31.12.2015, 6:05
Қараулар: 43
Төрт түлік түгелденген жыл

Төрт түлік түгелденген жыл

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Сонау нарықтық қатынасқа көшкен, жекешелендіру жылдарында  жұрттың қораларындағы уақ жандықтарына дейін керек-жарағына айырбастап, малсыз қалғаны рас. Елде мал басының күрт азаюы барша қазақ халқына ауыр тиді. Осыған орай ел Үкіметі халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған түрлі бағдарламаларды қабылдап, мал басын өсіруге күш салды. Нәтижесінде бүгінде елімізде мал басы көбейіп, төрт түлік түгелденді.


Жыл қорытындылар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековпен хабарласып, егемен ел болғалы өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында нендей іс тындырылғаны жөнінде сұрадық.

— «Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінде сапалы серпіліс жасауы шарт. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар» деген болатын Елбасымыз Жолдауында. Шындығында да, Елбасының тікелей қолдауының және жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында еңбек адамына, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етуге жағдай толығымен жасалып отыр деп айтқым келеді.

Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Сала мамандарының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың басы артып келеді. Қазір (2015 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша) өңіріміздегі малдың саны 484,8 мың басты құрайды. Соның ішінде сиыр – 216,7 мың, қой – 1036,0 мың, ешкі – 213,6 мың, жылқы – 132,7 мың, шошқа – 26,7 мың, түйе – 2,8 мың бас, ал құс саны – 875,2 мың. Облыс бойынша ағымдағы жылдың 11 айында тірілей салмақта 65,6 мың тонна ет, 213,0 мың тонна сүт, 137,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді.

Қазіргі әлемдік дағдарыс кезеңінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан облысымыздың мал шаруашылығы саласының дамуына 2450 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгін соның 96 пайызы игеріліп отыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары мал басының жұртшылық шаруашылықтарынан ауыл шаруашылығы құрылымдарына қарай шоғырлануы байқалуда. Бүгінде ірі қараның 50,7%, ұсақ мүйізді малдың 48,9%, жылқының 68,0%-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарында ұсталуда. Бұл өз кезегінде облысымыздың сапалы ет өндіріп, экспортқа шығатын ет көлемінің артуына себеп болып отыр. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында облысымыздың шаруашылықтарымен шетелдік селекция асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Соның арқасында асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артуда. Бүгінде облыста 20 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген, оның бесеуі қой өсірумен, біреуі түйе өсірумен және 14 шаруашылық жылқы өсірумен айналысады. 88 шаруашылықта барлығы 25,1 мың бас асыл тұқымды ірі қара бағылуда. Мұны таратып айтар болсақ, асыл тұқымды мал шаруашылықтарында 23274 бас қой, 6955 бас жылқы, 248 бас түйе бар.

Жалпы, 2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы» аясында жоспар бойынша облыста 5,3 мың тонна ет экспортталуы тиіс болса, соның 2200 тоннасы ағымдағы жылдың аяғына дейін экспортқа шығарылуы керек. Осыған орай биыл жыл басынан бері 1975 тонна ет және ет өнімдерін экспортқа шығарды. Бұл еліміз бойынша озық көрсеткіштердің бірі болып табылады. Аталмыш бағдарлама аясында облысымызда 11,8 мың басқа арналған 5 мал бордақылау кешені жұмыс жасауда. Атап айтқанда, «Кроун Батыс» ЖШС-да 8640 бас, «Әлем» ШҚ-да 1000 бас, «Қамқор» ШҚ-да 1000 бас, «Бірлік» ШҚ-да 400 бас, «Аманер» ШҚ-да 800 бас мал бағымда тұра алады. Бүгінде  бес шаруашылық 3200 басқа арналған мал бордақылау алаңдарының құрылысын жүргізуде.

«Сыбаға» бағдарламасы – «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының орындалуына үлкен демеу. Бұл бағдарлама мал басының қысқа мерзімде көбеюіне және тұқымдық құрамын жақсартуға оң ықпалын тигізуде. «Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бері облысымыздың 463 шаруашылығы 4814,8 млн. теңге көлемінде несиеленіп, жоспарланған 17000 бастың орнына 24690 бас аналық мал және 1037 бас асыл тұқымды бұқашық сатып алды. Бұл жөнінен де облыс республика бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізді.

2014 жылдың 2-жартыжылдығынан бастап «Сыбаға» бағдарламасымен қатар, жылқы және қой сатып алуға арналған «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары іске қосылды. «Құлан» бағдарламасы арқылы облысымыздың шаруашылықтары 1290,3 млн. теңге көлемінде несие алып, 4023 бас жылқы және «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 464,6 млн. теңгеге 17541 бас қой сатып алды.

Биыл табынның тұқымдық құрамын түрлендіру мақсатында фермерлік шаруашылықтар 115 мыңнан астам ірі қара аналығымен қамтылды. Мал басын асылдандыру үшін бүгінде облыста 3,8 мың етті бағыттағы асыл тұқымды бұқалар пайдаланылуда, яғни облыста табынның тұқымдық құрамын түрлендірудің үлесі 39,6 пайызды құрап отыр. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Облыстың осындай үздік көрсеткіштерге қолжеткізуіне «Агробизнес – 2020» бағдарламасының үлкен ықпалы тиді. Мысалы, биыл аталмыш бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін дамытуды  қолдауға бюджеттен 7179,7 млн. теңге қаржы бөлінсе, соның ішінде өсімдік шаруашылығына 636,9 млн. теңге, мал шаруашылығына 4693,2 млн. теңге, инвестициялық салынымдарды субсидиялауға 521,8 млн. теңге, ветеринариялық шараларға 831,7 млн. теңге және азық-түлік, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, басқа да шараларды өткізуге 496,2 млн. теңге бөлінді. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ  өкілдіктерінің облыстағы филиалдары арқылы ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына ауыл шаруашылығын қаржыландыруға шаруашылықтармен 5337,6 млн. теңге несие ресурстары тартылып, соның ішінде лизинг бағдарламасы арқылы 984,7 млн. теңгеге 276 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылары сатып алынды, — деген Марат Кенжетайұлы жаздың жауынсыз болуына байланысты өткен жылмен салыстырғанда, биыл жиналған дәнді дақылдар көлемі 2,3 есеге кем болғанын жеткізді. Оның сөзінше, биыл күзде 144,3 мың га егіс алқабынан 95,4 мың тонна астық жиналған.

— Дегенмен ауыл шаруашылығының басқа дақылдарынан алынған өнім көлемі былтырғыға қарағанда едәуір артып отыр. Мысалы, биыл майлы дақылдардан 11,7 мың тонна (былтыр 11,3 мың тонна) өнім алынды. 5028 га көлеміндегі алқапқа отырғызылған картоптан 69,1 мың тонна (былтыр 64,5 мың тонна) өнім алынса, 4302 гектардан 61,3 мың тонна (былтыр 57,4 мың тонна) көкөніс құралды. Биыл бақша дақылдары да мол болды. 1889 га алқапқа егілген бақша дақылдарынан 27,5 мың тонна (былтыр 25,5 мың тонна) бақша өнімі алынды, бұл былтырғыдан 8,1%-ға артық. Алын-ған өнімдерді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 35,2 мың тоннаны құрайтын 48 көкөніс сақтау қоймасы бар.

Тағы бір айта кететін жәйт, облыста ішкі нарықты маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін облыста жалпы ауданы 24,4 мың шаршы метрлік 62 жылыжай бар.

Жедел ақпарат бойынша жылыжайларда биыл бірінші дақылдық айналымда 183,7 тонна балғын көкөніс өндірілді. Қазіргі уақытта жылыжайларда екінші дақылдық айналымның көкөніс дақылдары өсірілуде. Ал мал азығына келсек, жылдағы әдеттерінше, шаруашылықтар биыл да қыс айына жақсылап дайындалды. Бүгінде мал қыстақтарына 1301,3 мың тонна шөп тасылып, дайын тұр. Бұл қажеттілікті артығымен, 107,6%-ды құрайды. Елбасының тікелей тапсырмасымен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында «Агробизнес — 2020» агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту бойынша мемлекеттік салалық бағдарлама дайындалып, ол елімізде 2013 жылдан бері жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның басты мақсаты Кедендік одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кірер алдында ауыл шаруашылығы саласын дамытып, агроқұрылымдарда бәсекеге қабілетті өнім шығарып, әрі қарай дами алатындай жағдайға жеткізу болып табылады. Осы бағдарлама аясында қолдаудың жаңа тетіктері пайда болуда. Мысалы, инвестициялар салынған жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектісі көтерген шығыстардың бөліктерін өтеу бойынша жаңа бағдарлама жұмыс жасауда. Бағдарлама тартылған инвестициялық салынымдарды 20-80%-ға дейін субсидиялауға мүмкіндік жасап, саланың дамуына серпін беріп отыр. 2015 жылы осы бағытқа мемлекет тарапынан 521,8 млн. теңге қаржы бөлініп, 1247 млн. теңге көлемінде тартылған инвестиция субсидияланды.

Аталған бағдарлама аясында өндіріс орындары ашылып, жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары, құрал-жабдықтар сатып алынды және жаңа технологиялық желілер іске қосылуда.

Қорыта айтқанда, үстіміздегі жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 85006,2 млн. теңгені құрап отыр. Осылайша облыстың ауыл шаруашылығы саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізе отырып, ел экономикасының қарқынды дамуына өз үлесін қосуда, — дейді Марат Кенжетайұлы.

Дайындаған Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар