31.12.2015, 6:06
Қараулар: 166
Өңірдің мәдени өмірінде

Өңірдің мәдени өмірінде

IMG_7743


Осыдан бірер күн бұрын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов «Қазақстан-Орал» телеарнасында тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізді. Басқарманың жыл ішінде атқарған істерін баяндап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.


Дәулеткерей Атауұлы облыста 763 мемлекеттік мәдениет және өнер ұйымдары тұрғындарға қызмет көрсететінін айтты. 2015 жылы мәдениет саласына облыстық бюджеттен 4,9 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 200,0 млн. теңгеге, яғни 4,3 пайызға артық. Мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту мақсатында 202,0 млн. теңге  жұмсалған.

Биыл облыс көлемінде 6 ескерткіш – Ауған соғысында қаза болған жерлестерімізге, Чернобыль апаты зардабынан қаза болған жерлестерімізге мемориалдық кешендер, Орал қаласы мен Сырым ауданы орталығында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткіштері, мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаевтың және Кеңестер Одағы мен Ресей Федерациясының Батыры, жерлесіміз Н. Майдановтың мүсіндері орнатылды.

Бұрынғы атамандар үйі (қазір ІІД госпиталі мен емханасы), бұрынғы орыс-қырғыз мектебі үйі (қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты), 1919 жылы Орал қаласын қорғау штабы орналасқан бұрынғы Пушкин мектебі (қазір қоршаған ортаны қорғау департаменті) сияқты тарихи ғимараттарға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Маусым айында Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жаңадан іске қосылды.

Дәулеткерей Атауұлы биылғы айтулы мерейтойлар – Қазақстан халқы Ассамблеясының  жылы аясында өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығына арналып өткізілген мәдени-көпшілік  іс-шараларға  тоқталып  өтті.

– Облысымыздың мәдениет мекемелері жыл бойы көршілес Ресеймен тығыз мәдени қарым-қатынаста жұмыс жасады. Мәселен, «Жолдастық» Астрахан өңірлік қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының мерейтойына Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары гастрольдік сапармен барып, концерттік бағдарлама ұсынса, «Ақжайық» халықтық би ансамблі мен жеке әншілер Астрахан опера театрында республикалық әдеби-сазды бағдарлама аясында өнерлерін көрсетті. «Ақжол» Самара қазақтарының аймақтық қоғамдық ұйымының мерекесіне орай және «Оренбуржье – 2015» V Еуразиялық-экономикалық форумының гала-концертіне облыстық филармония өнерпаздары арнайы шақырылып, өнер көрсетті. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі АҚШ-тың НьюЙорк қаласында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның кандидатурасын ұсыну аясында өткен Қазақстан Республикасы өнерінің апталығына қатысты. Сонымен қатар осы айда филармонияның бір топ жас әншілері Қазақстанның Хорватия Республикасындағы елшілігінің арнайы шақыруымен Загреб қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне  орай қазақ өнері мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, қазақ елін шетелдіктерге  таныстыру мақсатымен үлкен мерекелік концерт беріп  қайтты, – деді  басқарма  басшысы.

Ол сондай-ақ театрлардың, кітапханалар мен музейлердің тындырған істерін де баяндады. Қостанай облысында БҚО-ның мәдениет және өнер күндерін өткізуге атсалысқан мәдениет қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады.

Биылғы жыл облыс театрлары үшін өте жемісті болды. 15 жаңа қойылым сахналанып, театрлар репертуарындағы 2 қойылым жаңартылған. Облыстық қазақ драма театры  Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты ХҮІІ халықаралық фестивальге Эврипидтің «Троя арулары» қойылымымен қатысып, бас жүлдені және  «Боспор Никасы», «Ең үздік режиссер», «Ең үздік әйел образы» жүлделерін жеңіп алды. Өскемен қаласында өткен ХХІІІ республикалық театрлар фестивалінде Ш. Айтматовтың «Жәмила» драмасымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қойылымдар арасында үздік болып танылды. Атырау қаласында халықаралық театр фестивалінде  Р. Отарбаевтың «Хан Жәңгір» реквиемімен І орынды иеленді. «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын Махамбет образын сомдаған аталмыш театр директоры  Қуаныш  Амандықов  жеңіп  алды.

Өңірдің мәдени өміріндегі биылғы маңызды шараның бірі ретінде Қаратөбе ауданында халық композиторы Құрманғазының ұстазы – Ұзақ күйшіге кесененің ашылуын атап өтуге болады.

Басқарма басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың келтірген мәліметінше, облыстың мәдениет және өнер ұйымдарында 4880 қызметкер жұмыс жасаса, оның 2590-ы – шығармашылық қызметкер. Жыл қорытындысы бойынша 26 адам мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болған. Әнші М. Әмірханов, театр актрисасы Б. Жақыпова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, әнші М. Сарбөпеев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне А. Қазиев, И. Какойло, И. Таранов, Ж. Мұқанғалиев, З. Аманғалиева ие болды. «Еңбек ардагері» медалімен М. Омарғалиев  марапатталды.

– Жаңа жыл өзінің ерекшеліктерімен енеді, соның ең бастысы – Қазақстан  Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі. Атаулы мерекеге орай кең көлемді бұқаралық мәдени-көпшілік мерекелік шаралар жоспарлануда. Атап өтсек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған патриоттық әндерді орындаушылар арасында «Ел ертеңі – жас ұлан» атты облыстық байқауы, халық композиторы, ақиық әнші Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы, күйші-композитор, Қазақстанның халық артисі Дина Нұрпейісованың 155 жылдығына арналған «Күй дүлдүлі – Дина» және күйші, сазгер Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Сейтек перне» аймақтық-республикалық домбырашылар байқаулары, жыртерме өнерінің саңлақтары Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова және Қаламқас Орашеваның есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық дәстүрлі термешілер байқауы жоспарда. Сондай-ақ Отбасы күніне арналған «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» облыстық жас келіндер байқауы, облыс орталығындағы «Аудан күндері» сынды көптеген шараларды өткізу жоспарлануда, – деп Дәулеткерей Атауұлы алдағы жыл  жоспарымен  де  бөлісті.

– 26 желтоқсан күні Орал қаласының  Абай алаңында  Жаңа жылдың бас шыршасы дәстүрлі түрде жағылды. 31 желтоқсан күні сағат 20.00-де жаңажылдық театрландырылған бағдарлама мен отшашу болады. Тап осы мезгілде – сағат 20.00-22.00 аралығында Салтанат сарайы алаңында жаңажылдық мерекелік бағдарлама өтеді. Бірнеше күннен кейін күнпарақтан алыстайтын 2015 жыл өзінің есте қаларлықтай тарихи оқиғаларымен айшықталса, әлем жұртшылығымен бірге біздің тәуелсіз қазақ елі де 2016 жылды қарсы алады.

Таяп қалған Жаңа жыл мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! – деді брифинг қонағы болған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей  Құсайынов.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар