14.01.2016, 6:11
Қараулар: 293
Елес боп қалды-ау тау тұлға

Елес боп қалды-ау тау тұлға

лповрра52452


Бүкіл түркі әлемін аузына қаратқан сөз зергері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев хақында

О, жалған дүние! Төбемнен жай түскендей есеңгіретіп жіберген бұл хабарды естігеніме де 40 күндей болып қалыпты-ау. …Желтоқсанның 11-і. Әдеттегідей ертеңгілік шайымды ішіп, жайбарақат отырғанмын. Қалта телефоным безек қаға бастады. Қадыр ағаға байланысты әлдебір шаралар ұйымдастыруға  орай Қызылордада жүрген Донеділ екен. Аз-кем аман-саулық сұрасқан соң «Әбіш досыңызбен хабарласқан жоқсыз ба?» деп сұрады. «Жоқ, бірақ кеше ғана «Қазақстан» телеарнасынан берілген «Келбет» бағдарламасынан көргенмін. Оның алдында Мұхтар Алтынбаевты 70 жасымен құттықтап тұрған. Соған қарағанда аман болса керек», — дей салдым. Бірақ бірдеңені айта алмай тұрғанын сезгендей болдым да, «Шамасы Қадекеңе байланысты ұйымдастырып жүрген шаралары туралы ақылдасқысы келген шығар» деп ойладым.


Іле-шала бүгінде Астанада тұратын Ағелеуов Құсайын досым телефон шалды.

«Әбіш ағамыздан айырылып қалдық қой…». Арғы жағы еміс-еміс. Басым айналып, көзім бұлдырап кетті. Донеділдің айта ал-май тұрғаны осы екен ғой… Ойым онға, санам санға кетіп, не болғанын білмей, сол күні кешке дейін есеңгіреп жүрдім.

Ертеңіне «Егемен Қазақстан» газетінде еске алулар да, көңіл айтулар да, тіпті сайт сөздері де көп жарияланды. Бірақ 60 жылдан астам уақыт бойы риясыз сыйласып келген аса қадірлі құрдасымның қалай қайтыс болғаны туралы еш дерек таба алмай қойдым. Бұл жай мені одан сайын ойландыра түсті.

Бірақ тірі адам тіршілігін жасайды ғой, қолыма қалам алуға тура келді. Өйткені мен онымен 5 жыл университетте тайдай тебісіп, бірге оқығаным өз алдына, одан кейінгі жылдары да ара-тұра хабарласып, кейде тіпті екеуара сыр алысып та жүрдік. Бұл ретте мен осыдан 6 жыл бұрын оның  70 жасқа толған мерейтойын кіндік қаны тамған Маңғыстау жерінде және бес жыл білім алған Қазақ мемлекеттік университетінде атап өту рәсімдеріне де қатысқандығымды өзіме үлкен мерей санаймын. Сондықтан жадымды жаңғырта отырып, сол бір қимас күндерімізді еске алуды ұйғардым.

Әрине, мен Ақтауда және университетте өткізілген рәсімдерден алған ұмытылмас әсерлерім туралы біршама қамтып жазғаным бар. Онда Әбекеңнің тума таланты университет қабырғасында жүрген кезінен-ақ айқын аңғарылып, қатарластарының көшбасшысы бола білгендігі туралы да, қоғамдық қандай құбылысты да өзінше қабылдап, өзінше бағалай білетін байқампаздығы мен кімнің алдында да, қандай аудиторияда да сөз маржанын тізбелей алатын суреткерлігі хақында да айтылған еді. Ақырында ол өз қатарластарынан ғана емес, университетте дәріс берген ұстаздарынан да асып кетті. Осыған орай менің ойыма қаламгердің 60 жылдығы тұсында бізге әдебиет теориясы пәні бойынша дәріс берген ұстазымыз, айтулы сөз зергері, академик Зейнолла Қабдолов марқұмның «Ұстаздан шәкірт озды деген осы, Әбіш бүгінде ғұлама, оның шығар-малары түпсіз шыңырау… Қазіргі қазақ әдебиетінің тең жарты жүгін Мұхтар Әуезов, жарты жүгін Әбіш Кекілбаев көтерді десек, қалғанымызға не қалды? Мұхтар мен Әбіш бір-бір ширек жүгін, қалған жартысын қалғанымыз көтеріп келеміз», — деген сөздері орала береді.

Міне, содан бері де 16 жыл өткен екен. Осы мерзім ішінде әдебиет жүгінің тағы бір парасы Әбекеңнің иығына түскені сөзсіз. Демек, Әбекеңнің әдебиет әлеміндегі абырой-атақтары ХХ ғасырдың ғұламасы атанған Мұхаңнан да асып барады десек, артық айтқандық емес сияқты. Мұны оның әдеби көркем шығар-маларын айтпағанда, соңғы жылдары әдебиет алыптары жөнінде жазған эсселері мен естеліктерінен де, ел тәуелсіздігі мен ұлт тағдыры төңірегіндегі толғаныстарынан да айқын аңғаруға болады.

Сырттай қарағанда, Әбекең әуел бастан-ақ осылайша «көйлекпен» туғандай болып көрінетін шығар. Ал біз оның қатарлас құрбылары, студент кезімізде «бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеп», сыйлас та сырлас болған құрдастары, Әбекеңнің өмір жолы тақтайдай тегіс болмағандығын жақсы білеміз.  Әкесі Кекілбай Қоқымұлы бұл үш жасқа да толмай жатып, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Ленинград майданында қаза тапқан. Ол туралы өзі:

«Қай жерде өлім сенен өшін алды,

Қай жерде өміріңнің көші қалды?

Кекілі желкілдеген жалғызыңды,

Қай жерде ақырғы рет есіңе алдың?» — деп толғанады. Ал анасы туралы «Анам Айсәуле 98-ге қараған шағында дүние салды. Ащыны да, тұщыны да молынан татты. Төркіндері дәулетті, абыройлы кісілер болыпты. Жас келін болып түскенде, топалаң басталған. 34 жасында жесір қалды. Күйеуінің орнына шахтаға түсіп, 4 баласын асырады. Мен азамат болғанға дейін еңбектен қол үзген жоқ» деп жазғаны бар.

Міне, осылайша жас кезінен-ақ тағдыр тауқыметін тартуға тура келген бала Әбіштің қиялға беріліп, ойшыл болып өсуі, бір жағынан, заңды құбылыс сияқты да көрінеді. Әрине, бұл сол тұстағы жас ұрпақтың көбіне тән қасірет. Бірақ оның ойлау қабілеті тез жетіліп, тума таланты басқа қатарласта-рынан бұрын танылғандығын атап айтқан ләзім. Бұған оның бойына ана сүтімен дарыған қасиеттеріне қоса туып-өскен өлкесінің табиғи ерекшеліктері де айтарлықтай ықпал еткен тәрізді. «Мен бала болып ойын қуып кеткен емеспін, — дейтін ол студенттік кезінде сол бір бұғанасы қатпаған балғын шағын еске түсіре отырып. – Басқа балалар асық ойнап, доп қуып жүрген кездері мен бір биіктеу төмпешіктің басына шығып алып, «Осы асық ойнағаннан не шығады, доп қуғаннан қандай пайда?» деген сияқты ойға беріліп, көкжиекпен астасқан қырат-белдерді көзбен шолып, ұзақ отырушы едім. Бірқатар  кемпір-сампырдың «Кекілбай марқұмның соңында қалған жалғыз тұяғы қияли болып кетпесе жарар еді» деп өзара сыбырласа сөйлесіп отырғанын да құлағым шалып қалатын. Бірақ өзімнің есім дұрыс екені өзіме аян, ондай әңгімелерге мән бермеуші едім».

Мүмкін ол сонда болашақта өзін қандай өмір шырғалаңдары күтіп тұрғанын да көз алдына елестетіп отырған шығар-ау.

Ол жоғары сыныптарда оқыған жылдары Маңғыстау өңіріне мұнай көздерін барлайтын маман геологтар көптеп келе бастаған екен. Жазғы демалыс айларында соларға ілесе жүріп, болашақта геоглог болсам-ау деп те армандаған кездері аз болма-ған сыңайлы. Мектеп бітірген бойда құжаттарын алдымен Алматы политехникалық институтына тапсыруы сондықтан. Бірақ онда құжат қабылдау аяқталып қалғандықтан, университеттің филология факультетіне келген ғой. Екеуміздің алғашқы таныстығымыз сол күннен, яғни 1957 жылғы 27 шілдеде қабылдау комиссиясына құжат тапсыру сәтінен басталған еді. Бұл жөнінде Әбекең өз естеліктерінде де жазған болатын. Әбекең өзінің қайталанбас таланты таныла бастаған жастық шағында кеңестік кезеңнің әр сөзіңнен саяси астар табуға тырысқан тоталитарлық тәртіптің да шырмауына түсіп көрді. Қаламгерлік еңбекті қоғамдық жұмыспен ұштастыра жүріп, тауқыметі көп әлеуметтік өмірдің талай шиеленісті додаларынан әдебиет әлеміне үзеңгілес келген  әріптестерін де аман алып шығуға күш салды. Бұған оның университетте бір топта оқыған курстасымыз Оразбек Сәрсенбаевтың «1961 жыл» деп аталған поэмасы төңірегінде болған айтулы дау-дамайлар кезінде айтқан ұтымды ойлары мен тұшымды тұжырымдары да толық дәлел бола алады. Бұл мәселе партияның орталық комитетінде де кеңінен талқыланғаны белгілі.

Ал Кеңес Одағының соңғы кезеңінде ұлттық сананың жаңа сапалық сатыға көтерілу үдерісі мейлінше өрістеп, ол туралы пі-кірталас бұрын-соңды болмаған сипат алған тұста және еліміз егемендік алып, еңсемізді көтере бастаған  кездегі қоғамдық, саяси-әлеуметтік саладағы қызметтері мүлде өлшеусіз. Оның осындай алмағайып кезеңдерде халықтың рухын көтеретін мәнерлі де мазмұнды, зерлі де зерделі сөздерін әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымыздың қай-қайсысы да айрықша зейін қойып тыңдағаны ақиқат.

Иә, біз оны 1-курсқа қабылданып, жаңадан таныса бастаған кезде жәй ғана «Әбіш» дей салушы едік. 2-курсқа келгенде, біліктілігіне қоса зеректігін аңғарып, «Әбеке» дей бастадық. 3, 4-курстарда оқыған жылдары оны біз ғана емес, университетті бізден бұрын бітіріп шыққан ақын-жазушылар да «Әбеке» деп отыратын болды. Ал соңғы курсқа жеткен кезде әдебиеттің сол тұстағы «азулыларының» да «Әбеке» деп амандасып жатқанын талай рет көргеніміз бар.

Өйткені бұл кезде ол бүкіл әлем әдебиетімен сусындағанының арқасында әлдебір «мықтылармен» пікірталасқа түсе қалса, логикалық және философиялық жағынан жан-жақты негізделген дәйекті деректерімен де, небір шұрайлы сөздерімен де қар-сыласын он орап алатындай әсер қалдыратын.

Міне, осындай өмір соқпақтарынан өткен Әбекеңнің ғұлама ойшыл, кемеңгер қаламгер, қажымас қайраткер атанғанына таңдана алмайсың. Оның, әсіресе, соңғы ширек ғасыр бойына атқарып келген жоғары лауазым-ды қызметтері дүниенің төрт бұрышын түгел кезіп, басқа халықтардың да тағдыр-талайын бір-бірімен салыстыра қарауға мүмкіндік бергендігін айтпай кетуге болмайды. Бұл ретті оның өзі былай деп жазғаны бар.

«Ес біліп, етек жапқалы туған жерімнің сырын түсінемін деп жүріп, күллі дүниенің сырына, оның тарихын білемін деп жүріп, күллі адамзаттың тарихына құштар болдым. Дүниенің қай бұрышына барсам да, туған жерімнің бір пұшпағы алдымнан шыға келгендей болады…».

Шынында да, Әбекең бармаған ел, баспаған жер қалмаған тәрізді. Ара-тұра Оралға да соғып тұратын еді. Осы орайда менің ойыма біздің қаламызға алғаш келген кезі орала береді.

Бұл 1964 жылғы қаңтар айы болатын. Сол күндері алай-дүлей боран болып, қаладан шығу мүмкіндігі болмады. Сосын ақын Жанғали Нәбиуллин (оның қайтыс болғанына да 3-4 ай болып қалды) екеуміз оған қаланың тарихи орындарын аралаттық. Ол, әсіресе, ескі ғимараттардың салыну тарихын сұрастырыңқырап, мұражай экспонаттарын ерекше ықыласпен тамашалады. Не көрсе де, нені қызықтаса да, соны өзінің Маңғыстауы мен Таушығының әлдебірдеңелерімен салыстыра қарап, өзінше ой түйіп жүретіндігін біз сол жолы-ақ аңғарғандай едік.

Әбекеңмен содан кейін де талай жүздесіп жүрдік қой. Бірақ осы сапарындағыдай еркін пікірлесудің реті келген жоқ. Бір реті келгенде одан болашақ жоспарлары туралы да сұрағаным бар. «Мен таза шығармашылыққа 10 жыл жұмыс істеп, «қақпай-соқпаймен» қаржы жинап алған соң отырамын», — деген еді сонда ол. Сосын мен оның «қақпай-соқпайының» сырын сұрадым. Сөйтсем, ол университет бітіргеннен кейінгі бір жарым жыл ішінде Мопассанның «Өмір» және «Пьер мен Жан» романдарын аударып, Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» қазақшалауға үлес қосқан екен. «…Осы үшеуінен алған қаламақым – мынау» , — деп ол студенттік кезіндегі жинақ кассасының кітапшасын ашып көрсетті. Бірақ ол шығармашылықпен ғана айна-лысып 10 жыл емес, 30 жылдан кейін де отыра алмады. Оны отырғызбаған өз жағдайы емес, ел болашағы мен жоғарыда айтылғандай, әдебиет әлеміне қанаттаса келген қаламдастарының қамы болатын. Себебі ол тұста жаңадан көрінген ақын-жа-зушылардың кітаптарын жылдық жоспарға енгізу үшін де талай адамның алдына барып, талай табалдырықты тоздыруға тура келетін.

Шынымды айтсам, мен алғашқыда бұл жолы Әбіш құрдасымның тек Оралда болған күндері туралы ғана жазуды жоспарлаған едім. Бірақ қолыма қалам ұстап, жазу үстеліне отырғаннан кейін бір ойды бір ой қуалап, Әбіш әлеміне бір кіріп кеткеннен кейін оның түпсіз терең «шыңырауынан» малтып шыға алмай отырғанымды да жасыра алмаймын.

«Жаман шынымды айтамын деп отырып, сырын айтады» дегендей, мен тағы бір шындықты айтар болсам, бұрынырақта әлдебіреулердің «Ой, сіз Әбіш, Оразбек, Мұхтар, Сайын сынды атақты-жазушылармен бірге оқыған екенсіз ғой. Асанәлі, Райымбек, Сәбит сияқты айтулы әртістермен де сыйлас болыпсыз» деген көтерме сөздеріне көп мән бере қоймаушы едім. Енді 76 жастан асқан шағыңда осындай лебіздердің өзі көңілге үлкен медеу болатын сыңайлы. Бір жылдары осындай тау тұлғалы адаммен қатар жүргеннің  өзі үлкен абырой екен ғой. Тек  сол абыройдан айырмағай деп армандаушы едім. Қайтерсің?!

Ал Әбіш Кекілбаевтың осы 60 жыл аумағында жазған шығармалары мен алған абыройлы атақтарын санамалап шығудың өзі біраз уақыт алар еді. Соның тек ең бастыларын ғана атар болсақ, 1986 жылы «Үркер» және «Елең-алаң» романдары үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып, 1999 жылы Отан орденімен марапатталды. 1992 жылы Қазақстанның халық жазушысы атанып, 2002 жылы Халық-аралық түркі дүниесіне қызметі үшін сыйлығы мен 2003 жылы тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері болды. Ал 2009 жылы омырауына Қазақстанның Еңбек Ері атағының алтын жұлдызын тақты.

1999 жылы Ә. Кекілбаевтың 60 жылдығына орай «Өлке» баспасынан таңдамалы шығармаларының 12 томдығы жарық көрсе, 2009 жылы 70 жасқа толуына байланысты бұрын еш кітапқа енгізілмеген публицистикалық, философиялық талғамдары, тарихи-танымдық баяндары, зерттеулері, эсселері мен естеліктері «Нұрлы әлем» баспасынан «Сыр десте» деген атпен бес томдық болып шығарылды. Демек, болашақта оның шығармаларының толық жинағы шығарылар болса, ол кемі 30 томдық болары сөзсіз.

Бүкіл түркі әлемін тамсандырып, артына осынша мол мұра қалдырған ұлы тұлғаның мүрдесі жер қайысқан қара құрым ха-лықтың қатысуымен қара жердің қойнына табысталғанын көзім көргенімен, көңіл сенбейді.

Базарғали ҚУАТОВ,

әдебиетші,

Қазақстанның құрметті журналисі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар