31.12.2015, 15:02
Қараулар: 133
Азамат БЕКЕТ: «Жаңа  жылдан  жеңіс  күтеміз»

Азамат БЕКЕТ: «Жаңа  жылдан  жеңіс  күтеміз»

Азамат Бекет1

Міне, 2015 жыл да мәреге жетті. Осыған орай спорт саласында нендей істер тындырылды, алдағы жоба-жоспарлар қандай, міне, бұл жөнінде БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет бізге былайша әңгімелеп берді.

— Азамат Бауыржанұлы, алдымен өңірдегі спорт бюджеті қандай болды, жаңадан іске қосылған нысандар, БҚО спортшыларының негізгі табыс-жетістіктері жөнінде айта кетсеңіз?

— Жалпы алғанда, биыл өңір спорты үшін жемісті болды деу­ге толық негіз бар. 2015 жылы облыс спортын дамытуға жергілікті бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді.

Әрине, қай саланың да ин­фра­құрылымын дамытпайынша, та­бысқа жетемін деу қиын. Осы орайда биыл 70 пайызы республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен қаржыландырылып, Сырым ауданының Жымпиты және Қаратөбенің Қаратөбе ауылында әрқайсысы 160 көрермендік орын­­­­ға есептелген, сондай-ақ Орал қа­­­ла­сының Зашаған кентін­де 320 орындық дене шынықты­ру-са­уық­­тыру кешендері салынып, пай­­­да­лануға берілді. Бұған қоса «Жұ­мыс­­­пен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына сәй­кес талай спорт саңлағы тү­леп ұшып, байрақты бәсекелер өт­кізілген «Облыстық жоғары спорт­тық ше­­берлігі мектебі» МКҚК ғимаратын­да күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілді.

Елбасы тапсырмасына сәй­кес атқарылған істер нәти­же­сінде спортпен тұрақты айна­лысу­шы­лардың қатары жыл са­нап артып келе жатқаны айқын аң­ға­рылады. Мысалы, 2014 жылы 150287 адам немесе облыс халқының 23,9 па­йызы спортқа бет бұрса, биыл олардың қатары 158739-ға немесе 25,2 пайызға жетті. Жыл ішінде салауатты өмір салтын насихат­тау бағытында 126007 адам қатыс­қан 2 мыңнан астам спорттық-бұ­қаралық іс-шаралар өткізілді.

Биыл жарыстар негізінен айтулы даталарға арналды. Мыса­­лы, Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның 20 жылдығына арналған түрлі ұжымдар қызметкерлері арасында шаңғыдан жаппай жүгіру, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай дзюдо күресінен ерлер мен әйелдер арасында Кеңес Одағының Батыры М. Мәметованың еске алуға ар­­­­налған VІ халықаралық турнир, ара­лас жекпе-жек түрлерінен «Көш­пелілер шайқасы – 2015», Қа­зақ хандығының 550 жылдығына орай ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу са­йысы, қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық турнирі, ұлт­­тық спорт түрлерінен ҚР чемпионаты, атақты жазушы-журналист С. Бердіқұловты еске алуға ар­налған БАҚ қызметкерлері арасында ҚР спартакиадасы және бас­қа додаларды айтуға болады. Болашақта бұлардың аясы ке­ңіп, әлемдік турнирлердің де ұйым­дастырылатыны анық.

Өңірде елуден астам спорт түрі қарқынды дамып келеді. Бұ­­ған облыс спортшыларының республикалық жарыстарда 363 медаль (125-і – алтын, 111-і – күміс, 127-сі – қола) жеңіп алғаны дәлел. Оған қоса халықаралық рес­ми жарыстардан өңір өкілдері 94 медальмен (23-і – алтын, 32-сі – кү­міс, 39-ы – қола) оралды.

Облыс тұрғындары көптеп қа­тысқан жарыстар да аз болған жоқ. Айталық, Шымкент қаласын­да мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген ҚР спарта­киа­дасы­нан БҚО құрамасы жал­пы­ко­мандалық есепте жүлделі үшінші орынды иеленді. Халықты спорт­қа тартудың тиімді құралы, дені сау қоғам құрудың кепілі ретін­­де Президенттік тестер белсенді ен­­гі­зілуде. Биыл бұл сынақты тапсы­руға 94563 адам қатысты. Прези­денттік тестіден алғаш рет Шым­кент қаласында ұйымдасты­рылған ел чемпионатына БҚО-дан 18 адам қатысып, олар жекелей сында 30 медальді еншілеп, ко­манда­лық есепте төртінші орыннан көрінді. Әсіресе, абсолюттік бағдарламаны орындаған спорт ардагері Владимир Мельников алтын медальді жеңіп алса, Ирина Хромцова күміс жүлдегер атан­ды. Сол секілді ҚХА-ның 20 жылды­ғына орай Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткізіл­ген ІV республикалық фестивальде облыс құрамасы тоғызқұмалақ пен жекпе-жектен жоғары нәти­­же көрсетті.

Біздің болашағымыз – жас жет­кіншектерді спортқа тарту ұмыт қалған емес. Қазір 10371 ба­ла мен жасөспірім спорт мектептерінде жаттығып, шеберлік­терін шыңдау үстінде. Соның ішінде 1150 бала футбол, шағын фут­бол, волейбол, баскетбол сынды белсенді ойын спорт түр­ле­рі­нен мектеп лигасы жарыстарына қатысты.

Өңірде мүгедектер спортын ілгерілетуге де ерекше көңіл бө­лініп, олардың ішінде түрлі додаларда оза шауып жүргендері аз емес. Биыл Павлодар қаласында өткізілген ҚР ІV параолимпиа­да­лық ойындарында Азон Шаймарданов пауэрлифтингтен, Михаил Бычковский жүзуден бас жүлде­ні еншілеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен тұрақты айналысса, айтулы жеңіске жете алатындықтарын көрсетті.

— Алдағы жылы Бразилия­­­­­­­ның Рио-де-Жанейро қаласын­да ХХХІ жазғы олимпиада ойын­дары өтетіні белгілі. Осы айтулы додаға қазірдің өзінде Ба­­тыс Қазақстаннан спорттық жү­ріс­тен Георгий Шейко және байдарка мен каноэ есуден Алек­­сей Дергунов пен Андрей Ер­гучев жолдама алды. Жаңа жыл­да тағы қандай спортшы­лар­дан осындай нәтиже күтесіз?

— Әрине, ондай үміткерлер бар­­шылық. Әсіресе, дзюдодан қа­­зақ жастары арасында тұң­ғыш рет әлем чемпионатының кү­міс жүлдегері атанған Азамат Мұ­қа­нов, әйелдер күресінен дү­ние­жү­зілік біріншіліктің қола жүлдегері Екатерина Ларионова, сондай-ақ академиялық есуден олжа салып жүрген Георгий Феклистов пен Евгений Тацейге сенім артамыз. Лицензиялық жарыстар жаңа жылда да жалғасады, күтеміз. Ең бастысы, олимпиадаға қатысып қана қоймай, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретіп, ел абыройын аспандата түссе дей­міз арыстарымыз. Яғни жаңа жылда жарыс алаңдарынан жеңіс кү­теміз.

— Биылғы жылдың  басты та­бысының бі­рі, «Ақжа­йық» футбол клубы бірін­ші лига же­ңім­пазы ата­­­нып, премьер-лигаға қайта оралды. Енді ко­­манда құрамында қан­дай өз­­геріс-жаңалықтар бол­мақ? Жа­ңа маусымда команда ал­дына қандай мақсат-міндеттер қо­йылмақ?

 — «Ақжайық» футбол коман­да­сының премьер-лигаға шығуы – жылдар бойғы еңбекпен кел­ген үл­кен жетістік. Ендігі мақсат – осы та­бысты бекітіп, ойыншылардың кәсіби шеберлігін арттырып, премьер-лигада барынша сәтті өнер көрсету, болашақта халықаралық деңгейге шығу. Бұл, әрине, оңай емес. Қазақстан футбол феде­ра­циясының президенті Ерлан Қо­­жа­ғапановтың өңірге келген жұмыс сапары кезінде осы мәсе­ле футбол жанашырларының қа­­тысуымен егжей-тегжейлі талқыланып, жоба-жоспарлар пы­сық­талды. Сол бо­йынша нақты іс-ша­ра­лар қолға алы­натын болады.

— Ақ Жайық өңірінде коман­да­лық спорт түрлерін алғанда, футбол мен допты хоккей ал­дымен ауызға ілігеді. Бірі жазғы, екіншісі қысқы спорт түрі болса да, өңір спортының екі қанаты іспеттес. Тіпті бұ­рын облыс намысын асқақтатқан спортшылар жазда доп тепсе, қыста айдынға шығатын. Қазір екеуінің аражігі ажырағаны­мен, допты хоккей Қазақстан­да тек Оралда ғана жоғары деңгейде дамып келеді. Оның түлектері кезінде әлем чемпионатының қола жүлде­гері, сондай-ақ Алматыда 2011 жы­­лы өткен VІІ қысқы Азия ойын­дарының чемпионы атанды. Алдағы жылы «Ақжайық» доп­ты хоккей клубының құрыл­ғанына тура қырық жыл толады. Алайда «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысында өнер көрсететін команданың бә­се­кеге қабілетті болып, супер­лигаға өтуі үшін керекті басты талаптың бірі – жасанды мұз айдыны. Көптен айты­лып келе жатқан осы мәселе би­ыл жоспарланғанымен, жүзеге ас­пай қалды. Осының себебі неде, соған түсінік бере кет­сеңіз?

— Иә, сөзіңіздің жаны бар. «Ақжайық» допты хоккей клубы ойыншыларының жоғары сапалы оқу-жаттығу үдерісін қамтама­сыз етіп, халықаралық деңгейде сәтті өнер көрсетуі үшін жасанды мұз айдыны салынуы тиіс. Осыған орай «Жастар» стадионы база­сын­да жасанды мұз айдынын салу биыл көзделген еді. Алайда мұз айдынын салуға өткізілген тендерге құрылыс компаниялары қатыспағандықтан, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» ком­паниясы бұл жұмысты келе­сі жылға қалдырды. Құрылыс, бұйырса, 2016 жылдың көктемінде басталады деп отырмыз.

— Соңғы сауал, жаңа жылда спорттың қандай салаларына басымдық беріледі, жаңадан нысандар салына ма?

— Бұл жөнінде айтар бол­сақ, спорт түрлерінің барлығы да адам­дардың денсаулығын шың­­дау­­ды көздейді. Сондықтан олардың әрқайсысы өзінше маңызды және құнды. Сол себепті ерекше бір спорт түрлеріне басымдық берілмейді, барлығына көзқарас бірдей. Ең бастысы, негізгі жұмыс тіні қалың бұқараны спортқа тартуға бағытталып отыр. Яғни адамдар спортты өмірлік серігіне айналдырып, жүйелі шұғылданса, одан қоғам да ұтады. Өзі де спортпен айналысатын Елбасы қойып отырған талап осы. Сондықтан спорттың инфрақұрылымын дамыту, спорттық секциялар желісін кеңейту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Батыс Қазақстанда жыл сайын спорт нысандары са­лы­нып жатқанымен, облыс тұрғын­да­рының санына шаққанда, әлі де жеткіліксіз. Сол себепті алдағы жыл ішінде де мүмкіндігіне қарай жаңа спорт нысандарын салу мә­селесі қарастырылады деп отыр­мыз.

Сұхбаттасқан

Ғайсағали САМИҒОЛЛАҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар