22.12.2015, 6:09
Қараулар: 3
Мейірімді ауыл

Мейірімді ауыл

DSC_0214


Осыдан бес-алты жыл бұрын Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылындағы мектепке де жабылу қаупі төнген-ді. Алақандай ауылдағы жалғыз мектепті жабылудан құтқару үшін жергілікті жұрт 2010 жылдан бастап облыс орталығындағы балалар үйлерінен балаларды патронаттық тәлім-тәрбиеге ала бастапты.


Бұл сауапты іске сол кездегі аудан әкімі Айболат Сейтақ ұйытқы болған көрінеді. Осы-лайша сегізсайлықтар күні бүгінге дейін әртүрлі себептермен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 22 жаутаңкөзді бауырларына басқан (бұл балалардың алды бүгіндері мектепті тәмамдап, өздері қалаған үлкенді-кішілі оқу орындарында білім сапарларын жалғастыруда). Мұндай мейірімді ауылға билік те оң көзбен қарап, осыдан тура бір жыл бұрын республикалық бюджет есебінен су жаңа мектеп салып берген (жоғарғы суретте). Іші-сырты сыңғырлап тұрған үшбу шағын білім ошағының маңындағы жазғы спорт қалашығының өзі әу-демжерден көз тартады. Бүгінгі таңда осы мектепте 17 мұғалім сабақ беріп, 50-ге жуық жас өрен білім нәрімен сусындауда. Сегізсай жалпы білім беретін тоғыз жылдық мектебінің директоры Сағындық Қайниязовтың мәліметіне қарағанда, мектепте көркемөнерпаздар мен тоғызқұмалақшылар үйірмесі, «Жас турист» өлкетану отауы жұмыс істейтін көрінеді.

Ауылдағы кітапханада еңбек ететін Светлана Берманова отағасы Жарылғасын Есетбаев екеуі – үш перзент сүйіп, бүгіндері қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, немере-жиендерінің алдын көріп, олардың бал қылығына кенеліп отырған бақытты жұбайлар. Өздері ата-әже боп үлгергендеріне қарамастан, Жарылғасын мен Светлана балалар үйінен 2 перзент асырап алған.

— Әуелі осыдан бес жылдай бұрын Оралдағы балалар үйінен Жанғалиева Гүлзада есімді қыз баланы үйге алып келдім. Бұл қызым қазір 8-класта оқиды. Сөйтсем, бертін келе отағасының, «Сен өзің қызды болдың, маған ұл бала қайда?» деп әзіл-шыны аралас базына айтуы жиіледі. Содан осыдан екі жыл бұрын Оралдағы балалар ауылынан Есенғалиев Ерген деген сүйкімді балақайды бауырымызға бастық. Ерген бүгінде 2-кластың оқушысы. Қамқорлығымызға алған ұлымыз да, қызымыз да үздік оқиды, әрі үй шаруасына екеуі де қолғанат. Гүлзада қызым үй жинау, тамақ пісіру, дастарқан қамдау секілді күнделікті шаруаға қазірдің өзінде төселіп қалды. Ал Ерген әкесінің қасында жүріп, сыртқы шаруаның жай-жапсарына қанығуда. Әсіресе, оған тайға мініп, мал қарап, мал қайырған ерекше ұнайды.

Тәрбиемізге алып, бауырымзға басқанымызға біраз уақыт өтсе де, аудандық, облыстық деңгейдегі әлеуметтік мекемелердің өкілдері ара-тұра келіп, балалардың тұрмыстық жағдайын әлі күнге дейін қадағалап тұрады. Мұндайда балалар «Өздері балалар үйін тез ұмытыңдар деп алып, тексеруге келіп, есімізге түсіре беретіндері несі?» деп өкпелеп, бұртиып қалады, — дейді екі бірдей жәудіркөзге жан жылуын сыйлап, жүрек мейірімін төгіп отырған Светлана ханым.

Қырық түтінді, 165 тұрғыны бар Сегізсай ауылының ынтымағы бізді тәнті қылды. Мәселен, олар үлкен-кішісі асарлатып жүріп ауылдарына келген Жәния Жұбанова, Зәкәрия Орынғалиев, Гүлназ Жәкиева секілді жас мамандардың, яки мұғалімдердің отбасына 2 жылда 4 үй салып берген. Баспана тұрғызудан тәжірибесі молайған сегізсайлықтар алдағы жазда және үш-төрт үй салмақ ниетте. Бұған қоса біз сегізсайлық педагогтардың балаларды әдебиет әлеміне жетелеу тәсіліне де сүйсіндік. Ауыл мектебінің психологы Айгүл Кенжебаеваның айтуына қарағанда, оқушылар күн сайын сабақ басталардан 15 минут бұрын құрбы-құрдастарына өздері оқыған әдеби шығарманың мазмұнын айтып береді екен. Әрі әр бала оқыған кітаптарынан алған әсерін арнайы дәптерге жазып отыратын көрінеді.

«Орал өңірі» газеті редакциясы қызметкерлерінің сегізсайлық оқырмандармен кездесуі барысында ауыл-аймағының сыйлы ақсақалы, бұрын егіс бригадасының бригадирі болып жылдар бойы жемісті еңбек еткен Зарлық Сүйіндіков: — Ауылымыздың бірлігі бекем, жұртымыз еңбекқор, сондықтан да тұрмыс-тіршілігіміз берекелі. Үлкен-кішіміз адал еңбектен қашпаймыз. Ауылдаста-рымыздың ынтымағын нығайтар, ырысын молайтар ортақ шаруаға әр кез оң иығымызды тосып тұрамыз. Қарияларымыз өнегелі, жастарымыз құлақты. Біздің ауыл-аймақтың осындай қадір-қасиетін жария етуге келген ниеттеріңізге рақмет, айналайындар! Жақсылығымыз жалпақ жұртқа жұғысты болса, әрине, біз де қуаныштымыз, – деген еді. Көпті көрген, көңіліне көп нәрсе түйген қарияның ақ батаға пара-пар үшбу аталы сөзін біз жамағатқа жайғанды жөн санадық.

Алмаз ауылдық округінің әкімі Ғаббас Қайырғалиев Сегізсай тұрғындарының табиғи өсімі жыл өткен сайын жақсарып келе жатқандығын тілге тиек етті.

— Сегізсай – «Орал – Ақтөбе» күрежолына таяу, Орал мен Ақтөбе қалаларының қақ ортасында дейтіндей қашықтықта орналасқандықтан, екі облыс орталығына да қатынау оңай. Әрлі-берлі көлік ағылып жатыр. Оның үстіне бұл ауылдың айналасы шаруаға жәйлі. Шабындық та, мал жайылымдық та жер жеткілікті. Сонымен қатар жергілікті бағбандар Сегізсайдың топырағы бақша салуға, әсіресе, қауын-қарбыз өсіруге керім екендігін айтып жүр. Шаруаға жәйлі, тұрмыс-тіршілікке қолайлы жерден әрі түтіні түзу ұшқан ауылдан адам кете ме?! Сол себепті тап осы ауылдан көшіп кетушілер жоқ, керісінше көшіп келушілер баршылық. Мысалы, былтыр Шыңғырлау ауданының өзге елді мекендерінен 2 отбасы Сегізсайға қоныс аударса, биыл көршілес Бөрлі ауданынан бір отбасы осы ауылға көшіп келді, – деді бізбен әңгіме барысында ауыл әкімі.

…Ынтымағы мығым, ырыздығы мол һәм мейірімді ауылдан біз әдемі әсермен аттандық.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы