31.12.2015, 6:02
Қараулар: 54
Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артады

Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артады


Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2016 жылғы 1 қаңтардан бастап уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы» қаулысына сай облыс бойынша 79 мыңнан астам зейнеткерге уәкілетті ұйымнан төленетін 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға арттырылды.


Қазақстан Республикасының «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2015 жылғы

30 қарашадағы №426-V Заңына сай 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап:

1) жалақының ең төменгі мөлшері – 22 859 теңге;

2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері – 11 965 теңге;

3) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 25 824 теңге;

4) жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн айлық есептiк көрсеткіш – 2 121 теңге;

5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөріс деңгейiнiң шамасы 22 859 теңге болып белгіленді.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының ең төменгi мөлшерi базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 37 789 теңгені, ал ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 77 186 теңгені құрайды.

Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге және ең төменгi күнкөрiс деңгейi шамасының өзгеруіне байланысты мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 34 пайызға дейін арттырылды.

Қалған барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрлерінің мөлшері 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінің өзгеруіне байланысты 7 пайызға өсірілді.

Ж. БЕРІКОВ,

еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің

БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар