31.12.2015, 6:04
Қараулар: 51
Мембағдарламамен бағы жанғандар

Мембағдарламамен бағы жанғандар

ДКЗ (4) майлык цехында мейрман купешов


Орал қалалық жұмыспен қамту орталығы 2013 жылдан бері «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Бөлімнің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің маманы Болат Есбектің айтуынша, қалаға қарасты  ауылдық округтерден 2013 жылы 12, өткен жылы 30, биыл 25 адам бағдарлама бойынша несие алды.


Бағдарламаға қатысушылардың санының құбылуы республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемімен байланысты болып отыр. Мысалға, 2013 жылы 28 млн. теңге, одан кейінгі жылы 80 млн. теңге, биыл 65 млн. теңге бөлінген. Оған қоса өткен жылы күзден бастап 2013 жылғы берілген несиелер кері қайтарыла бастады. Соның есебінен биылғы бөлінген 65 млн. теңгеге қосымша 3 млн. теңге бөлініп, оның барлығы толықтай игерілген.

Биыл бағдарламаның игілігін көрген Мәлік Сатқанов Круглоозерный ауылынан тәулік бойы жұмыс істейтін кафе ашты. Зашаған кентінде тұратын Хайролла Аяпов аутохимия өндірісімен (тосол, антифриз, көлік жуатын сұйықтық) айналысуда. Одан басқа Мейірман Көпешов майлық-сулық қағаз өндірісін жолға қойса, круглоозерныйлық Жәния Көбеева жылыжай салуда. Жалпы несие алған 10 адам кәсіпкерлікті кеңейтуге, 15 адам жаңадан кәсіпкерлікті бастауға ден қойған. Олардың бизнес-жобаларына сәйкес биыл жыл аяғына дейін қала маңындағы кенттер мен ауылдарда бағ-дарлама шеңберінде 45 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Алдағы жылы да бағдарлама бойын ша несие алуға 50 шақты адам тапсырыс берген. Олар қоян және омарта, бөдене шаруашылықтарын, диод шамдары өндірісін және өзге де кәсіпкерлік түрлерін дамытуды қолға алмақ.

Зашағанда майлық шығарылады «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Зашаған кентінің 10 тұрғыны несие алып, кәсіп-керлікпен айналысуда. Солардың бірі кәсіпкер Мейірман Көпешовтің «Таумышев» жеке кәсіпкерлігі майлық-сулық қағаз шығаруды бастады.

Экономист мамандығы бар Мейірман Маханбетұлы — бұрыннан-ақ кәсіпкерлікке түрен салған азамат. Кәсіпкерлікті әуелі За-шағаннан азық-түлік дүкенін ашып, тұрғындарға сауда қызметін көрсетуден бастады. Дүкен жұмысы оңға басқан кезде көлік бөлшектерін сатуға бет бұрды. Бірақ уақыт өткен сайын сауда-саттықпен алысқа ұзамайтынын түсінді. Сөйтті де өндіріс ашпаққа бел буды.

— Тамыз айынан бастап бағдарлама бойынша 3 млн. теңге несиелік қаражат алдым. Оған серіктесім екеуміз жеке жинағы-мызды қосып, майлық қағаз (салфетка) шығаруды қолға алдық. Өндірістік желі Мәскеуден сатып алынды. Шикізатты Татарстаннан, Қазан қаласынан әкелудеміз, — деді Мейірман Көпешов.

Қазір жалға алынған орындағы шағын цехта күніне 2 мың дана майлық қағазы өндірілуде. Цехтағы жаңа қондырғының қуаттылығы сағатына 500-600 дана майлық шығаруға жетеді. Қазір өнім шамасы нарықтағы сұранысқа қарай шағындап шығарылуда. Келешекте өнімнің түсі мен орамына қарай басқа да түрлерін, майлықтың орамал түрін, әжетхана қағазын шығаруды жоспарлаған. Кәсіпкер алдағы уақытта майлық орамының суреттерін өзгертуді, ұлттық ою-өрнекпен шығаруды жоспарлап отыр. Содан кейін өнімімен тек Ақ Жайық өңірін емес, өзге де іргелес облыстарды қамтуды ойластыруда. Жаңа өндіріс орнына жас кәсіпкер екі адамды жұмысқа қабылдаған.

Мейірман Көпешов кәсібін дөңгелетіп, жылдам пайдаға кенелуді көздемейді. Алдымен өнімнің сапасына тұтынушылардың көзі жетсе екен дейді. Сондықтан оралдық майлықтың бағасы 36 теңгеден, оны шаһардың сауда орындарынан табуға болады.

«Патриот» тосолы «Оралда жасалған»

ДКЗ (3) хайролла тосол шигарады

Зашағандық Хайролла Аяпов «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының 2-бағыты бойынша жеңілдетілген несие алып, өндірістік цехты іске қосты. Бүгінде кәсіпкер «Патриот» маркалы тосол, антифриз өнімдерін өндіруде.

Кәсіпкер Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның БҚО филиалы арқылы 3 млн. теңге несие алған. Несиелік қаржыға Ресейден аутохимия өндірісі желісін сатып алып, шағын цех жабдықтады. Жобаның жалпы құны 7 млн. теңге шамасында, сондықтан Хайролла Қайырғалиұлы құрылтайшы серіктесі екеуі жобаны іске асыруға  жинақтарын қосқан.

— Ресейдің «СОЖ Синтез Казань» ғылыми-өндірістік компаниясымен әріптеспіз. Осы компаниядан франшиза бойынша тосол өндірісінің технологиясын, рецептісін, құрал-жабдықтары мен құжаттарын сатып алдық. Келісім бойынша ресейлік компания өнімнің сапасын, бағаның қалыптасуын қадағалап отырады, — деді кәсіпкер Хайролла Аяпов. Оның айтуынша, тосол рецептурасына қарай 8-9 құрамдас заттардан тұрады. Оның ішінде таттануға қарсы қоймалжың бар. Сол заттардың тең жары-мы Қазақстанның өзге өңірлерінен, қалғаны Ресейден тасымалданады. Тосол, антифриз деңгейлеріне қарай еуро және әдет-тегі стандарты болып келеді. Оның әдеттегісі кеңестік заманнан келе жатқан түрі, екіншісі қазіргі заманғы болып саналады. Оралдық кәсіпкер соның әдеттегі түрін өндіруде, өйткені оған нарықта сұраныс жоғары.

— Қазір күніне тосолдың 300-500 келісін шағындап шығарудамыз. Шикізат тапшы. Келесі жылы өнім өндірісін күніне 2 тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап, жұмысшылар санын да көбейтпекпіз,- деді кәсіпкер.

Бүгінде шағын кәсіпорында үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әзірге оралдық аутохимия өнімдері тек облыс орталығындағы кәсіпкердің дүкенінде сатылуда. Кәсіпорнын дамытуды көздейтін кәсіпкер дистрибьютерлермен келісімшарт жасап, өнімдерімен еліміздің өзге өңірлерін «жауламақ». Сондықтан қазір жеке кәсіпкерлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдыру үшін құжаттар жинастыруда. Сонымен қатар өндірілетін аутохимиялық өнімдердің түрлерін молайту да — жас кәсіпкердің ойындағы шаруаларының бірі.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар