22.12.2015, 6:05
Қараулар: 32
Емдеудің жаңа әдістерін үйретпек

Емдеудің жаңа әдістерін үйретпек

DMS_6228


Жуырда облыстық клиникалық ауруханада «Жақ-бет сүйек аймағы мен ЛОР ағзаларының патологиясымен дүниеге келген науқастарды инновациялық әдістермен емдеу» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Медицина мамандарының басын қосқан жиынға Алматыдан келген профессор К. Шалабаева мен медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары санатты дәрігерлер С. Нұрмағанов пен М. Әуелбаев қатысты. Алматылық отоларингологтар мен білікті хирургтар бір апта бойы заманауи жабдықтар-дың көмегімен жақ-бет сүйегі аймағы мен ЛОР органдарының патологиясымен дүниеге келген сәбилерге ота жасап, жергілікті дәрігерлерге білген-түйгендерін үйретпек. Өйткені ғалымдар медицинаның соңғы жетістіктері арқылы науқастарға есту қабілетін қайтару қолдан келетін іс екенін дәләлдеді.

Серік Нұрмағанов – есімі республикамызға кеңінен танымал, талай адамға екінші өмір сыйлаған алтын қолды дәрігер. Бүгінде мұрын қуысы мен құлағы бітеу, ерні жырық болып дүние келген науқастарға сәтті ота жасап келеді. Ол өз тәжірибесінде есту жолдарының туабітті ақауларын емдеудің жаңа әдістерін жетілдіруде.

— Жақ-бет, құлақ аймағының аурулары, таңдай, ерін патологиясымен туған балалар еліміздің әр аймағында кездеседі. Медицинаның қарышты дамуы арқасында, мұндай дерттерді жаңа әдіспен емдеудің жолдары қарастырылды. Бұл тәсіл, ең алдымен, С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің клиникасында енгізіліп, қазір бұл тәжірибені республикамызға тарату жұмыстарын қолға алдық, — дейді медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Серік Балташұлы. Ал профессор Клара Шалабаева жаңа әдіспен жасалатын оталардан кейін балалардың есту қабілетінің артқандығы байқалып, бұрын-соңды шетелде ғана жасалатын мұндай оталарды отандық дәрігерлердің сәтті жүзеге асырып жатқандығын қуана хабарлады.

Алматылық мамандармен 2011 жылы басталған әріптестік қатынас бүгінде өз жемісін беруде. Осы жылдар аралығында олар облыстық аурухананың отоларинголиялық және жақ-бет сүйегі хирургиясы бөлімшесінде жүздеген науқасқа жоғары деңгейде ота жасаған.

Білікті хирургтар кезекті іссапар кезінде 27 адамға кеңес беріп, он адамға ота жасауды жоспарлап отыр. Олар апта соңына дейін 5 жастан 21 жасқа дейінгі науқастарға ем шараларын жалғастыратын болады.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар