Оң өзгерістері көп аудан

Күні , 84 рет оқылды

IMG_4444


Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі Н. Ноғаевтың қатысуымен Бөрлі ауданы әкімі М. Түсіпқалиевтің тұрғындарға қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге облыс басшысының орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар, облыстағы түрлі департаменттер мен басқарма басшылары қатысты.


Аудан әкімі 2015 жылды қорытындылап, ағымдағы жылы атқарылатын міндеттерді атап өтті. Өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы баяндады. Аудандағы өндірістік мекемелер 1053,6 млрд. теңгенің өнімін өндірген болса, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 12 пайызға артып, 3 млрд. теңгені құрап отыр. Мал басы 3 пайызға көбейіп, 5 тұтынушылар кооперативі құрылды.  Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 7216,9 млн. теңге салық түсіп, бұл 2014 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4886,9 млн. теңгеге көп. Өткен жылы 860 жұмыс орны ашылған.  Үнемі бақылауда тұратын мәселелердің бірі – жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі. Аудан әкімі айтып өткендей, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны  2015 жылы шартты ақшалай көмек көрсету бойынша  «Өрлеу» пилоттық жобасының енгізілуіне байланысты азайған. Бүгінгі күні пилоттық жобаға 16 отбасы қатысып отыр, онда 64 адам бар. «Өрлеудің»  барлық қатысушылары – ауыл тұрғындары. Шартты ақшалай көмектің қаржысына мал, құс сатып алынған. 2015 жылы жұмыспен қамту мәселесі бойынша 2193 адам жолығып, олардың 1232-сі  жұмыспен қамтылды. Бұл  барлық жолыққан азаматтардың  56 пайызын құрайды.  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына 417 адам қатысқан. Оның ішінде 13 адам өзінің жеке ісін дамыту үшін несие алса, 128 адам «Жастар тәжірибесіне» қатысқан, ал 67 адам әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс жасап, 209 адамға кеңес берілген.  Жалпы, ауданда барлық сала бойынша оң өзгерістер байқалады. Аудан бойынша ҰБТ-ның  орташа балы 89,23 құрап, облыстық көрсеткіштен 8,66 балл жоғары болған. Орташаландырылған пайызбен орташа балды есептеп қарағанда, ҰБТ-ға қатысу аудан бойынша 99,27 балл болып отыр.

Ал бұл – облыс  бойынша өте жақсы көрсеткіш. Үш мектеп облыстағы үздік мектептердің қатарына енді. Өткен жылы аз қамтылған  отбасыларынан шыққан балалар мен 1-4-сыныптың оқушыларына аудан бюджеті есебінен тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды.  Ыстық тамақпен қамту 39,4%-ды құрады. Биыл 1-11-сынып оқушыларына тегін тамақ ұйымдастыруға жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінген, ыстық тамақпен қамту 100%-ды құрайтын болады. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың орташа көрсеткіші  98,2 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта балабақшаға кезекте тұрғандардың саны – 2100.   Өткен жылы ауданда бір мыңнан астам мәдени-көпшілік шаралар оздырылды. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген қаражат есебінен аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Жолдама бойынша жас мамандар келді. Ақсай қаласында азаматтардың барлық деңгейі-не арналған 144 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Сондайақ Березов ауылының тұрғындарына 80 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Жолдар жөнделіп, қала көшелері жолдарының төсемдерін тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша дамудың оң динамикасы байқалады. Ағымдағы жылы да ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Олардың қатарында Аралтал ауылында 300 орындық мектеп салу, Бөрлі ауылында 140 балаға арналған балабақша құрылысын аяқтау, Ақсай қаласында 240 және 320 орындық екі балабақша құрылысы, аудан орталығы мен Бөрлі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, қаланың бірнеше көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу секілді жұмыстар бар болса, тағы да басқа мәселелер 2016 жылы шешімін таппақ.

Кездесуде сөз сөйлеу үшін ауданның құрметті азаматтары Бақытгүл Оқаева мен Мұхамбетқали Ақтауов жазылды. Бұл екі тұрғын да аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді. Мұхамбетқали Қуанышұлы өз бағасымен қатар, ауданда маңызды мәселе саналатын сапасыз жол мәселесін қозғады. Ол өткен жылы Ақсай-Бөрлі автожолының 14 шақырымы күрделі жөндеу жүргізуге жатқызылғанын, ал қалған бөліктері қаражат бөлінісімен қалыпқа келтірілетіні жөнінде уәде берілгенін еске салды. Сондықтан да тап осы мәселе облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың назарынан тыс қалмаса екен деген тілегін айтты.  Сонымен қатар Бөрлі-Подстепное-Елек бағытындағы жолдың сапасы да сын көтермейтінін атап өтті. Бұл жол бойында Бөрліден Облавка ауылына дейінгі аралықтағы 13 шақырым бөлігі жөндеуді қажет ететінін, ал бұл мәселе соңғы 5-6 жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқанын айтты.  Нұрлан Асқарұлы аталмыш мәселе бойынша облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиевтің жауап беруін сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, жоғарыда аталған жолды қайта жөндеу мәселесі «Қаз АвтоЖол» ҰК» АҚ-мен жаңадан қозғалып жатыр. Жобалау-сметалық құжаттамасы да жоқ. Сондықтан да бұл жол жақын арада жөнделеді деу ертерек. Ал егер де жолды жөндеу жұмыстары қолға алынатын болса, ол дәл осы Бөрлі-Облавка бөлігінен бастау алмақ.

Ақсулық зейнеткер электр қуатының жиі сөніп қалатынын, кейде 3-4 күн бойы жарықсыз отыратындарын жеткізді. Бұл мәселе бойынша  «ЗапКазРЭК» АҚ басшысы Қуат Мусин жауап берді. «Бөрлі ауданының электр желілері өте тозған. Сондықтан да біз 2016 жылы түрлі кернеудегі 160 шақырым желіні күрделі жөндеу керек деген шешімге келдік. Соның ішінде айтылып өткеніндей, Александров ауылында шағын станса бар. Сонымен қатар Ақсу мен Ақбұлақ ауылдарындағы жоғары кернеулі желілер де жөнделмек», – деді Қуат Наурызұлы. Кездесу барысында алғашқы лекпен Ақсайға қоныс аударған Бестау мен Березов ауылдарының тұрғындары облыс пен аудан басшыларына баспанамен қамтып, жағдай жасағандары  үшін  алғыстарын  білдірді.

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бөрліліктерге дағдарыс деп дүрлігудің, байбалам салудың қажеті жоқ екенін айтты. «Бұл уақыт жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін бірігіп, еңбек ететін кезең» деп атап өтті. Мемлекет басшысының дұрыс саясатының арқасында өзіміздің жоспарымызды жүзеге асыратын мүмкіндіктеріміз зор. «Бізді Бөрлі ауданының оң үрдіспен дамуы қуантып отыр. Оған қоса бұл аудан – алдыңғы  қатарлы аудандардың бірі. Әрине, барлық жоспарды жүзеге асыру үшін қаражат әрдайым жете бермейді, алайда біз тырысамыз», – деді Нұрлан Асқарұлы. Өңір басшысы өз сөзінде ауданда саяси сауатты және қоғамдық белсенді азаматтар тұрып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бөрліліктерді ақпан айының соңында өтетін облыс әкімінің есеп беру кездесуіне  қатысуға  шақырды.

Ясипа  РАБАЕВА,

Айнагүл САҚБОСЫНОВА,

Бөрлі ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика