22.12.2015, 6:03
Қараулар: 50
«Болашақта атқарылар жұмыс аз емес»

«Болашақта атқарылар жұмыс аз емес»

DMS_8116


Кеше «Нұр Отан» партиясының  ғимаратында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс  жөніндегі кеңестің қорытынды жиыны өтті.  Жиын еліміздегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2013-2017  жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның облыс аумағында іске асуы, ақпараттық-түсіндіру топтарының  жұмысын қорытындылап, алдағы жылдың жұмыс бағытын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.  Басқосуда  Батыс Қазақстан облыстық  дін  істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов  жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.


Дін істері басқармасы облысымыздағы діни бірлестіктер қызметіне мониторинг жүргізу, сараптама жасау, діни ахуалға әлеуметтік зерттеулер жүргізу, ақпараттық-түсіндіру, оңалту және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңының орындалуын қадағалау  бойынша  төрт бағытта жұмыс атқарады, – деді  Талғат Нығметов. – Биыл діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы ауқымды болды. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде 103 223 адамды қамтыған 1308  іс-шара  өткізілді. Соның 620-сы – жастармен кездесулер.

Облыстағы діни ахуалға мониторинг  жасау  және  облыс жастарының діншілдік деңгейін зерттеу үшін  2 млн.  804 мың теңге қаржы бөлінді. Жобаны «Innovation research» маркетингтік  және  әлеуметтік зерттеулер агенттігі» ЖШС  (Алматы) жүзеге  асырып, қорытындысы  ҚР Дін істері комитеті, ҚР ҰҚК БҚО департаменті  және т.б. тиісті органдарға жіберілді. Зерттеу қорытындысынан халықтың діни сенімінің артқандығын байқаймыз. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмысынан  хабардар азаматтар 57,4%-ды құрады және қазан айымен салыстырғанда 6,9%-ға артты. Бұл облыс бойынша құрылған ақпараттық-түсіндіру  топтары жұмысының нәтижелілігін көрсетеді. Облыс  жастары арасында  жүргізілген сауалнама  дінге  әбден сенетін, діни жоралғыларды толық орындайтын жастар санының 3,5%-ға  артқанын көрсетті. Сондықтан дінге бет бұрған жастардың теріс діни ағымдарға кетіп қалмауын қадағалау – күн тәртібіндегі басты мәселе. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары  негізгі пәрменді тәсіл болып табылады. Сондықтан басты мақсатымыз – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда терроризм идеяларына қарсы иммунитетті, дұрыс  діни сананы қалыптастыру және  тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру болып табылады.

Талғат Рақымұлы  бұдан әрі бұл бағыттағы жұмыстың 6 әдіс-тәсілмен атқарылып жатқанын айтты. Олар кездесу, дәріс, әр түрлі семинарлар, дөңгелек үстел, флеш-моб, акциялар,  БАҚ арқылы, яғни  журналистік пулдардың қызметі, мақала, бейнеролик шығару,  репортаж, теле-радио сюжет, сайттардың және әлеуметтік желілердің, блогерлердің  жұмысы.

Сондай-ақ  түрлі мақсаттық топтарға арналған баспа өнімдерін басып шығару және тарату, «114 – Қауырт желі» туралы  қоғамдық көліктерде,  LED дисплей экрандарға орналастыру жұмысы қолға алынды. Жұмыстың тиімділігін арттыру жолында  республикалық  ақпараттық-түсіндіру топтарының беделді теологтарын облысқа шақырып, жастарға олардың дәрісін тыңдату, білікті теолог-мамандарды облысқа тұрақты жұмыс жасауға тарту және АНТ мүшелерінің діни білімін арттыру қолға алынған.

– Күні бүгін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 3 негізгі мақсаттық топтармен, дәлірек  айтсақ, зайырлы орта, дәстүрлі емес ағым өкілдерімен және діни экстремистік көзқараспен сотталған  азаматтармен атқарылуда. Облыс тұрғындары тарапынан оң бағасын алған, облыстық қазақ драма театры сахналаған «Жәннат» драмасы облыстың 12 ауданында және түзету мекемелерінде қойылды. Драма кәсіби түрде дискіге түсірілді. Келесі жылы бұл  драманы басқа да маңызды мақсаттық топтарға көрсету жоспарланды. Дін істері комитетінің бастамасымен еліміздің облыстарында университеттер жанынан «Қыз Жібек» қыздар клубтары ашылып  отыр. Бұл іс біздің облыста да жалғасын тапты.

Халыққа діни бағытта түсіндіру жұмыстары Ақжайық, Зеленов, Қаратөбе, Сырым аудандарында  жақсы  атқарылса, Шыңғырлау, Қазталов, Бөрлі, Жәнібек, Бөкей ордасы, Теректі, Жаңақала , Тасқала аудандарында белсенділік төмен. Тіпті Ақжайық және Қаратөбе аудандарында бір ай бойы дін мәселесіне жауапты маман болмады. Ауданда дін саласындағы шаралардың басым бөлігі, өкінішке орай,  зайырлы ортамен ғана атқарылуда. Сондықтан аудандардағы өндіріс орындарында, вахталық қалашықтарда, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни ағымдар ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған кешенді түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды ұсынамын. Болашақта атқарылар жұмыс аз емес, – деді Талғат Рақымұлы.

2015 жылы  дәстүрлі емес ағым жолындағы 390 адаммен жекелей және жалпылай діни-психологиялық көмек беру, діни бағытын анықтау, оңалту бағытында жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде бірқатар азамат дәстүрлі бағытқа ауысты. Түзету мекемелерінде дін ұстанушы 145 адам бар. Олардың 115-і  – ислам, 30-ы   христиан бағытында. Ағымдағы жылы теолог-мамандар 78 азаматпен жеке  сұхбат  жүргізген.

Кеңесте Тасқала және Теректі аудандары әкімдері С. Әлиев пен Ж. Серікқалиев аудандағы діни ахуал туралы баяндама жасады. Тасқала ауданында 1 аудандық, 9 ауылдық ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. 2 мешіт, 1 намазхананың 60-қа  жуық жамағаты бар. Аудан әкімі С. Әлиев ауданда теріс діни ағымды ұстанған 10 адам барын, оның 2-еуі түсіндіру жұмыстары  нәтижесінде дәстүрлі мазхабқа оралғанын айтты. Жарыссөзге қатысқан Қазақстан халқы  Ассамблеясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов жыл бойы ауданда 32 шара ғана өткені халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде атқарылмағанын білдіретінін айтты. БҚО прокуратурасының бөлім басшысы А. Оңаев Тасқала ауданында  жалған  терроризм фактісінің орын алғанын, өткен жылы  ауданда баптистердің рұқсат етілмеген діни әдебиетті таратқанын, болашақта осы мәселеге сақ болу керектігіне назар аударды. С. Әлиев сөз соңында ауданға бір теолог маманды куратор етіп бекіту туралы өтініш білдірді.

38 мың халқы бар Теректі ауданында 2 шіркеу, 4 мешіт жұмыс істеп тұр. Мешіттің 394 жамағаты бар. Бұл ауданда  8 отбасы  екпеден бас тартып отыр. Соның 4-еуі діни теріс ағымдағы отбасы болса, 2-еуі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде екпе салуға келіскен. Аудан әкімі Ж. Серікқалиев облыстағы ірі ауданда қалыптасып отырған діни ахуалды қадағалауға аудандық ішкі саясат бөлімінің күші жетпейтінін айтты.

Кеңесте барлық аудандық  жастар ресурстық орталықтарына діни білімі бар мамандарды жұмысқа орналастыру, оларға жағдай туғызып, жергілікті жерлерде күрделі мақсаттық топтармен, соның ішінде дәстүрлі емес діни бағыттарда  жүрген азаматтармен жеке кездесулер ұйымдастыру арқылы дәстүрлі бағытты түсіндіру жұмыстарын жүргізудің мүмкіндіктерін қарастыру  ұсынылды. Ақпараттық-түсіндіру топтарының семинарларын өткізу, діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын және қоғамның ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттау, қысқасы ақпараттық жұмыстарды сапалы атқару туралы айтылды.

Жиын соңында облыстағы ақпараттық- түсіндіру топтарының үздік және белсенді мүшелері марапатталды.  Олардың арасында БҚО прокуратурасының бөлім басшысы А. Оңаев, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Л. Батырғалиева, Қазталов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы С. Жұмағалиев, Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің  басшысы Қ. Теміров, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандық мешіттерінің имамдары Х. Сыдиқов, Қ. Нәжмитденов, Е. Ихсанов, Н. Иманғалиев және Орал қалалық мешітінің наиб имамы, Орал медресесінің ұстазы  Б. Дүйсенәлі бар.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар