31.12.2015, 6:03
Қараулар: 152
Музей саласы: іркілістер мен үлгілі істер

Музей саласы: іркілістер мен үлгілі істер

IMG_4738


Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі — еліміздегі ең ескі музейлер қатарында. Негізі қаланғанына келер жылы 180 жыл толмақ. Құндылықтар жиі өзгеретін аумалы-төкпелі ХХІ ғасырда музей ісін сауатты жүргізу, оның аудиториясын ұлғайту – өте қиын. Мұны бұл салаға саналы ғұмырын арнаған ардагер музейшілер де айтуда.


Бүгінде музей — тек ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту мекемесі ғана емес, ол — ұлттың ұлт екенін айғақтайтын ерекше мәнді киелі мекен. «Музей – тек экспозиция мен білікті мамандар орны емес, ол ерекше рухани орда, құнды жәдігерлер әлемі. Музей жәдігерлерінің сақталуы уақытпен шектелмейді. Музей қызметкерлерінің міндеті – өткен тарихтың заттық ескерткіштерін келешек ұрпаққа шашауын шығармай, қылауын қисайтпай жеткізу» дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзия Мұханбетова.

Музейдің бұл бөлімі облыстық музей мен оның филиалдарының залдарындағы экспозицияның тарихи-хронологиялық, кешенді-тақырыптық, өзектілік қағидалары бойынша орналасуына жауап береді. Экспозиция материалдарын топтау жұмыстарымен айналысады. Экспозициялық материалдарды жинақтап, жәдігерлерді, деректерді және әдебиеттерді зерттеп, тақырыптық құрылым бойынша кеңейтілген «Тақырыптық ғылыми тұжырымдама» құрастырады. Экспозициядағы ғылыми-көмекші материалдарға: этикетаж, мәтіндерді орналастыруға және олардың экспозициядағы рөліне жауап береді.

Аталмыш музей қоры өте бай. Музей қорында ХVІІІ-ХХ ғасырлар қолөнеріне тән: білезік, сақина, шекелік, сырға, шолпы, шашбау, бойтұмар, тана, жүзік, алқа, сырға сияқты зергерлік бұйымдардың үлкен коллекциядан тұратын көз тартарлық жәдігерлері сақтаулы тұр. Сонымен қатар қазақ халқының қолданбалы өнерінің жәдігерлері — ағаштан жасалған үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтар, музыкалық аспаптар, шаруашылық құрал-саймандардың көптеген түрі де музей қорында сақтаулы. Қордағы мыстан жасалған ыдыстар да ерекше орын алады. Өрнектелген самаурындар, әдемі құмандар, құмыралар мен шылапшындар бізге көне ғасырлардан сақталып жеткен және үлкен тарихи құндылықтары бар жәдігерлер. Музей қорында түкті кілем, тақыр кілем, сырмақ, текемет, түскиіз, қоржын, аяққап сияқты қазақ халқы қолөнерінің ішінде ерекше орын алатын жүннен жасалған бұйымдардың бірнеше түрі сақтаулы. Олардың музей қорына жиналуында, сақталып, күні бүгінге дейін жетуінде музей ардагерлері Сара Есқайырқызының, марқұм Гүлсім Оразмағанбетқызының еңбектері ұшан-теңіз екенін атап айту керек. Ою-өрнекпен әшекейленген қолөнер бұйымдары – қазақ халқының тарихы, археологиясы мен этнографиясы жөнінде бағалы жәдігерлер. Олар халқымыздың тұрмысы мен өмірі туралы құнды деректер береді.

123— Бірақ бүгін олардың бәрін жарқыратып көрсетуге мүмкіндік жоқ. Музей залдарының тарлығына байланысты олардың көпшілігі қорда сақтаулы тұр. Осыған орай музей қорындағы жиналған осынау құнды жәдігерлерді, коллекцияларын жарыққа шығару мақсатында тақырыптық, арнаулы күндерге көрмелер жабдықталып, көрермен назарына ұсынылып отырады. Бүгінде музей ғимаратының іші-сырты жөңделіп, жаңғыртылуда. Дегенмен, «шіркін-ай, облыс орталығы Оралда музейге арналған арнайы ғимарат қашан салынар екен?» деген ой әрбір музейшінің көкірегінде тұрғаны анық. Өзге облыстарда салынып, ашылып жатқан музейлерді көре отырып, оларға қызыға да, пендешілікпен қызғана да қарайтынымыз рас. Кең, зәулім залдары бар музей ғимараты әзірге арман. Бірақ күндердің күнінде ол арман да жүзеге асатын болар, — дейді музейдің бөлім меңгерушісі Гүлзия Мұханбетова.

Иә, Қазақстандағы барлық музейлердің проблемасы ұқсас. Бастысы – музей ғимараттарының жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға арналмағандығы. Қайта қалпына келтіруге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінудің арқасында көптеген музей қайта жабдықталды. Бірақ бәрі бірдей емес. Біздің өлкеде шүкірлік деуге болады.

сара танабаева— Облыста кеңес заманында арнайы музейге арнап салынған ғимарат жалғыз Чапаев музейі. Оның өзіне біраз жыл болды. Облыстық музей 1980 жылы шіркеу ғимаратынан қазіргі орналасқан ғимаратқа көшкенде, 25 қызметкері бар болатын. Мәскеуден суретшілер келіп, ішін жабдықтады. Сол кездегі Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков келіп, «Бұл ғимарат музейге арналғандай екен» деп риза болды. Музейдің жаңаша ұйымдастырылуында сол кездегі өңір басшысы Мұстақым Ықсановтың еңбегі көп. Музей залдары негізінен екінші қабатында орналасты. Ал бірінші қабатынан қазақтың тарихына қатысты бөлім ашайық десек, экспонат аз болатын. Содан жыл сайын ауыл-ауданды аралап жәдігер жинадық. Бір үйден бір музейдің экспонаты шығатын. Оны сатып алуға ол кезде жақсы қаржы бөлінетін, — деп еске алды музей саласының ардагері Сара Танабаева

— Саланың басты проблемасы – кадр. Бүгінде музей көбейді. Тарих факультеттері маман әзірлесе дейміз. Мықты тарихшы мамандардың салаға тартылмау себебі – жалақы аздығы. Бұрыннан солай. Кітапханашылар жалақыны бізден артық алатын. Оларға ескі кітаптардан келетін зиян бар деп үстемеақы қосылатын. Музей жәдігерінде де қанша жылғы тозаң болады. Ол жәдігерлер біреудің шатырынан, жертөлесінен, тіпті тауыққорасынан жиналады. Оны әкеліп тазалаймыз. Бұл салада жүргендер – музейді сүйетіндер, ешкім қаржысына қызығып жүрген жоқ, — дейді Сара Есқайырқызы әңгімесін сабақтай түсіп.

Музейлердің жарнамасы аз. Телеарналар арнайы хабарлар түсірмейді. Тіпті арнайы музей жайлы хабарлар шығарылмаса да, тарихи бағдарлама, сұхбаттар музейдің ішінде түсірілсе де, халыққа жетімді болар еді.

— Музейлердің ең басты проблемасы – халықты тарту. Тек жарнама арқылы мәселені шешу қиын,ерсаев жаңа технологияларды іс-ке қоспаса болмайды. Ал музей ісін алға сүйреу, ІТ технологияларын ендіру оңай шаруа емес. Қорда жәдігер көп, оның бәріне орын жоқ. Біз 3D-экскурсия жасайтын құрылғы алып, сол тасада қалатын жәдігердің бұрынғы қалпын, тарихын жеткізгіміз келеді. Ішінара кейбір жәдігерлерді ғаламторға, газет-журналға шығару арқылы ел назарын аударып, қызықтырудамыз. Қазір музей жайлы әлеуметтік роликтер түсіруді қолға алдық. Мұндағы басты мақсат – келушілер арқылы ақша табу емес, тарихымызды, бастауымызды, құндылықтарымызды насихаттау. Музейдің жұмысы оның қазынаға қанша қаржы түсіргенімен өлшенбейді. Музей – мәдениет, ал мәдениет – дұрыс қоғам қалыптастырудың кілті, келешекке жол салу. Біздің мақсат музейді заманауи, қолжетімді, қызықты ету, — дейді облыстық музейдің басшысы Мирболат Ерсаев.

Жас басшының ойын жарты ғасырға жуық осы салаға еңбек сіңірген Сара Есқайырқызы да қолдап отыр. «Осында келген шетелдіктер олардағы экспонаттардың барлығы интернетте барын айтады. Біз жастарды интернеттен бәрібір айыра алмаймыз. Одан да интернет арқылы ұлтының көне жәдігерлеріне назарын аударып, өз тарихына қызықтырсақ болар еді» дейді ардагер музейші.

Нурсерик Жолбарыс— «Музей көне заттарды тамашалайтын мекеме» түсінігінен арылу үшін ғылыми-ағартушылық жұмыстарын жүргізіп отырған музейлердің қызметін тәжірибе ретінде тарату керек. Қазір ғылыми-ағартушылық жұмыстарын жүргізіп отырған аз ғана музей бар. Олардың өзін жекеленген және ұжымдық деп екіге бөліп қарастыруға болады. Қызметкерлері жеке ғылыми жұмыстармен (ізденістермен) айналысатын музейлердің қатарында Семейдегі Абай қорық-музейі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Алматыдағы орталық мемлекеттік музейлері бар. Аталған музейлердің қызметкерлері белгілі бір тақырып шеңберінде ұзақ жыл бойы ғылыми жұмыстармен айналысып келеді. Жұмыстары толығымен сәтті шығып, Қазақстан тарихына өз үлесін қосып жүр. Ал ғылыми жұмыстарды ұжымдық түрде жүргізетін ҚР Тұңғыш Президенті музейі мен ҚР Ұлттық музейлері ғана. Бұл екі музейдің қызметкерлері жекеленген жұмыстар жүргізіп, оны ұжымдық тұрғыдан қорытындылайды. Мұны, кәсіби тұрғыда институттық жұмыс деп атауға болады. Мұндай жұмыстар музейлердің ғылыми институтқа айналуына септігін тигізеді. Әсіресе, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің жұмыстары республикалық деңгейде тәжірибе ретінде таратылуы тиіс. Егер осы іс қолға алынса, музейлердің дамуында тың серпіліс болар еді, — дейді музейтанушы, ҚР Ұлттық музейінің имидждік жұмыстар бөлімінің жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс.

Музей саласы жайлы арнайы заң қабылданса, сала одан сайын ілгерілер еді. Нұрсерік Жолбарыс: «Ресейдің музей саласы бойынша бізден алға кеткені рас.

Музей ісіне қатысты түрлі қоғамдық ұйымдар, түрлі қорлар жабылып жүріп “Ресей Федерациясының музей ісі мен музей қоры туралы” федеральдық заңына өзгерістер енгізді. Кезінде (1996 жылы) Б. Ельциннің өзі керек етіп, осы заңды шығарған еді. Уақыт ағымына қарай заңдары өзгеріске ұшырап отырды. Бұл – заңдылық. Енді күні кеше тағы да өзгерістер енгізді. Федеральдық заңның барлық тұсын жақсы білетіндіктен, бұл жолғы өзге-рістеріне де назар аудардым. Өзгеріс ретінде заңға “музей жиналысы”, “музей құжаттарының есебі”, “бас инвентарлық кітап”, “музейлік заттарға сараптама” ұғымдарына арнайы түсініктеме берілді. Осы арқылы ресейлік мамандардың музей экспонаттарының құқықтық дәрежесін анықтайды. Экспонат туралы жазардан немесе айтардан, зерттеуден бұрын заңға үңілуді қажет етеді. Бұл мемлекет тарихының жазылуын қорғау үшін аса маңызды қадам болып саналады. Ресейліктердің осынысынан үлгі алуымыз керек. Айта өтейін, Қазақстанның барлық көршілерінде (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан) музей туралы заңдары бар. Заң арқылы музейлердің мәртебесін анықтап, жұмысын ретке келтіреді. Осыны ескеріп, өткен айда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына арнайы сауалнама жолдадым. Министр мырза сауалды вице-министрге жіберіпті. Вице-министр “музей туралы заңға қазір қажеттілік жоқ” деп қысқа қайырды. Министрліктің ойынша, Мәдениет туралы заңдағы жалғыз бап 250-ден астам музейдің әр түрлі бағыттағы қызметін реттей алады. Жалпы, бұл салада кәсіби тұрғыдан білікті, музейді “экспонаттардың тұрағы” деген ойдан аулақ адам басқарғанда ғана жетістіктерге жетуге болады. Арнайы нормативтік құжат болмай, шаруаны реттеу өте қиын. Әйтпесе, Қазақстан 1980 жылдары ҚазССР үкіметі қабылдаған ережелермен алысқа ұзай алмайды» дейді.

Сонымен сала мамандарының ой-пікірлерін екшей отырып, мәселелерін, кемшіліктері мен жетістіктерін төмендегідей түйіндеуге болады.

Кадр. Саланың өзекті мәселесі – жастардың аз келуі, нағыз музейтанушылардың шықпауы. Бұл саладағы қаржының аздығымен байланысты. Қаржысы аз саланың адамдарын музейдің деңгейін көтер деп қалай қыспаққа алуға болады? Салада тек энтузиастар ғана жүр. Көбісі – әдебиетшілер мен тарихшылар. Қазақстан бойынша тек екі университетте ғана оқытылатын музей ісі мамандығын алып шыққан мамандар саусақпен санарлық.

Тәжірибе. Саладағы тағы бір проблема – музейлердің ортақ кеңістігінің жоқтығы. Әр өңірдің музейлері өз алдына бір арал сияқты. Тәжірибе алмасу, алмасып көрме өткізу аздау. Аймақаралық жобалар, тәжірибе алмасу, семинар, конференциялар керек-ақ.

Музей клубтары да керек-ақ. Әрине, мұндайды біздің елде кездестіру қиындау. Бірақ әлемдік тәжірибеде музейлерді жарнамалауда таптырмас әдіс болып келеді. Зиялы қауым жиналып тарих, оқиғалар, нақты жәдігерлер жайлы пікір алаңын құрса, қоғамның қызығушылығы артар еді. Әрине, тек қана диалог емес, театрландырылған қойылым, архелогтармен сұхбат сияқты түрлі формада өткізсе, өтетіні жайында алдын ала хабарландыру жасалса, көзіқарақты ағайынның ағылары сөзсіз. Музей басшысы Мирболат Ерсаев алдағы жылдан бастап жекелеген жәдігерлерге қатысты театрландырылған қойылым әзір-леу жоспарда барын айтты.

Байланыс. Иә, өзге салалардың музеймен кері байланысы жетіспейді. Тіпті өнер мектептері оқушыларының өзі арнайы шақырып, шара ұйымдастырмаса, музейге келіп жарытпайды. Облысымызда 121 мектеп мұражайы бар екен. Олардың қызметкерлерінің де музей мамандарын іздеп жатқаны шамалы.

Арнайы заң жоқтығы. Мәдениет туралы заңдағы жалғыз бап 250-ден астам музейдің әр түрлі бағыттағы қызметін реттей алмайды.

Сара Танабаева қазіргі музейдің жетістігі ретінде әр ауданда лайықты филиал барын, қорда кез келген жерге ұялмай көрме жасай алатын бағалы экспонаттар жиналғанын, ғимараттың заманауи жөндеуі мен күзетін, енгізілген жаңа технологияларды атап өтті.

Электронды экспозиция. Музей коллекциясын сандық жүйеге айналдыру, электронды ақпарат жинау біртіндеп жүзеге асуда. Қазірдің өзінде облыстық тарихи-өлкетану музейі сайтында біраз ақпарат бар. olke.kz сайтынан музейдегі жәдігерлер мен арнайы залдарды ғаламтор арқылы аралап көруге болады. Сайт қонақтары мен музейге келушілер теңесіп жатса, мұны заман ағымынан қалыспау деп ұғыну керек. Әрине, жәдігерлерді көзбен көру бөлек. Ал келуге мүмкіндігі жоқтардың, ең болмаса ғаламтор арқылы көргені, әлеуметтік желілердегі музейдің парақшалары арқылы қызығушылығы артып, музейге арнайы келетін жастар бары қуантады.

Жұмыс кестесі. Егер білмейтіндер болса, музейлер арнайы сіздер үшін сенбі-жексенбі күндері де жұмыс жасайды.

Музейге құрмет. Бұл да елдің мәдени өмірінен хабар беретін көрсеткіш. Мәселен, Қазталов ауданындағы Көктерек ауылының және Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылының музейге ілтипатын ерекше атап өтуге болар еді. Ауыл халқы келген қонағын алдымен музейге апарады. Тарихымен таныстырады. Бұл – ауыл халқына мәртебе болса, келген қонаққа мәдени демалыс, рухани азық жинауы. Кез келген өңірге келген қонақ музейлерді араласа, бұл аймақ туралы түсінігі тереңдейді, құрметі артады. Есінде көп нәрсе қалып, ол келешек өмірінде пайдаға асары сөзсіз.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

 Облыстық музей көлемі — 0,2649 га

Қордағы жәдігер саны – 129 мыңнан астам

Жыл басынан бері келушілер саны (облыстық музей мен

филиалдарын қоса есептегенде) – 55 мыңнан астам

Жыл басынан бергі экскурсия саны – 956

Жыл басынан бергі көрмелер саны — 28

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар