31.12.2015, 6:01
Қараулар: 110
Мәдениет мерейі асқан жыл

Мәдениет мерейі асқан жыл

фото Рафхата Халелова (117)


Кеше Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның үлкен залында Ақ Жайық өңірінің мәдениет саласы қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.


– 2015 жылы еліміз үшін елеулі, халқымыздың рухын көтерген оқиғалар аз болған жоқ. Осы шаралардың бел ортасында, алдыңғы шебінде мәдениет қызметкерлері, яғни өздеріңіз жүрдіңіздер. Танымдық іс-шаралармен, әсем саз, әуелеген ән, құлақ құрышын қандырар күймен  халықтың көңілін көтеріп, тарихи ой-санасын кеңейту жолында уақытпен санаспай, ауыр, жеңіл демей, жер шалғай демей атқарған жұмыстарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Батыс Қазақстан – талай өнер тарландарының туған жері. Жаратқан сыйлаған дарынның, күнделікті еңбектің арқасында талғампаз қауымның көңілінен  шығу оңай емес. Қазақта «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген жақсы мәтел бар. Яғни таңдаған өмірлік мамандықтарыңызға адалдық сіздерді ел алдында абырой биігіне көтеріп жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет саласында да көптеген игі істер атқарылуда. Жер-жерлерде жаңа нысандар бой көтеруде. Қолда бары күрделі жөнделуде. Жаңа саз аспаптары, киім-кешектер сатып алынуда. Бұл сіздерге үлкен көмек пен артылған сенім деп қабылдаңыздар. Жаңа жыл тағы да құтты болсын!   – деді өңір басшысы.

Бұдан кейін Нұрлан Асқарұлы жыл бойы үздік қызметімен көзге түскен бір топ мәдениет саласының қызметкерлерін мерекеге орай марапаттады. Атап айтқанда, танымал әнші Марат Сарбөпеевке ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың атынан өнер мен мәдениетті дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін арнайы медаль тапсырды. Салтанатты кеште ұзақ жыл бойы дәстүрлі ән мен терме өнерін насихаттағаны үшін танымал әнші Зияш Аманғалиева ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Олардан бөлек тағы бір топ сала қызметкерлеріне облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың және облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қолдары қойылған алғысхаттар табыс етілді.

Шарада сала ардагерлері сөз сөйлеп, өңір басшысына мәдениет саласына деген шынайы жанашырлығы мен қамқорлығы үшін үлкен алғыстарын жеткізді.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Суреттерді  түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар