8.12.2015, 6:04
Қараулар: 64
Инновацияға құштар өрендер Сырым ауданында аз емес

Инновацияға құштар өрендер Сырым ауданында аз емес

сырымдык орендер


Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығы жанындағы робототехника және фотоөнер үйірмесі бір жылдан бері жұмыс жасап келеді. Оған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі Ақжан Тасанов жетекшілік жасайды. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Сырым ауданына жұмысқа келіп, инновацияға құштар жас өрендерді тәрбиелеп жүр.


Жас маманның айтуынша, робототехника және фотоөнер үйірмесіне барлығы 36 оқушы қатысуда. Шәкірттер робот бөлшектерін жинауды және оларға бағдарлама орнатуды, фотоаппаратпен жұмыс істеуді үйреніп, шығармашылық қабілеттерін дамытуда. Жа-ңалыққа ынтық балалардың жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, «Қазақстанның болашағы нашасыз» облыстық байқауында үйірме мүшесі Елжас Орынбаев «Үздік плакат» аталымы бойынша ІІ орын иеленіп, марапатталды. Ол «Таңғажайып сәт» атты балалар фотосурет байқауында «Жыл бойындағы салт-дәстүрлер» аталымында да жүлдегер атанды. Үйірмеге қатысушы шәкірттердің бірі Қайдар Төрехан да осы фотосурет байқауында «Өндірістік-тұрмыстық қызмет» аталымы бойынша жүлделі І орынды қанжығалады. Балаларды фотоөнер тылсымына үңілтіп жүрген үйірме жетекшісі Мырзахмет Мерей арнайы марапатқа ие болды.

Соңғы жылдары өңірімізде мектеп оқушыларының ғарыштық технологиялар саласы бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру мақсатындағы жарыстар жиі өтуде. «Ғылым әлемін ашамыз» атты облыстық ғарыштық зерттеулер бойынша ХІ халықаралық ғылыми жарысына қатысқан сырымдық үйірме мүшелері Ерлан Болатовтың, Елжас Орынбаевтың және Гауһар Ақшолақованың «Күн жүйесін зерттеу» бойынша топтық жұмыстары жақсы бағаланып, үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар балалардың техникалық шеберлігін арттыру мақсатында өткен «Кеме үлгісі» спорты бойынша да үйірме мүшелері жеңімпаз атанды.

Биыл отбасы күнін мерекелеу шеңберінде өткен облыстық «Отбасы – бақыт мекені» атты балалар фотобайқауында Елжас Орынбаев жүлделі екінші орынды иеленсе, оқушылардың құрастырушылық ой-өрісін дамыту мақсатында ұйымдастырылған облыстық «Түлкі аулау» спорттық радиопеленгация жарысынан Ахат Шыңғыс жүлдегер деп танылды. Күні кеше өткен «Мектеп табалдырығынан ғылымға» атты облыстық көрме-байқауда «Экология және табиғатты тиімді пайдалану» аталымдары бойынша Ерлан Болатов пен Шыңғыс Ахат ІІІ орын алып, марапатталды. Тап осы облыстық көрме-байқауда «Автоматика, телемеханика, радиотехника және интеллектуалдық жүйе» аталымы бойынша үйірме мүшесі Жұмалы Аслан І орын алып, оза шапты. Үйірме жетекшісі Ақжан Тасановтың өзі де жүлдеден кенде емес. Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың логотипін жасау үшін ұйымдастырылған шығармашылық байқауда оның туындысы үздік деп танылды.

Оқушылардың техникалық сауаты мен ғылыми ой-өрісінің дамуы үшін қосымша білім беру педагогына да білім-біліктілік керек. Техникалық үйірменің жетекшісі Ақжан Тасанов Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған «Робототехника үйірмесінде оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту» атты семинар бағдарламаларына қатысып, тәжірибе алмасты. Қазіргі уақытта робототехника және фотоөнер үйірмесі жаңа жобаларын дайындау үстінде.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

Сырым ауданы