14.01.2016, 6:05
Қараулар: 277
Етікші

Етікші

ДКЗ (1) етикши тилеген лукпанов


Өткен жылғы қарашаның соңында-ау шамасы, Елбасы «Қазжеңіл-өнеркәсіп – Алматы» ЖШС-да болып, өндірістік цехтың жұмысымен танысқаны.  Сонда Нұрсұлтан Назарбаев ұжыммен кездесу барысында отандық өндірушілерді халықтың қолдауының қажеттілігін айтып, фабрикада тігілген костюмді киіп көрсетті. Көгілдір экран арқылы күллі елімізге жарнамалап, барлығымызды отандық киімдерді киюге шақырды.


Одан кейін де Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауын жариялау барысында: «Біз бәсекеге сай болу үшін Қазақстанда жасалған әрбір бұйымның төрт қасиеті болуы керек. Сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек. Бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Мен кеше Алматыға барып, Алматының әбден бір қисайған үйлерінің ішінде тұрған шағын фабрикаға барып, костюмдер мен бәтеңкелерді неғып киіп жүр дейсің? Менің баратын жерім жоқ па? Мегалар бар, анау бар, мынау бар. Солар сол жерде бастап жатыр. Қазақстанның, елдің тауарларын шығарайын деп мықшыңдап жатыр жігіттер. Ақшасын салып жатыр. Әйелдерге, қыздарға жап-жақсы жұмыс беріп жатыр», — деді. Мұның барлығын Елбасының отандық өндірісшілерді қолдауы, қамқорлауы деп түсініп, өнеге алуымыз керек.

Жақында Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әнуарбек Қабашевқа жолығып,  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының іске асу барысы жайында сұрап-білгенбіз. Өткен жылы несие алып, жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашқан азаматтар туралы әңгіме өрбігенде, «Оралда етік тігетін цех ашылғалы жатыр» дегенде, елең ете қалдық. «Өзім де жігіттерді қолдайын деп, етікке тапсырыс беріп қойдым», — дегеніне таңданбай,   Елбасының өнегесі жұғысты болды ғой деп іштей сүйсіндік. Сонымен не керек, «жақсыны көрмекке» деген, біз де сол шеберханаға тарттық. Етік тігудің  шебері Тілеген Лұқпанов әзірге Зашаған кентіндегі жалға алатын жаңа орнына қоныс аудара қоймапты. Сондықтан оны Оралдың бас көшесіндегі (Достық даңғылы, Юбилейный аялдамасы маңындағы) шағын шеберханасынан жылдам таптық.

Орта бойлы жігіт ағасы Тілеген Орынбасарұлы ақжарқын жан екен,  бірден шешіле сөйлесті. Бұрын кеңшарда есепші-агроном болыпты. Кейін қалаға қоныс аударған жылдары сауда-саттықпен айналысыпты. Ол шаһардағы етік жөндейтін шеберханаларды етік жөндеуге қажетті материалдармен қамтамасыз еткен. Содан көре-көре көзі үйренген етік жөндеу ісімен айналысып кеткенін өзі де «байқамай» қалыпты. Ер-азаматқа етік жөндеу не тәйірі, оны да сегіз жыл бойына бір кісідей меңгерген ағамыз енді етік тігу шеберлігіне ден қояды. Оралда етік тігудің шебері саналатын Андрей есімді неміс жігітінен  етік тігуді үш жылдай ерінбей-жалықпай үйреніпті. Сөйтіп, биылдан бастап етік тігуді шындап қолға алыпты.

— Жас адамнан етік тігуді үйреніп жүргеніме таныстарым аздап таңырқасты. Бірақ арланатын несі бар?! «Өнерді үйрен де жирен» деген. Андрейдің етік тігіп отырғанын көргенімде, осыны неге үйренбеске деп өзімді іштей қайрай түстім. Етікшілік қазақтың қанында бар өнер ғой. Ден қойдым, үйрендім. Қызық үшін қаладағы өзге де етікшілердің етік тігу технологияларымен таныстым. Әркімнің өз дағдысы, өз сыры бар екен. Қазір ер адамның қыстық аяқ киімдерін тігудеміз. Әйелдерге етік тігу күрделірек. Оның үстіне нәзік жандылардың кірпияз келетіні тағы бар. Ерлердің етігін тігу оңайлау, сондықтан тапсырыспен және саттыққа тігудеміз. Арнайы және  майтабандыларға арналған ыңғайлы аяқ киімге тапсырыстар көбірек түседі. Ең бастысы, біз етіктің сапасына қатты мән береміз. Өзіңіз көріп жүрсіз ғой, базарларда сатылатын етіктер бір-екі айдан кейін табаны қақырап, жұрттың бәрі өндірісшілерді айыптап жатады. Сондықтан қытайлық шикізатпен жұмыс істемеймін, — деді Тілеген Орынбасарұлы.

Кәсіпкер етік тігуге қажетті сапалы былғары мен табиғи теріні Ресейдегі аяқ киім өндіретін фабрикадан тікелей барып, сатып әкеледі (дәл қандай комбинаттан алатынын айтпайды, коммерциялық құпия ғой бұл жағы). Осының өзі аяқ киім бағасының қолжетімді болуына қатты әсер етеді. Мысалға, ер-азаматтың қыстық шолақ қоныш етігін тігу 12 мың теңге, жазғы бәтеңке 5-5,5 мың теңге тұрады. Шеберханадағы витринада қолдан тігілген етіктер самсап тұр. Қайсыбірін қолымызға алып, көріп жатырмыз. «Мына тігісті көрдіңіз бе? Клиентіміз табанын осылай мықтап тігіп бер десе, айналдыра тігіп те береміз. Арнайы станокта тіккен соң сырт көзге ұрып тұрған жоқ», — деп әнтек мақтанып қойды шебер. Тапсырыстармен тігілген түрлі өлшемдегі етіктерді қолымызға алып, шұқшия қарадық. Кәдуілгі сауда орындарында сатылып жатқан шетелдік етіктерден көп айырмашылығы байқалмады. Былғарысы жұмсақ, жалтырап-ақ тұр. Шеберге етіктеріңіз «Мынауский» дестік.

Етікшінің айтуынша, бір дана қыстық аяқ киімді (сапожки) тігуге екі күн жетеді. Алдымен лекалды, яғни былғарыны пішіп-қиып, машинада тігу, қалыпқа салып тарту, бір күн кептіру, табанын жапсыру сықылды жұмыстар атқарылады. Шұқыма жұмысы көп. Етік тігу әсілі, оңай іс емес, оған ерінбейтін, төзімді, бұл кәсіпті сүйетін адам ғана барады.

— Етікшілік негізі қызық кәсіп, күніге неше түрлі адамдармен тілдесесің. Келген адамның қас-қабағын бағып, тіл табысуың керек. Мінез-құлқы ожар болса да, етігін жөндеп, көңілінен шығуға тырысасың. Қалай болғанда да, тұтынушының ығына жығылып, мәдениетті қызмет көрсетуге тырысасың. Қасымдағы көмекшіме де осыны айтып, құлағына құйып отырамын, — дейді етікші Тілеген Орынбасарұлы.

Расында, біздің батыс өңірінде оңтүстіктегіге қарағанда қызмет көрсету мәдениеті төмендеу. Ол жақта сауда орындарына немесе өзге де қызмет көрсету орындарына бара қалсаңыз, «Әпше, мынаны көріңіз, мынау әйбат, осы сізге жарасады. Бағасын түсіріп береміз», — деп сатып алмасыңа қоймайды. Ал біздегі кейбір сауда орындарындағы бәлденген сатушылар мен қабағы қатулы етікшілерді «мазалағаныңа» іштей қысылып, ләппай деп тұрасың… Сондықтан шебердің мәдениетті қызмет көрсетуге деген құлшынысы өзгелерге де жұғысты болса дейсіз.

Бүгінде Тілеген Орынбасарұлы Зашаған кентінен шағын цех ашуға қамдануда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алды. Оған Ресейден  қажетті (тігін машинасы, өңдеу операцияларын атқаратын комбайн жабдығы) құрал-жабдық, қажетті шикізат сатып алды. Шебер қасына етік тігу ісіне Дәурен есімді жас жігітті алып, үйретіп жүр. Күйеу баласы Сапар жас та болса, сыралғы серігі әрі таптырмас көмекшісі. Әзірге олар өнімдерін тұтынушылар қатарын өсіруге асыға қоймайтын сыңайлы. Бастысы, ақшаны көбірек «қарпу» емес, өнімнің сапасына жұрттың көзін жеткізу керек. Сондықтан Оралда өтетін тауар өндірушілердің көрмелеріне қатысып, тұтынушыларға көріне бастады. Естігендер там-тұмдап келіп, тапсырыстарын беруде. Бірақ шебер «болдым, толдым» демей, әлі де шеберлігін шыңдай түсуде.

— Етік жөндеп, етікшілерді қажетті шикізатпен қамтып, нәпақамды тауып жүрмін. Мына етік тігу цехын еріккеннен ашайын деп отырғаным жоқ. Дүниеге келген соң, өмірден алғанымды беріп кетсем деймін. Қолымнан келетін істі өзімнен кейінгілерге үйретіп кетуді парыз санаймын, — деді ағынан жарылған Тілеген шебер.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар