22.12.2015, 6:01
Қараулар: 3
Жетістіктерге жомарт жыл

Жетістіктерге жомарт жыл

IMG_0087


Салтанат сарайының мейрамханасында спортшылар балы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен белгілі палуан, олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Юрий Мельниченко қатысты.


Шара жыл ішінде өңіріміздегі спорт саласында қол жеткізген табыстар баяндалған бейнефильммен ашылды. Содан кейін сөз алған облыс басшысы мұндай бал жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанын, ол жылды қорытындылап, ертеңгі күнге жоспар жасауға мүмкіндік беретінін айтты. «Ағымдағы жылды жақсы жетістіктермен аяқтап отырмыз, соның ішінде спорт саласы үшін де табысты болды, – деді Нұрлан Асқарұлы. – Ең басты жетістігіміздің бірі – келер жылы өтетін жазғы олимпиадаға өңіріміздің үш спортшысы жолдама алды. Риоде-Жанейродағы олимпиадада ұлттық құрама сапында өнер көрсететін батысқазақстандықтар саны тағы да артады деп сенеміз. Спортшыларымыздың жоғары нәтиже көрсетуіне облысымызда барлық жағдай жасалынуда. Яғни биыл Орал қаласында 300, Сырым мен Қаратөбе аудандарында 160 орындық спорт кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыс орталығында, аудан-ауылдарда спорт мектептері күрделі, ағымдағы жөндеулерден өтіп, жаңа спорт нысандары салынып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да спортпен айналысып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысып, топ жарып, өзгелерге үлгі болып жүр.

Мұның бәрі Елбасының спортты, салауатты өмір салтын дамыту бағытындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Айта кету керек, Президентіміздің өзі де спортты жанына серік етеді. Сөйтіп отандастарымызға үлгі көрсетіп келеді. Статистикалық мәлімет бойынша бүгінгі таңда батысқазақстандықтардың 25 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады».

Одан әрі  облыс әкімі биыл жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды, бапкерлерді, сала қызметкерлерін өз алғысхатымен марапаттады. Олардың арасында параолимпиада ойындарында пауэрлифтингтен бас жүлде алған Азон Шаймарданов,  спорт ардагері Владимир Мельников, жекпе-жек спорт түрлерінен олимпиада резервтерін даярлау бойынша мамандандырылған БЖСМ-ның қызметкері Гүлжан Жұмекешева, жүзу спорты бойынша бапкер Сарнияз Ибрашев бар.

Шара барысында жылдың үздік спортшысы, бапкері, командасы да анықталды. 2015 жылдың үздік спортшысы болып халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әскери самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан Еуропа чемпионы Темірлан Ихсанғалиев танылды. «Жыл жаттықтырушы» аталымы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жат-тықтырушысы, байдарка мен каноэ есуден 2016 жылғы жазғы олимпиада ойындарына екі жолдама иегерін дайындағаны үшін Александр Акунишниковқа бұйырды. Ал «Жыл командасы» болып еліміздің бірінші лигасының чемпионы болған «Ақжайық» футбол командасы танылды. Облыс басшысы оларды да марапаттады. Өз кезегінде «Ақжайық» футбол клубының жетекшілері командаға барынша қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне естелік доп, өздерінің құрмет медалі мен дипломын табыстады. Мұндай сыйлыққа облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де ие болды.

Түрлі аталымдар бойынша марапатталғандардың арасында әріптесіміз, «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Қалиолла Қарағойшин де болды. Ол «Үздік журналист» деп танылса, «Спортшы – мемлекеттік қызметші» аталымын Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев иеленді. Айта кетейік, Мұрат Рахметұлы мемқызметкерлер арасында үстел теннисінен екі дүркін облыс чемпионы, республикалық спартакиаданың қола жүлдегері, волейболдан да облыстың екі дүркін қола жүлдегері болып табылады.

Өз кезегінде сөз алған Юрий Мельниченко Ақ Жайық өңірінде спортты дамыту бағытында көптеген іс-шара қолға алынғанына ризашылығын білдірді. Міне, соның нәтижесінде олимпиада ойындарына жолдамалар алынуда. Ендігі уақытта олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындауға жете мән беру керек.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар