1.12.2015, 6:08
Қараулар: 99
«Елбасының «Темірболат қайда?» деп сұрағанын естігенде, жүрегім ту-лай жөнелді…»

«Елбасының «Темірболат қайда?» деп сұрағанын естігенде, жүрегім ту-лай жөнелді…»

темирболат пен елбасы


Жерлесіміз Темірболат Құбашев — өзінің еңбек жолын Елбасымызбен бірге Теміртауда металлург болып бастаған жан. Соңынан өмірін спортпен байланыстырып, өңіріміздегі бокстың қанат жаюына себепші болды.


1939 жылы Жымпиты ауданының Шолақ Аңқаты ауылдық кеңесінде дүниеге келген Темірболат ағамыз мектеп бітірісімен алғашқылардың бірі болып, комсомолдық жолдамамен Челябинск қаласындағы металлургия зауытының жанындағы №2 тех-никалық училищеге оқуға түсті. «Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен сияқты замандастарыма Ресейде оқу оңай болған жоқ, — деп еске алады ол. — Қала тірлігі, мұндағы орта мүлдем өзгеше. Оның үстіне орыс тіліне шорқақ-тығымыз жағдайымызды одан сайын қиындатты. Мамандығымызға сәйкес негізінен химия пәні сабақ кестесіне жиі қойылатын. Сөздің шыны керек, қазақша оқығанның өзінде де химия оңай пән емес. Басқа түскесін не істейсің, амал жоқ күні-түні жаттап оқыдық. Дәрісте ұқпағанымызды, тәжірибелік сабақтар кезінде зауытқа барғанымызда, көзбен көріп түйсінеміз. Осылайша металлург мамандығының алғышарттарын меңгеріп шықтық».

Училищеден кейін тағдыр жолы оны Теміртауға апарды. Осында қара металлургия алыбы — Қазақстан магниткасының құрылысы қызу жүріп жатты. Кейіпкеріміздің тілімен айтсақ, жер-жерде қаптаған құрылыс, қайнаған еңбек, мойын созып, көк тіреген крандар… Бұлар Челянбинскіден келіп орналасқаннан кейін Украинаның Днепродержинск техникалық училищесінен тағы бір үлкен лек келді. Олардың арасында республикамыздың болашақ Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді.

— Нұрсұлтан Әбішұлының болашақта Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы болатынын ол кезде қайдан білейік. Дегенмен де, көш бастарлық кескін-кейпі, тең құрбысының алды екенін аңғартатын қасиеттері сол кезде-ақ айқын сезілетін. Жанары отты, жүзі жарқын. Көпұлтты ортада өскендіктен шығар, ешкімнен жасқанбайтын. Қазақша да, орысша да майын тамызып сөйлейді. Тегін адам еместігі бірден танылды. Бір тілдескеннен-ақ еріксіз өзіне үйіріп алатын. Сырт көзге сабырлы көрінетін ол намысшыл болатын. Қандастары үшін қашанда от пен суға түсуге дайын тұратын. Қазақстан магниткасын салуға КСРО-ның түкпір-түкпірінен келіп жатқан жұмысшы көп. Олардың ішінде телісі мен тентегі де жоқ емес. Көбіне бүлік шығаратын да солар. Бірде өзін өктем ұстайтын бір есерсоқ «Әй, сендер, қарақұйрықтар» деп қаракөздерімізге тіл тигізіп, әдепсіздікке басқанында Нұрекең көз ілеспес жылдамдықпен әлгіге шап беріп, жерге алып ұрды. Кеудесіне мініп алып, кешірім сұратқанын көріп, қатты риза болдым, — деп еске алады Темірболат ағамыз.

Иә, ол кездегі жарқын сәттер ақсақалдың көз алдында. Алғашқы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге құрылыста жұмыс жасап, өндірістік ғимарат, тұрғын үй, жатақхана, мәдени-әлеуметтік нысандар салды. 1960 жылдың 3 шілдесінде алғашқы домна пеші ашылып, бірінші Нұрсұлтан Әбішұлы, соңынан Темірболат Құбашұлы откөсеуші-металлург қызметіне ауысты. Болат балқымаларды өндіру оңайға түскен жоқ. Оған жігіттің жігіті ғана шыдады. Өзімсіп, өрекпіген жастардың талайы бұл сынға төзе алмай, жұмыстан шығып кетті. Бұлар болат балқымаларды өндіріп қана қоймай, қолдары сәл босағанда спортзалға баруға да уақыт тапты. Нұрағамыз бозкілемнің «шаңын қағып» күрессе, Темақаң рингке шықты. Бірде спортзалдан шыққаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жігіттер, бізге оқымай болмайды. Білек күші де керек, бірақ бірінші кезекте білім күші қажет» – деп, бірге жүрген жігіттердің әрқайсысына қандай мамандық алу қажеттігі жөнінде кеңесін берді. Біздің кейіпкерімізге қарап: «Темірболат, сен бетқаратпайтын шебер боксшы ретінде қалыптасып келесің. Сол себепті осы бағытта, яғни спорт саласы бойынша жоғары білім алсаң қалай?» демесі бар ма. Жанары оттай жайнаған Нұрекеңнің бұл сөзі мұның санасына сәулелі ой салды. Енді оқуға аңсары ауа бастады. Сөйтіп, домна пешінің маңында екі жыл еңбек еткеннен кейін әріптес жолдасы Бәскен Смағұлов екеуі Алматы дене шы-нықтыру институтына оқуға түсті. Айта кетейік, Бәскен ағамыз шаңғы спортынан қандастарымыздың арасында алғаш КСРО спорт шебері атағын алды. Темірболат ағамыз аталмыш оқу орнын бітіргеннен кейін Атырау қаласында жұмыс істеді. Соңғы 33 жылдан бері БҚМУ-да оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент лауазымдарында қызмет етіп келеді.

Ал Нұрсұлтан Әбішұлымен Теміртауда оқуға кетер алдында қоштасқаннан кейін қырық жылға жуық уақыттан соң кездескен.  «Елорда Алматыдан Ақмолаға көшкеннен кейін маған үйге Президент әкімшілігінен телефон шалды, — дейді Темірболат ағамыз. – Қасымбеков деген жігіт Елбасы менің денсаулығымды, жағдайымды сұрап жатқанын айтып, сәлемін жеткізді. «Алдағы уақытта Оралға барған кезде сізбен кездескісі келеді» — деді. Сол кездесу 2000 жылы болды. Президент сапарының алдында сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов қабылдап, Нұрекең менімен жеке кездесетінін айтты. БҚАТУ-дың акт залында өткен жиыннан соң ректордың бөлмесінде Нұрсұлтан Әбішұлымен кездестім. Мен бөлмеге ертерек келіп отырған едім. Елбасы қабылдау бөлмесіне кірген бойда «Темірболат қайда?» деп сұрағанын естігенде, жүрегім тулай жөнелді. Ректордың бөлмесінде екеуміз құшақтасып көрістік. Сол жерде дастарқан дайындалып қойған екен. Нұрекең мені дастарқанға бірінші отырғызып, артынан өзі жайғасып, екеуара әңгіме-дүкен құрдық. Онда Нұрекең біздің жастық шағымыз Теміртаудың отты алауы мен аяз-боранында қатар шың-далғанын тебірене айтты. Түсіне білгенге еңбек пен маңдай терден артық ұлы мектеп жоқ екенін жеткізді. Соның арқасында қандай ма қиындықтарға да мойымай, ел кәдесіне жарап келе жатқанымызды тілге тиек етті. Артынан Теміртауда бастан өткерген түрлі оқиғаларды, замандастарымыздың еңбектерін тізбектеп шықты. Сөздің шыны керек, мен біраз жігіттердің аты-жөнін ұмытып қалыппын, ол кісінің есте сақтау қабілеті мықты ғой, бәрінің атын атап, түсін түстеп отырды. Қазіргі жағдайларына дейін хабардар. Кейбірінің о дүниелік болғанын да естідім. Жалпы алғанда, бұл кездесу өмірімдегі бақытты сәт болды. Осы кездесудің соңында атам Ахметше қазидан қалған былғары қабы бар Құранды Нұрекеңе тарту еттім. Ол Құранды алып, әуелі сүйіп, сосын кеудесіне басып тұрып, өз ризашылығын білдірді. Бұл кездесуден соң біраз жыл өт-кеннен кейін Астанада болған үлкен шараға қатыстым. Шара барысында бір қызық әңгіме естідім. Бір қонақ Елбасына берген түрлі сыйлықтарды тамашалап жүріп, «Сіз үшін осылардың ішінде ең бағалысы қайсы?» деп сұраған ғой. Сонда Нұрекең «Жас кезімдегі бір досым берген Құран бар. Бәрінен де сол қымбат» деген екен. Мұны естіп, бір марқайып қалдым. Ал 70 жасқа толуыма орай 2008 жылдың соңында Ақордадан Елбасының атынан құттықтау жеделхаты келді. Онда «Құрметті Темеке, 70-тің жотасына көтерілген үлкен мерейтойыңыз құтты болсын!» деп басталып, 2000 жылғы кездесуіміз жадында екендігін жеткізген. Сондай-ақ менің өмірде көз-деген мақсатыма қол жеткізіп, абыроймен еңбек етіп, бүгінде өркен жайған бақытты отбасының бәйтерегі болып отырғаныма өте қуанатынын,  осының бәрі үлкен мерейтой тұсында қанағат сезіммен марқая еске алатын, кейінгі ұрпаққа өнеге болуға лайықты ғибраты мол ғұмыр екенін жазады».

Т. Құбашевтың өмірде көздеген мақсатына қол жеткізгенінің бір дәлелі сол,  кезінде өзі білімге, ғылымға, еңбекке, спортқа баулыған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Олардың қатарында ҚР Парламент Сенатының депутаты Жандарбек Кәкішев, Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде қызмет атқаратын Мәлік Сапашев, Әсия Аманбаева, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкерлер Қуаныш Оқасов пен Марат Елеусінов бар.

Өткен аптаның соңында жылдағы дәстүрге сай Темірболат ағамыз Елбасын Тұңғыш Президент күнімен құттықтап жеделхат жолдады. Осындай жеделхаттарды мемлекеттік мерекелерде, Мемлекет басшысының мерейтойларында да жолдауды ұмытқан емес. Ізгі тілекке толы мұн-дай жеделхаттар Нұрсұлтан Әбішұлы мен Темірболат Құбашұлының әлі күнге дейін бір-біріне тілекші екенінің куәсі.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар