алты мың текше метрге жақын. Суы тұщы әрі таза, қар суымен қатар бойындағы қырыққа жақын жер асты бұлақ көздері арқылы қоректенетінін біледі. Жердің топырағы өте құнарлы екеніне қатты қуанады. Ауылға келгеннен кейін Матвеевичті ұзақ жүріс пен тынымсыз ізденіс шаршатты ма, ас ішпестен отырған жерінде ұйықтап кетеді. Бірге барған жігіттерден ауыл адамдары қайда бардыңдар? Не көрдіңдер? — дегендей сұрақтың астына алады. Жігіттер бір-бірімен жарыса сөйлеп:

— Мәтжан құс ұйқы жігіт екен. Құмырсқадай қарбанып мүлде тыным көрмейді. Бір қарыс сайын түймесі бар арқанның басына тас байлап өзеннің арғы бетіне лақтырады да, тартып алып түймесін санайды. Қаратереңдегі тұңғиық гүлге сүңгіп кетіп, түбімен жұлып шығарып, тамырын тартып қарап, бойын өлшейді. Екеумізді екі жерге тұрғызып қойып, өзі алысқа барып бір нәрсені қағазға түсіреді. Жердің топырағын дорбаға салып сығып көреді. Ай жарығымен ағаш жаңқаларын судың бетіне лақтырып таралу, шашылу, айналу қозғалыстарын бақылайды. Қамыстың торсылдағын екіге бөліп, орталарының түсін салыстырады. Бақалардың шуын тыңдап, ішек-сілесі қатып күледі. Естімеген елде көп дегендей, біздің түсімізге кірмейтін бірдеңелер жасап әбден шаршады. Енді мазасын алмай, бұл жерден шығайық. Не тапқанын ертең өзі жеткізер, — деп үйден шығады. Ертесіне бүкіл ауыл Мәтжанның не тапқанын білуге бала-шағасымен жиналады. Бәрі жайғасып отырып алғаннан кейін Матвеевич жаймен сөз бастады:

— Жеріңіз — от, шөбіңіз — шүйгін, суларыңыз бал екен. Егіске де қолайлы алқап бар. Алысқа бармай-ақ, ауылдың қасынан бөгет салуға болады. Жазық жерлерге су толтырып жерді әбден қандырып алса, шабындық шөптің өнімділігі он есеге артады. Бірақ осының бәрін орындау үшін, мамандар мен құрал-саймандар қажет. Бөгет пен егіс салуға, ағаш, бақша отырғызуға тұқым мен арнайы құралдар керек болады. Сондықтан мен елге барып керек мамандар мен құрал-саймандарды осында алып келуім қажет, — деп жолға шығады. 1931 жылдың көктемінде Байғаниннен қасына жиырма адам ілестіріп, Мәтжан елге оралады. Уақыт оздырмай, ауыл адамдарымен бірлесіп, қызу жұмысқа кіріседі. Ауылдың білекті қарулы жігіттері жұмысты опырып жасайды. Біреулері егіске соқа салуға көмектессе, біреулері жалғыз дөңгелекті қоларбамен бөгетке саз тасыды. Артық су ағып кетуге арналған туннельге тас қалауға жәрдемдесті. Елден Бұзаубақ сияқты азаматтар келген мамандардан тары егудің, бақша салудың қыр-сырын толық меңгеруге шын ниетімен кірісті. Айжазық алқабына алғаш рет ақ тары егілді. Айналдырған үш айдан астам уақыттың ішінде шлюзді бөгет те салынды, ақ тары да егіліп-орылды, бақша да салынып-жиналды. Шөптің өнімділігінде сөз жоқ, елді қарық қылды. Осылайша Қаратөбе жерінде тұңғыш болып қазіргі Үшағаш елінде бөгет салынған болатын. Ауыл адамдары Мәтжанды қасындағы жолдастарымен бірге зор құрметпен шығарып салады.

Матвеевич салдырған бөгет қазірдің өзінде әлі бар, оны ауыл адамдары «Кәрі бөгет» деп атап кеткен. Бөгет маңына отырғызылған талдарды «Мәтжан ағаш» атап кетсе, кейін ол атау ұмытылып «Көптал» деп аталатын болған. Кейінгі сұрапыл соғыс жылдарының өзінде Айжазықта егілген ақ тары бүкіл Қаратөбе өңіріне таратылып отырған.

 Уақыт көрген түстей зымырап өтеді. Бірі есте қалса, бірі мүлде ұмытылады. Бірақ топырақ пен су, жүйткіп соққан жел, қозғалмайтын қара тас бәрін ұмытпайды. Таңғы сағымға көз жеткізіп қарасаң, өткен кездің оқиғасы тізіліп тұр. Керегін сұрасаң, айнытпай көрсетеді. Тек жаның таза, пейілің түзу болсын…

Матвеевич қазақтардың дәстүрі мен салтын аса құрметтеп, өзі мұсылман дінін қабылдаған. Соңғы өсиетінде: — Мені мұсыл-манша жерлеп, қазақ дәстүрінде шығарып салыңдар. Бұл жер мені бесігіне тербеп жатсын. Менің қазақ еліне айтар алғысым шексіз. Жатсынбай құшағына алды. Адам деп алақанына салды. Ер деп төріне шығарды. Еңбегім жанып, даңқым шықты. Бетімнен қаққан жоқ, етегімнен тартқан жоқ. Кіршіксіз аққудай мөлдір махаббатым болды. Мың алғыс елге, жерге, қазақ халқына, — деп көзін жұмыпты. Ұлдары Евгений, Юрий, қыздары Зейнеп, Рахила, Райса, Тамара, күйеу баласы Тәжібай Оймауыт ауылындағы Табын руының Тасқабақ қорымына мұсылманша арулап қойыпты. Қиын кезде қасымыздан табылған ардақты адал қарияның рухына біз де, кейінгі ұрпақ алғыс айтамыз. Өткенді ұмытпайық. Жақсының салған ізі мәңгі өшпесін…

Мәулен АМАНШАҰЛЫ,

Қаратөбе ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар