29.12.2015, 6:08
Қараулар: 87
Оңай олжаға айналған қыздар

Оңай олжаға айналған қыздар

ажырасу


Жұмысқа бара жатып, аялдамадан студенттік кезден таныс Айкөркем есімді замандасымды кездестіріп қалдым. Бір-бірімізді көрмегенімізге 5-6 жылдың жүзі болған екен. Өңі солғын тартып, отызға тола қоймаған келбетіне әжім із салып үлгеріпті. Амандық-саулық сұрасып, біраз әңгіме айтқандай болдық. Артынша жеке өмірін білгім келіп, «Отбасың бар ма?» деп сұрақ қойғаным сол еді, екі беті қызарып кетті:


— Айкөркем, кешірші, ыңғайсыз сұрақ қойдым-ау деймін. Жәй, тұрмысың қалай деп сұрағым келгені ғой…

— Жо-жоқ, сенің не кінәң бар? Бәріне өзім кінәлімін. Екі рет тұрмысқа шықтым, қазір қызыммен тұрамын.

— Қалайша?

— Бірінші жолдасыммен екі жыл азаматтық некеде тұрдым, одан бір қызым бар. Мінезіміз үйлеспей, екіге айырылдық. Жыл жарымнан кейін екінші азаматпен бас қостым. Ағайын-туыстың қарсылығына қарамай, мешітке барып некемізді қидырдық. Мен заңды некеге тұрғым келген, ол қаламады. «Ең бастысы, Алланың алдындағы уәдемізге берік болсақ, қалғаны өз қолымызда» деп алдады. Ислам дінін ұстанып, намазхан жігіт екенін көріп, санама бөтен ой кіріп-шықпапты. Тек бақытымыздың баянды болуын ойладым. Бірақ мұның да арты көпке ұзамады. Соңғы күндері түрлі мінез шығарып, мені ұнатпайтындығы туралы әңгімелерді жиі айта бастады. Ақыры не керек, арада жарты жыл өткенде, бір күні телефоннан «Осымен бәрі бітті. Сені талақ еттім» деп хабарлама жазып жіберіпті. Осылайша екі мәрте еркекке алданып, қу тіземді құшақ-тап, қызыммен далада қалған жәйім бар, — деп көзінің жасын төгіп-төгіп алды. Сөйткенше болған жоқ, оның күткен автобусы келді де, тез-тез қоштасып мініп кетті. Мен ойланып қалдым…

*       *       *

Бұл жалғыз Айкөркемнің басындағы жағдай емес. Кейінгі жылдары қоғам ішінде қызу пікірталасқа түсіп жүрген «азаматтық неке» мәселесін жақтаушылардың асығы алшысынан түсіп тұрғаны рас. Азаматтық неке діни некені мойындамайды, мемлекеттік органның да тіркеуінен өтпейді әрі «Неке және отбасы туралы» ҚР заңында да ол туралы ешқандай түсінік берілмеген. Сондықтан «еркін махаббат», «іс жүзіндегі неке» немесе «бейресми некелесу» деген атауға ие.

Ислам діні шаңырағы биік, босағасы берік отбасы құруды ерлі-зайыптының ортақ міндеті етіп бекіткен. Шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бірінші ақ некесін қиып, оларға ізгі тілек айтып, құттықтау мұсылмандардың бір міндеті, әдет-ғұрпы саналады. Пайғамбарымыздың өзі отау құрғандардың некесін көпшіліктің куәлік етуімен қиып, жақсы дұғалар жасаған. Бүгінгі өмірдегі түсінік те діннен алыс кеткен жоқ. Яғни неке қидыру дегеніміз – екі жастың адал жолмен қосылып, перзентті болып, киелі шаңырақ көтеруі. Аллаһ алдындағы ақ некесін қиғызу Ислам дініміздің талабы болса, жергілікті АХАТ бөліміне тіркеліп, неке куәлігін алу – заңымыздың талабы. Некесіз екі жастың қосылуына ислам қатаң қарайды, мұны харам деп үлкен күнәлар қатарына жатқызады. Міне, осы неке мәселесі төңірегінде жағымсыз, негізсіз әдеттер біздің қазіргі қоғамда қалыптасып жатыр. Бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе карьерасын ғана ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар көбіне азаматтық некеге тұруды құп көреді. Өйткені бұл – кез келген уақытта қосылып, кез келген сәтте айырыла салатын және ешкімнің алдында жауапты болмайтын ең оңай ойыншық неке.

Рухани тұрғыда некеге тұрмай, жыныстық қарым-қатынаста болу адамды абырой кемістігіне соқтырады. Психологтардың пiкiрiнше, азаматтық некедегi нәзiк жандылар көбiнесе күйеуiм бар деп сенедi, ал ер адамдар оларға тек көңiлдесiм деп қарайды екен. Осындай қарым-қатынастағы ер мен әйелдi отбасы деп атауға қалай ауыз барады?

Мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айырылысады. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Еліміздегі «Дағдарыс» орталығының мәліметіне сүйенсек, оған жыл сайын азаматтық некеге тұрып, алданып қалған 15-20 әйел көмек сұрап келеді.

Оның үстіне бүгінгі таңда жаңа туған балалардың 22 пайызы некесіз деген дерек бар.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің облыс ажырасу саны бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін көш басында тұр. 2010 жылы облыс бойынша барлығы 1487 ажырасу болса, 5 жылдан кейінгі бұл көрсеткіш 500-ге артқан. Ауылдағы ахуал да жақсы емес. 2000 жылы ауылдық жерлерде 275 некенің бұзылғандығы тіркелсе, бүгінгі көрсеткіш 550-ге жеткен, яғни тура екі есеге артқандығын көрсетеді. Мұны Орал қалалық АХАТ бөлімінің бас маманы Райса Даниялова да растап отыр.

— Мен 35 жылғы еңбек тәжірибемнің 20 жылын АХАТ бөлімінде, оның 15 жылын Қазталов ауданында атқардым. Бұрын аудан бойынша ажырасу мәселесімен жылына 1 рет, әрі кетсе 2 рет іс қаралатын. Бүгінде ай сайын 2-3 іс қаралатын деңгейге жетті. Бұдан жастардың некеге тым жеңіл көзқараспен қарайтынтығын көруге болады. Жыл сайын 18-20 жастағы некеге тұрушылар саны артқанымен, соғұрлым неке бұзу жасы да жасарып келеді. Ажырасушылардың көбі – 25-ке дейінгі жастар. Отбасылық өмірлері әрі кетсе бір-екі жылды ғана құрайды. Тіпті бір ай тұрып ажырасқандар да кездеседі. Ең сорақысы, олар ажырасудың мәнін жете түсініп жатпайды. Кейде тұрмыстың жақсарғандығы да теріс ықпал етіп жатыр ма деген ойға келесің, өйткені жастар жылтырақ өмірге құмартып барады. Осындай ажырасулардан кейін, жастар заң жүзінде көп бас қатыра бермейтін азаматтық некеге әуес болып барады. Бұл ресми деректер болса, азаматтық некедегі ажырасуларда тіптен есеп жоқ.

Мешітте де неке қидыруға қарсы емеспіз, бірақ мешітте берілетін куәліктің заңды күші жоқ. Дінге бет бұрған азаматтар мешітте неке қисақ болды, басқасы не керек деген түсінікте. Заңсыздың аты қашан да заңсыз. Сондықтан имамдар неке қиюшы жастардан АХАТ бөлімінің куәлігін сұраса, көптеген жолсыздықтың алдын алуға болатын еді, — деп біраз ойымен бөліскен еді Райса Сатқанқызы.

Бұл сауалға мамандардан қуантарлық жауап алдық:

— Жалпы, кез келген мешіт имамдары шариғат жолымен тілек білдірген екі жастың некесін еш кедергісіз қиып келді. Бұл мәселе мүфтият тарапынан оң шешімін тапты. Алдағы уақытта, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының арнайы бұйрығымен, мешітте неке қидырғысы келген жастардан жергілікті АХАТ бөлімінің неке қию туралы куәлігі міндетті түрде талап етілетін болады. Аталмыш куәлік болмаса, неке қиюға тыйым салынады, — дейді БҚО дін істері басқармасының бас маманы Мақсат Раманқұлов.

АХАТ бөліміндегі өзара сұхбаттан кейін Райса Сатқанқызы ажырасуға өтініш берген 21 жасар Серікболсын мен 20 жасар Ақмарал есімді екі жасты қабылдады. Отау құрғандарына бір жылдан сәл асқан олар ажырасудың себебін мінездерінің үйлеспейтіндігімен түсіндіріп жатты. Бірақ жігіттің де, қыздың да бойынан бұл қылықтары үшін өкінетін ешқандай намыстың ұшқыны сезілмеді. Керісінше, бір-бірінен алыстауға асыққан екі жас алдарындағы ақ параққа тез-тез қолдарын қойып, қоштасып жатты. Осылайша, материал жазу барысында тағы бір отаудың шаңырағы шайқалғанының куәсі болдық…

*       *       *

Жалпы, некелескен ерлі-зайыптыларға көптеген жауапкершілік жүктеледі. Ер-азаматқа отбасын адал табыспен асырап-бағу, оларға қамқор болу секілді міндеттер жүктелсе, ұл-қыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, үй шаруашылығымен айналысу әйелдің еншісінде. Олар қалай болғанда да өздерінің ерлі-зайыпты екенін сезінулері керек. Ал азаматтық некеде мұндай жа-уапкершіліктер атымен жоқ. Олар бір-бірін сынау мақсатымен бір шаңырақтың астында есеппен өмір сүреді. Дәм-тұзы жарасып жатса, асықпай үйлену тойының қамына кіріседі. Ал ойынан шықпай жатса, «Біз бір-бірімізге сай емес екенбіз, мен іздеген адам басқа екен» дейтін күнделікті теледидардан көретін батыс киноларындағы көріністі қайталап жатады. Мұның арғы жағында бала тәрбиесі көлеңкеде қалды деген сөз.

Отбасының бақытты болуы өз қолымызда екенін неге ұмыта береміз? Жігіттердің оңай олжасына айналған азаматтық некеден Айкөркем секілді қаншама қаракөздер жапа шекті екен? Сіз не дейсіз, оқырман?

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар