23.01.2016, 6:05
Қараулар: 5
«Қолдан келгенше көмектесеміз»

«Қолдан келгенше көмектесеміз»

SAM_3393


Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғыны Жаңылхан Байғалиева – кәсіби етікші. Кеңестік заманда етікшілікке оқыған ол Оралдағы «Бытобувь» фабрикасында, кейін ауылдағы тұрмыстық қамту комбинатында еңбек етіп, өз ісінің шебері ретінде танылды. Өткен ғасырдың соңындағы өтпелі кезең, өліара шақта халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері «марқұм» болғаны мәлім. Ақжайық ауылындағы әлгіндей нысан да «құрбандыққа» шалынып, кете барды. Етікші ана бала-шағаны асырау үшін отағасы Қуат екеуі ауылдастарының жыртылған, табаны түскен етік-бәтеңкелерін там-тұмдап жөндей бастайды. Әрине, жұмыс қарқыны мен сапасын арттыратын құрал-жабдықтың жетіспеуі еңбек өнімділігіне қол байлау болғандығы жасырын емес. Сөйте тұра осы кәсібінің арқасында отағасы екеуі үш баланы өсіріп, оқытып-тоқытты.


— Кәсіпкерлігімді дамыту үшін 2010 жылдан бастап қам-қарекет жасап келемін. 2011 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына да қатысушы болып, бақ сынадым. Аудандағылар «Құжаттарыңыз дұрыс» дегесін, Оралға келгенімде, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағы комиссия «Бір құжатыңызды түзетіңіз» деп кері қайтарды. Осылай жолым болмады. Содан кейін 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде грант беріледі дегенді естіген қайтпас қайсар апамыз тағы да бағын сынайды. Әуелі «Даму» кәсіп-керлікті дамыту қоры филиалы жанынан кәсіпкерлік курсында оқып, сертификат алды. Қор мамандарының тегін көмегімен бизнес-жобасын жасақтап, айлап жүріп құжатын жинады. Бірақ бағдарламаның үйлестірушісі – облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жасақтаған конкурстық комиссиясының іріктеуінен өте алмады. Жолы болмаған Жаңылхан апа бірде кәсіпкерлердің басын қосқан жиында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Зинатбану Мусинаның назарын аударып, қайтарымсыз грантқа қолы жетпей жүргеніне шағынады. Ол кісі өзіне қабылдауға шақырып, ақыл-кеңесін береді.

— 2014 жылы комиссиядағылар «Бұрын қатысып, өтпей қалғансыз, сізге болмайды» деп өтінішімді қа-былдаудан бас тартты. «Нұр Отан» партиясының қабылдауына екі мәрте барып, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің араласуымен конкурстық комиссия құжаттарымды, жобамды қабылдады. Жобама 1 млн. 600 мың теңге керек деп көрсеттім. Бірақ… 2015 жылы 15 маусымда небары 800 мың теңге грантқа қолым жетті. Комиссиядағылар қайта-қайта келе берді деді ме, несін жасырайын, жақтырыңқырамады. Етік жөндеу, етік тігу дегеніңіз қазақтың бұрыннан келе жатқан өнері емес пе? Бұған осқырына қарап, елемейтіндей не көрінді? Комиссия құрамында қазақтың қанындағы өнерді дамытуға енжар қарамайтұғын ұлтжанды азаматтардың жоқ болғаны ма деп те түңілдім. Өйткені қараңыз, фитнес-орталық, спорт зал ашуға грант беріліп жатыр емес пе? Инновацияны ешкім де аспаннан алмайды, бүгінде «велосипед ойлап табудың» қажет еместігі айтылып та жүрген жоқ па? Әйтеуір не керек, комиссиядағылар талапқа сай емес деп, әдетте беретін 3 млн. теңге түгілі, 1 млн. 600 мың теңгені де қимады. Бірақ осының өзіне анда-мұнда шапқылап, қолым әрең жеткен соң, шүкір деймін. Қаржыға қол жеткіземін деп шапқылап жүргенімде, зейнет жасына да жетіппін, — деді ол.

Былтыр Жаңылхан апа үйінің онсыз да тар ауласынан шағын шеберхана салып алды. Үш ай бойы біресе Атырауға, біресе Ресейдің Самара қаласына барып, несиелік қаржысына тігін машинасын, тығыздағыш құрал, етік тігуге қажетті былғары және өзге де қажетті жабдық, құрал-саймандарын сатып алды. Сөйте тұра ол бүгіндері «Етік тігумен емес, от жағып, күл шығарумен ерте күнді кеш қылудамын» деп өкпелі.

— Кәсіпкерлікті жаңадан бастаған адамға 800 мың теңге не тәйірі, бүркуге келмеді. Жабдық сатып алғаныммен, цехқа газ жүргізуге қаржым жоқ, — дейді ол. Енді етікші «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңге несие алу үшін «Дамудың» қолдауымен банк жағалаған.

– Аудандық кәсіпкерлер палатасының мамандарының қоңырау шалуымен «Қазақстанның халық банкі» филиалына Оралға бардым. Ондағылар «Етік цехы тұрғын үйден бөлек, оқшау тұру керек», — деді. «Еуразиялық банктегілер» де қолдамады. «Сбербанк», «БанкЦентрКредит» «Зейнеткерсің» деп маңайына жолатар емес. Зейнеткер адам жұмыс істемей ме? Алда-жалда бірдеңе болса, артымда ұлдарым бар емес пе? Өнерімді өзім-мен бірге ана дүниеге ала кетпей, қасыма шәкірт алып, етік тігуді үйретсем деймін. Әр банкке барған сайын қайта-қайта құжат жинап, шаршадым. Елбасымыз «Кәсіпкерлерді қолдаңдар» деуден талмайды. Менің жүрісім мынау… — деп таусыла сөйледі кәсіпкер.

Елбасының ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін кәсіпкерлікті дамыту, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма беріп, міндет-мұраттарды айқындағаны белгілі. Қазіргі дағдарыстың қиыншылықтарына, бюджеттің тапшылығына қарамастан, кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Осындай оймен «Кәсібімді қалай өрістетемін?» деп жаны жай таппай жүрген етікші-кәсіпкердің ахуалынан хабардар ма екен деп Теректі ауданының әкімі Жеңіс Серікқалиевке хабарластық.

— Жаңылхан апа өңір басшысының қабылдауында болды. Несие аларда бизнес-жоба сұралады. Соған орай ол кісіден шеберханаға қажетті құрал-жабдықтарды қайдан алатынын сұрап едік, жөнді ештеңе айта алмады. 2013 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша несие алуға кепілзатының бағасы 1 млн. 600 мың теңгені құрап, соған сәйкес 800 мың теңге несие берілетін болды. Бірақ апай одан бас тартты. Қайтарымсыз грант алуға қажетті құжаттарын мына жақтан жасатып, сұратқан мекемелерге жіберіп отырдық. Кәсіпкердің оны білмеуі мүмкін. Бірақ газ тартуға бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Банктер шеберхана нысанының баспанадан бөлек болуын және құжатын талап етеді. Алдағы уақытта мәселені шешу үшін қолдан келер көмегімізді береміз, — деді Жеңіс Серікқалиұлы.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Теректі ауданы

 

Жандос НЫҒМЕТОВ,

Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

— Кәсіпкер Жаңылхан Байғалиеваның «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік көмек-қолдауға ілікпеуіне құжаттарын мерзімінен кешіктіргені себеп болды. Одан кейін ол қайтарымсыз грант алды. Енді газ өткізуге мемлекеттік бағдарламаның көмегін алу үшін шеберхананың техникалық құжаттарын жасатуы керек. Құжатсыз ешбір банк несие бермейді.

 

Нұрбек АЙТБАЕВ,

Кәсіпкерлер палатасының Теректі аудандық филиалының директоры:

— «Расул» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жаңылхан Байғалиеваға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті бастауға «Даму» қоры несиелік қаражатының 85 пайызына кепілдік береді. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан көмек-қолдау көрсетілуде. Екінші деңгейдегі банктерге хабарласып білгенімізде, ол кісінің шеберхана нысанының жобалық-сметалық құжаты жоқ екені белгілі болды. Сондықтан кәсіпкер Теректі аудандық жер қатынастары бөліміне барып, тиісті құжаттарды жасатуы керек.

 

Миржан САТҚАНОВ,

облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасының басшысы:

— Кәсіпкер Жаңылхан Байғалиеваның жобасы басында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының үйлестірушісі – облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жасақтаған конкурстық комиссиясының іріктеуінен өте алмады. Бұл комиссияның құрамында жобаны таңдап, дауыс беретіндер – қоғамдық ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың, яғни кәсіпкерлік өкілдері. Ал мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері комиссия құрамына кірмейді. Етік шеберханасына жабдық алу жобасына 3 млн. теңге көлемінде грант бөлу талабынан шықпайтыны кәсіпкер Байғалиеваға түсіндірілді. Дегенмен кейін ол 800 мың теңге грант алды. Бұл да аз ақша емес, оған кәсіпкер құрал-жабдығын алды. Жалпы мемлекеттік бағдарламада оған қатысушылардың жасына шек қойылмаған.