31.12.2015, 6:00
Қараулар: 58
Сұйытылған газ түйткілі қалай шешіледі?

Сұйытылған газ түйткілі қалай шешіледі?

DMS_9774


Облыс әкімдігінің шағын залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте өңірдегі сұйытылған газ жетіспеушілігі мәселесі талқыланды. Басқосуға мемлекеттік құры-лымдардың басшылары, кәсіпкерлер және осы мәселеге қатысы бар мекеме-кәсіпорындардың өкіл-дері қатысып, түйінді түйткілді шешудің жолдары жайында пікірлесті.


Жиынды ашқан облыс басшысы Нұрлан Ноғаев соңғы 2-3 айдағы сұйытылған газға қатысты қалыптасқан жағдайдың көңіл қанағаттандырмайтынын, бүгінге дейін мемқұрылымдар тарапынан тиісті шаралар қабылданғанын, енді бұдан былайғы іс-әрекетті үйлестірудің қажеттігін атап көрсетті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаевтың айтуынша, аталмыш басқарма ай сайын облысты сұйытылған газбен қамту мәселесімен «бас» ауыртады. Облыс қазан айына дейін ҚР Энергетика министрлігі бекіткен шамадағы 800 тонна сұйытылған газбен ай сайын қамтамасыз етіліп келген. Қараша, желтоқсан айлары бойынша басқарманың сұрауымен облысқа 1000 тонна отын бөлінді. Алайда бұл көлем де аз болып шықты. Енді алдағы 2016 жылғы қаңтар айына 2000 тонна сұйытылған газ алуға тапсырыс берілген.

– Осыншама көлемдегі газды алу үшін министрліктегі комиссияға ішкі істер департаментінен анықтама ұсынуымыз керек. Онда өңірдегі сұйытылған газды пайдалануға жабдықталып, тіркеуден өткен көліктердің нақты саны көрсетілуі тиіс. Қазіргі қолдағы анықтамада 3,5 мың көліктің газды пайдалануға жабдықталғаны көрсетілген. Бірақ бұл сан да тиісті көлемді алуға аздық етеді. Іс жүзінде газбен жүретін көлік саны 10 мыңнан асып түсуі мүмкін. Сондықтан қаладағы жанар-жағармай стансаларына шығып, мониторинг жүргізіп, көлік иелерімен тілдестік. Сонда техпаспорттарын қарап байқағанымыз, көлік жүргізушілердің 80 пайызы ішкі істер департаментінде тіркеуден өтпеген. Мұның өзі қажетті көлемдегі газды бөлуде қиындықтар тудырады, – деді  Бауыржан Талдықбаев. Басқарма басшысының айтуынша, өңір басшылығымен бірлесіп түрлі деңгейдегі атқарушы құрылымдардың қызметтік көліктерін сұйытылған газға көшіру жөнінде шаралар жасақталуда. Шамамен мұндай көліктер саны 2357-ні құрайды. Осыншама көлік газбен жүретін болып, тіркеуден өткен жағдайда бюджет қаржысы үнемделіп, министрліктерден бөлінетін газ квотасын өсіруге жол ашылады. Сонымен қатар «Жайықмұнай» ЖШС облысты ақпан айында коммерциялық бағамен  2000 тонна сұйытылған газбен қамтуға және отынның бағасын қазіргі 39 теңге деңгейінде сақтауға ниетті. Мұндай тәжірибе Атырау облысында қолға алынған. Аталмыш компанияның өкілі қала аумағынан жанар-жағармай стансасын салу үшін жер телімін ала алмай жүргендерін айтты. Өңір басшысы қала әкімі Алтай Көлгіновке «Жайықмұнайдың» өнімдерін тікелей саттыққа шығарулары үшін жер телімін қарастыруды, жұмысы жүрмей тұрған стансалардың басшыларымен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатовтың айтуынша, облыста газ жабдығымен жабдықталғанмен, тіркеуден өтпеген 3532 көлік бар.

Соның ішінде тек соңғы екі күн ішіндегі рейд барысында 48-і анықталған. Осы жағдайларға орай 63 жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабы 7-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құзырлы орыннан рұқсат қағазын алмай, көліктеріне өз бетімен газ жабдығын орнатқан көлік иелері 15 АЕК шамасында (30 мың теңге шамасында)  айыппұл  төлейді.

– Көлікті газ жабдығымен жабдықтау 27522 теңге тұрады. Оның 19 мың теңгесін Гагарин көшесіндегі Ұлттық сертификаттау және сараптау орталығына зертханалық зерттеу қорытындысы үшін, 8522 теңгені жол полициясына техпаспортты және мемлекеттік нөмірі ескі болса, оны да ауыстырғаны үшін төлейді. Бұл мәселені өткен аптадан бастап бақылауда ұстап отырмыз. Мәселені шешеміз, жанар-жағармай стансасына келген көлікті онлайн тәртібінде дерекқор базасы бойынша тексереміз, – деді Махамбет Абисатов.

«Алау» ЖШС-ның  техникалық директоры Бақытжан Жапаровтың айтуынша, газбен жүретін көліктер саны өсіп келеді. Айына шамамен 50 көлік газға көшіріліп, жабдықталады. Бүгінде 41 көлік газға көшірілген, соның 11-і «Батыс су арнасы» ЖШС-ға тиесілі.

Аудандық әкімдіктерден де көліктерге газ жабдығын орнатуға тапсырыс түсуде. «Алауда» көлікті  газ жабдығымен жабдықтау қызметі 25-30 мың теңге шамасында тұрады. Ал газ жабдығының өзі – 130 мың теңге.  «Тәуекел» ЖШС-ның директоры Евгений Васильковтың айтуынша, компанияның 10 жанар-жағармай құю стансасы бар. Оның 3-еуі аудандарда,  өзгесі – Оралда. «Айына бөлінетін 400 тонна сұйытылған газ жетпейді. Стансаларымыздың жартысы жұмыссыз бос тұр. Облысқа айына 2000 тонна бөлінетін болса, жағдай түзеледі деп ойлаймыз.

Сұйытылған газды жеткізіп беру жөнінде 200-дей кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Рубль құлаған кезде батысқазақстандықтар Ресейден көлік айдап келді. Бірақ олар тіркеліп жатқан жоқ. Осы да отын жетіспеушілігіне әсер етуде», – деді Евгений Васильков.

Биыл өңірге 9455 тонна сұйытылған газ жеткізілсе, соның 9332 тоннасы сатылған. Ал қалған көлемі ішкі шығындарға жұмсалған. Бұдан шығар қорытынды, облысқа жеткізілген отын заңсыз өзге аймақтарға шығарылмаған. Жиынға қатысушылар ресейлік нөмірмен жүрген көліктердің көптігін әрі олардың елдерінде газбен жүруге жабдықталғандықтан, облыста тіркелмейтінін алға тартты. Транзиттік көліктердің де саны артқанына назар аударылды. Бұған дейін облыс аумағы арқылы өтетін транзиттік көліктер саны айына орташа есеппен 900 шамасында болса, кедендік одақ жағдайында бұл көрсеткіш 4000-ға жеткен сыңайлы. Қалай болғанда да, көлік жүргізушісі газ жабдығын өз бетінше орнатпай, лицензиясы бар кәсіпорындардың көмегіне жүгінулері тиіс. Одан кейін заңды түрде тіркелсе, өңірдегі сұйытылған отын тапшылығы түйткілін шешуге жол ашылады.

– Көлік иелері бұл мәселеге атүсті қарамауы тиіс. Көлікке газ жабдығы орнатылды ма, арнайы орында тіркелуі керек. Ең алдымен оны орнату үшін тиісті орындардың рұқсатын алулары керек. Бұл – заңды талап, – деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қалай болғанда да, жоғары қысымдағы газ құйылатын газ жабдығының қауіпті екендігін, алдымен көлік жүргізуші өзінің жеке басына  және айналадағы адамдардың өміріне де қауіп тудыратынын ескертті. Басқосуды қорытындылаған өңір басшысы сала басшыларына  тиісті  тапсырмалар  берді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар