1.12.2015, 6:10
Қараулар: 35
Кедергілерге қарамай, алға жетелейді

Кедергілерге қарамай, алға жетелейді

DSC_0018


Кеше «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын көгілдір экран арқылы тыңдап, соңынан талқылады.


«Орал» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ержан Балтаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында жаһандық дағдарыс жағдайындағы күллі елімізді, өңірлерді дамыту мәселелері жан-жақты талданып, айтылған. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекетті дамытудың, экономиканы өсірудің, яғни қиындықтан табысты, бақуатты мемлекетке айналудың жөн-жосығы көрсетілген.

– Жолдауда  кедергілерге қарамай, дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндеті қойылып отыр. Осы стратегияға орай Қазақстан ДСҰ-ға мүше болып қабылданды. Енді отандық өндірісшілер әлемдік тауар өндірушілермен бәсекеге түседі. Бұл – 160 елдің «бәсеке» майданы, ондай нарықта өнімнің сапасы алдыңғы орынға шығып, дұрыс жұмыс жасайтын кәсіпорындар ғана «тереңге» батпай, судың бетіне шығады, – деді инвестициялық жобалар департаментінің директоры Артур Досқалиев. Ал активтерді басқару бойынша департаментінің директоры Андрей Локтевтің пікірінше, Елбасы Жолдауы бойынша нақты мүмкіндіктер нарығын қалыптастыруымыз керек. «Басты принциптердің бірі – нарықтық экономика және бәсекелестік. Осыған байланысты жекешелендіруді нарықтағы әділ баға бойынша өткізіп, сатып алу құқығына қатысты берілетін артықшылықтарды жою арқылы жекешелендіруді компанияның ішінде емес, бәсекелестік ортаға шығаратын боламыз», — деді А. Локтев.

– Елбасының өзі бәсекелестікке төтеп бере алмайтын компанияларға шексіз қолдау көрсетудің қажет еместігін, шет елдерде банкроттық дегеннен ештеңе тоқтап қалмайтынын, ал бізде одан шошитынымызды, банкрот болса есігіне қара құлып ілініп, адамдардың жұмыссыз қалатынын айтты. Шет елдерде миллион компания банкрот болып, олардың орнынан миллион кәсіпорын құрылады. Мұны экономикадағы әдеттегі құбылыс деп қараған жөн. Қазір елімізде банкроттыққа тек заңды тұлғалар ұшырайтын болса, шет елдерде  жеке тұлғалар да сол «кепешті» киеді. Елбасы банкроттық институтты дамыту жайындағы осындай көзқарасымен бөлісті. Компаниямыздың тәжірибесінде банкроттыққа қатысты өнеге болатын жұмыс жасалғанын айтсақ деймін. 2014 жылы сот арқылы «Батыс-Күнбағыс» компаниясы банкрот деп жарияланды. Бірақ кәсіпорынның жұмыс орындарын сақтап қалып, жеке инвестор тартып,  зауытты  жаңғырттық. Бұрынғы «Батыс-Күнбағыс» компаниясының орнына «Теректі май комбинаты» деген кәсіпорын құрылды. Бүгінде тұрақтандыру қоры шеңберінде сол зауыттың күнбағыс майы пайдаланылуда, – деді «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Е. Батаев.  Оның айтуынша, Жолдауда айтылғандай, қазір жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде «Орал ӘКК-ның бірнеше компаниялары жекешелендіру тізіміне енген болатын. Солардың ішіндегі жер қойнауын пайдаланушы шағын екі компания өткен жылы сатылып, үш компанияны тарату (оның бірі – «Градиент» аймақтық инвестициялық орталығы» АҚ) бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет-жеке меншік әріптестік жөнінде жуықта жаңа заң қабылданды. Бұл – еліміздегі жаңа институт, енді дамып келеді. Биылдан бастап облыс шеңберінде осындай жобаларға қолдау көрсету аталмыш корпорацияға жүктелген.

Жолдауда айтылған инвестиция тарту жұмыстары бойынша аталмыш компания Пойма ауылында қазақтүрік инвестициялық аймағын құруға жұмыстануда. Түрік мемлекетінің инвесторларымен бірге жұмыс істеу жөнінде меморандум жасалды. Соныман қатар Оралдағы Құрманғазы көшесіндегі бұрынғы балалар аурухана ғимаратын жөндеуге 1 млрд. теңгеге жуық инвестор қаржысы тартылған.  Жөндеуден өткен бұл ғимарат 1-класты бизнес орталық болмақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

*    *    *

IMG_7980

«Нұр Отан» партиясының Қазталов аудандық филиалының мәжіліс залында  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын «нұротандықтар» ықылас қоя тыңдады.

– Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін атап өтті. «Қазақстан – 2050» бағдарламасын екі жыл бұрын жариялаған кезде, бұл межеге жетуге жолымызда қиындықтар кездесетінін, соған дайын болып, тиісті шаралар қабылдау керектігін көрсетіп берді. Сондықтан ендігі алдағы істеріміз Елбасының Жолдауында айтқан міндеттермен байланыста болу қажет, – деді Жолдауды тыңдағаннан кейін «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр.

Бұдан кейін сөз алған еңбек ардагерлері Есімхан Меңешов, Тұрақбай Дүйсенов Елбасының  Жолдауын іске асыруда жастар жалынды еңбек ету қажеттігіне тоқталды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

*     *     *

Марат  ОҢҒАРБЕКОВ,

облыстық  ауыл  шаруашылығы басқармасының  басшысы:

– Біз тек еңбектің арқасында тығырықтан шығып, дағдарысты жеңеміз. Көптеген бағдарламалар жасалуда. Мұның бәрі ел болашағын айқындайды. Елдегі үлкен сектор – ауыл шаруашылығы. Бағалар нарыққа байланысты болу керек. Әлеуметтік жағдайы төмен халық бөлігіне көмек жасауымыз қажет. Жер байлығымыз өзімізді азық-түлікпен қамтуға жетеді деп ойлаймын. Сондықтан жетістіктерге тоқтап қалмай, бағдарламаларға қатысып, әрі дами түсуіміз керек. Түрлі дағдарыстан өттік, бұдан да өтеміз деп толық  сеніммен  айта  аламыз.

Зинатбану  МУСИНА,

облыстық  мәслихаттың  депутаты:

– Әр қазақстандық еліміздің әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі ретінде күрделі қатынастардан өтетінін ұғынуы керек. Елбасы айтқан ұсыныстар мен бағдарламалар, көрсеткен бағыт әбден ойластырылған. Бизнес өкілі ретінде айтарым, біз нақты немен айналысуымызды ұғынуымыз қажет. Өз жұмысымызды барынша тиімді үйлестіргеніміз дұрыс. Әлеуметтік бағдарламалардың дамуына, жұмыс орындары мен жалақы мөлшерінің сақталуына күш салуға тиіспіз.

Қайыржан   ИДИЯТ,

«Ақ жол»  демократиялық  партиясы БҚОФ   төрағасының   орынбасары,  «ТATU»   орта   және шағын   бизнесті   қолдау   қорының   директоры:

– Елбасы Жолдауда келешекте зейнетақы қоры қаржылық секторға бағытталмайтынын айтты. Бұған дейін триллион теңге бағытталатыны айтылған болатын. Бұл біздің партияны толғантты, ойымызды ашық айтқан едік. Азаматтардың маңдай терімен жиған қаржысын екінші деңгейлі банктердің үлкен пайызбен бизнеске беруі, әрине, құптарлық әрекет емес. Елбасы бұған нүкте қойып бергеніне қуаныштымыз. Ұлттық экономиканы біз барынша қолдаймыз. Кәсіпкерлерді ашық, адал жұмыс істеуге шақырды. Бюджеттің 20 пайызға толығуынан көп нәрсені аңғаруға болады. Мемлекет қарапайым азаматтарды қолдап, жұмыс берушілерге көптеген жеңілдіктер жасағанымен, салықтан жалтарғысы келетін кәсіпкерлер баршылық екені рас. Ең болмағанда  сауданы өз валютамызда жасап, теңгені барынша қолдауымыз қажет.

Асқар  АЖАЕВ,

Орал  трансформатор  зауытының  директоры:

– Елбасымыз әлемде орнаған түрлі қиындықтардан бірлікпен өте алатынымызды баса айтты. Бізге, кәсіпкерлердің алдына үлкен әлеуметтік сұрақтарды шешу мәселесін қойды. Бұл – 660 мың жаңа жұмыс орнын ашу. Жастарды тек оқуға емес, істі игеруге шақырды. Кәсіпкерлерге сенім артты. Ел экономикасына шығын келтіріп жатқан зауыттарды қазіргі ауыр жағдайдан шығару мәселесі айтылды. Alageum Electric холдингіміз 20 жылдан астам осы жұмыспен айналысып келеді. Бір мысал, Орал трансформатор зауыты бұрынғы Омега зауытының жартысын сатып алып, қазір заманауи технологиялы зауытқа айналдырды. Қазіргі таңда зауытта 100 адам жұмыс жасайды. 2020 жылы толық қуаттылығына шыққанда 650 адамды жұмыспен қамтымақ. Мұның барлығы Елбасы саясатының қолдауы арқасында «Бизнестің жол  картасы –  2020» аясында  атқарылған  жобалар.

Меруерт САНКАЕВА,

«Бәйтерек» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Жолдауда Елбасының «Әр адамның тағдыры ел тағдырына байланысты, ел тағдыры әр адамға байланысты» деген сөзінде терең мән жатыр. Қоғамда көп талқыланған жалақының өсу мәселесі Жолдауда айтылды. Елбасы: «Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдение-тімізді өркендетуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда, 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап,  алаңсыз  өмір  сүруіне  толық  негіз  болады», – деді.

Бақытжан СИСЕНҒАЛИЕВ,

зейнеткер, Теректі  ауданы, Подстепный ауылының тұрғыны:

– Тікелей эфирден Жолдауды тыңдаған сәтімде алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаспын.

Иә, Елбасымыздың данышпандығы мен көрегенділігі, алыстан ойлайтын  ғадеті мен сабырлы кейпі тәнті етпей қоймайды. Мен егемен елдің еңсе көтерген ақсақалы ретінде келешекте жасалатын  жұмыстарды  естіп,  қатты  қуанып  қалдым.

Алдағы жылы барлық бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы өседі,  студенттеріміз жоғары стипендия алатын болады. Сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы жоғарылайды. Осы жұмыстардың жасалу керектігін Елбасы үкіметке тапсырды. Техникалық оқу алдағы жылдары  тегін  болады  деген  сәтте  жастардың  қалай  қуанғанын елестетіп көрдім.

Иә, ғаламдағы сұмдықтар мен жаһандағы жағдаяттардың  орын алуы жүрекке ауыр тиеді. Олардың сынықтары  елімізге шашырамасын деп тілеп жүреміз. Н. Әбішұлы елдегі бай-шекпенділерді Отанымызға қызмет жасауға шақырып, байлықтың мәңгі болмасын  әсерлі айтып өтті. Шетелдік инвесторларды елімізге тартып, салық санын азайтуды ұсынды. Айта берсек, бұл Жолдаудың маңызды тұстары өте көп. Ал ең бастысы, аталмыш Жолдау халықтың еңсесін көтеріп, келешекке деген үмітін қайта оятты. Міне, сонысымен Елбасымыздың Жолдауы құнды, сонысымен бағалы.

Радик  ДИСАЛИЕВ,

тарих-география  пәнінің  мұғалімі, Алғабас  орта  жалпы  білім  беретін  мектебі, Ақжайық  ауданы:

– ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың кезекті Жолдауында қазіргі  әлемдегі қалыптасқан саяси және экономикалық жағдайға байланысты туындаған мәселелерді шешу бағытында  істелінетін  жұмыстар  жайлы  айтылды.

Осынау күрделі қиын-қыстау кезеңде еліміздің одан әрі дамуы үшін өзіміздің ішкі ресурстарымызды толық әрі тиімді пайдалану керектігін,  қазақстандық бизнесмендер мен кәсіпкерлердің еліміздегі өнеркәсіпке инвестиция құйып, оның игілігін халықпен  бөлісіп, қарапайым  халықтың  алғысына  бөленуге  үндеді.

Бюджет қызметкерлерінің, халықтың қолдауға мұқтаж бөлігінің жалақысы мен жәрдемақысының  өсетіні  де  көңілге  қуаныш  ұялататыны  анық.

Жолдаудың басты ерекшелігі деп алдағы кезде  мемлекеттік бюджеттің ықшамдалып, қазақтың «Көрпеңе қарай көсіл» деген мақалына сай, тек экономикалық өсімді қамтамасыз ететін, халыққа жұмыс пен табыс алып келетін салаларға  басымдылық  берілуі  деп  ойлаймын.

«Көппен көтерген жүк жеңіл» демекші, еліміз алдағы уақытта да қарқынды дамитынына, бола-шағымыздың жарқынды  боларына  бүгінгі  Жолдаудан  кейін  сенімім  арта  түсті.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар