22.12.2015, 6:06
Қараулар: 91
Әлеуметтік қызметкердің міндеті кеңейді

Әлеуметтік қызметкердің міндеті кеңейді


Таяуда облыстық мәслихаттың мәжіліс залында «Денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметтің өзекті мәселелері» тақырыбына  семинар өтті. Әлеуметтік қызмет саласындағы өзекті мәселелерді қозғаған семинарға БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М. Аймырзиева, БҚО әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Д. Исқақова, Орал қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы «Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесінің  басшысы А. Дәулетов және дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар қатысты.


— Бүгінгі шараға екі басқарма бірігіп, халыққа әлеуметтік қызмет пен психологиялық көмек көрсетуді жаңа бағытқа жоспарлау мәселелесімен жиналып отырмыз. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аяқталып, жаңа «Денсаулық» атты бағдарлама енгізілді. Аталмыш бағдарламада әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың аса қажеттілігін көріп отырмыз. Үкімет орын алған дағдарысқа қарамастан 2016 жылдан бастап медицина қызметкерінің жалақысын 30, ал әлеуметтік қызметкердің еңбекақысын 40 пайызға көтеріп отыр. Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын әлі де пысықтау – заман талабы, — деді жиынды ашқан Мәншүк Құдайбергенқызы. Бұдан соң сөз алған БҚО денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлнәр Әбдірахманова «Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті әлеуметтік бағытта дамытудың ұсыныстары» туралы баяндады.

Облыста әлеуметтік көмекті қажет ететін 711 қария бар. Оның 16-сы – Ұлы Отан соғысының ардагері, 6-ауы – соғыс мүгедегі, 29-ы – майдангер жесірі, 288-і – тыл ардагері, 26-сы – 1-2 топ мүгедектері, 346-сы – зейнеткер.

— Бұған қоса әлеуметтік көмек беру тобына кіретін адамдар санатында 157 мүмкіндігі шектеулі бала бар, — деді «Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің басшысы Арман Дәулетов өз сөзінде. — Сол балалардың 100-і – өздігінен жүріп-тұра алмайтындар, 57-сі – психоневрологиялық ауытқулары бар және 36-сы – 18 жастан асқан психоневрологиялық науқастар. Аталмыш топтағы адамдарға өз деңгейінде қызмет көрсетудеміз. «Арба», «Ботақан», «Бәйтерек», «Қалалық мүгедектер қоғамы» сияқты үкіметтік емес ұйымдармен үнемі байланыста жұмыстанып отырмыз. Асыраушысы жоқ немесе басқа елді мекенде тұратын, психикалық ауытқуы бар, наркологиялық диспансерде есепте тұратын, түрмеде отырған баласы бар жалғызбасты қарияларға қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік қызметкер бір адамға аптасына 2 рет барып, 2 сағат уақытын бөледі. Олардың міндетіне көмекке мұқтаж жандардың үйін жинау, дәрісін, дүкеннен азық-түлігін әкеліп беру, ас әзірлеу, киімін жуу немесе химиялық тазалауға, жөндеуге тапсыру, коммуналдық төлемін төлеу, дәрігерге апару, жалпы кез келген тұрмыстық қажеттілігін атқару кіреді.

Арман Оразғалиұлының айтуынша, әлеуметтік көмек тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, экономикалық, құқықтық бағытта беріледі. Мекемедегі 174 қызметкердің 134-і – әлеуметтік қызметкер, қала бойынша 11 әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі, 11 кеңесші бар.

Жиында әлеуметтік қызмет пен медициналық көмекті бірлесе атқару, әлеуметтік қызметкерлерді қайта даярлау, ролін арттыру, білім мен тәжірибені біріктіру, педагог-психологтарды медициналық бағытта қайта даярлау мәселелері қаралды.

БҚО медициналық колледжіндегі біліктілікті арттыру бөлімінің әдіскері Асылзада Кәрімова 2015 жылы колледж қабырғасында біліктілігін арттыруға тиісті 15 психологтың курстан өтпей қалғанын айтты. Асылзада Сағынқызы әлеуметтік қызметкердің міндеттері мен олардың қоғамда беделін арттыру турасында сөйледі. Ол қойылған сұраққа орай БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы штатындағы психологтарды медициналық бағытта қайта даярлауға әзір екендерін айтты.

Әлеуметтік қызметкердің медицина тұрғысында болашақта атқарар қызметіне аурудың алдын алуға ықпал ету және осы бағытта алдын алу жұмыстарын жүргізу, өз қамқорлығындағы адамның мүгедектігіне орай қажетті құрал-жабдықтарын алуға, медициналық тексеруден өтуіне көмектесу жатады.

Семинарда қарттар мен мүгедектерге медициналық көмек көрсетудегі медбикелердің ролі, қалалық емханалардағы әлеуметтік көмекті ұйымдастыру, аурудың соңғы сатысындағы адамдарға паллиативтік, психикалық ауытқушылығы бар науқастарға психологиялық көмек көрсету бағытында №3 емхана герантологы А. Елемесова, №1 емхананың әлеуметтік қызметкері Г. Еспанова, №4 емхана жанындағы орталық меңгерушісі Ж. Жанғалиева, облыстық психикалық-денсаулық орталығының психологы Г. Давыдова баяндама жасады.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар