Лауазымдық қызметке бірден тағайындамайды

Күні , 141 рет оқылды

IMG_3199


Кеше «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мирболат Нұртазин мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Біржан Хайруллин баспасөз мәслихатын өткізді.


Мирболат Сүйеуұлының пайымдауынша, қазір өңірімізде Елбасымыз Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші қадамын жүзеге асыру жолында өрелі істер атқарылуда. Аталмыш қадамның нақты мақсаты – бүгінгі  заманның барлық талаптарына сай кәсіптік мемлекет құру. Соны жеделдету үшін Елбасының өткен жылдың желтоқсанындағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылып, аумақтық департаменттер оның құрамына енді. Аталмыш құзырлы құрылымның міндеті – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу-ды реттеушілік, іске асыру және бақылау. Ал екінші басқарманың жұмысы да сонымен сабақтас. Олар бірін-бірі қайталамайды, керісінше өзара ынтымақтасып әрекет етеді. Мәселен, екінші басқарманың құзырындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, осы кеселге қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану машығының жәй-күйіне және тағы басқасы жөніндегі қызметі. Оның дереккөздері құқықтық статистика, жеке, заңды тұлғалардың өтініштері, арыз-шағымдары және заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болып табылады.

Енді мемлекеттік қызметке кадр дайындау жайына келсек, кез келген азамат бірден жоғары лауазымды қызметке тағайын-далмайды. Кәсіби және мансаптық өсу тек ең төменгі лауазымнан басталады. Ол лауазым кез келген мемлекеттік мекемедегі аға немесе жетекші маман болуы керек. Мемлекеттік және соған теңестірілген қызметкер ішкі конкурс арқылы сатылап өсіп, белгілі бір мансапқа қол жеткізеді. Ал кадр резерві бойынша өсуге рұқсат жоқ. Бұрынғы тәртіптік кеңестің орнына енді Әдеп жөніндегі кеңес келді. Олай болса, жұмыс ауқымы кеңейгенімен, істегі нақтылықтың түбінде оң нәтижесін береріне сенім мол.

— Біз үшін жауапкершілігі көп жұмыс жаңа ғана басталды. Демек, әзірге белгілі бір нәтиже туралы ауыз толтырып айтуға әлі ертерек, — деп сөзін аяқтады Мирболат Нұртазин.

Жас басшы Біржан Марданұлының айтқанынан ұққанымыз, өзі басқарып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы жұмысының бір бағыты – мониторинг жасау. Егер ахуал күдік тудырса, басқарма белгілі бір мемлекеттік құрылымның сыртынан талдау жүргізбек. Сондай-ақ кез келген мемлекеттік мекеме сыбайлас жемқорлыққа қатысты ішкі тал-дау жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жөнінде келесі айдың оныншы күніне дейін есеп беруі керек. Кез келген мекеменің сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзіндік стратегиясы болуы қажет. Тіпті кез келген кәсіпкер мен ұжым да жоғарыда аталған қоғамдық індетке қарсы іс-шарасын жасаса, мейлінше тиімді. Жаңа жағдайға орай енді парақорлық тек ақша алу немесе берумен шектелмейді. Қызмет бабын асыра пайдалану мен оған  олақ қарау да соның қатарына жатқызылмақ. Мәслихат соңынан лауазым иелеріне сұрақтар қойылды.

Серпін САЯҚ

С. ИХСАНҒАЛИ,

облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі:

— Ел арасында «Мемлекеттік қызметке қабылдауда жасы қырыққа жетпегендерге басымдық беріледі-мыс» деген сөз бар. Осыған не айтар едіңіз? Екінші сауалым: — Өңірде мемлекеттік қызметкерді даярлайтын және қайта даярлайтын оқу орны бар. Соның жұмысы жөнінде не айтар едіңіз?

М. НҰРТАЗИН,

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің басшысы:

— Қазақстан Республикасының кез келген азаматы мемлекеттік қызметке орналасуға толық құқылы. Сондықтан оған белгілі бір жасқа байланысты шек қойылмайды, қойылуы да мүмкін емес. Үміткер үш сатылы сынақтан өтеді. Олар: екі рет тест тапсыру және жеке қабылдау. Кез келген  мәселе туындай қалса, оны конкурстық комиссия шешеді. Ал үміткерге қасақана кедергі жасалса, оның жоғарыға шағымдануға мүмкіндігі бар.

Ал екінші сауалыңызға орай айтарым, иә, ондай оқу орны бар. Ол облыс әкімдігі жанынан құрылған және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отыр. Әрі аталмыш оқу орны ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен тығыз байланыста. Бұл орталықта білім дәрежесі биік және білікті мамандар еңбек етеді. Сондықтан орталықтың жұмысына оң баға беремін.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика