1.12.2015, 6:07
Қараулар: 80
Отан тағдырын арқалаған Азамат

Отан тағдырын арқалаған Азамат

IMG_8259


Кеше Салтанат сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған конференция өтті. Оған мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты.


«БҚО азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған шараның мақсаты – Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның зайырлы, құқықтық, тағатты ел болғандығын насихаттау. Еуразия кеңістігіндегі шиеленіскен этносаяси жағдайларға қарамастан, Мемлекет басшысының көрегендігінің арқасында республикамызда орнаған тыныштық, ұлтаралық, дінаралық татулық, берекелі тірлікті үлгі ету.

— Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе алатынын көрсетті. Осы уақыт аралығында республикамыз Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Азия ойындарына, өзге де халықаралық шараларға ұйытқы болуы, 2017 жылы «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізуі бұған айқын дәлел. Мұның бәрінің басында жүрген Елбасымыздың еңбегі ерен екендігі сөзсіз. Билікке келгеннен бастап көрегендік танытып келе жатқан Президенттіміздің ұстанған саясатының моделі бүгінде көптеген әлем қайраткерлерінің қызығушылықтарын тудыруда. Соның арқасында еліміз ешкімге ұқсамайтын экономикалық даму жолын бастады. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көшбасшы елдердің қатарына қосылды. Сөйтіп, Қазақстан әлемдегі өз орнын айқындап алды, — деді жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Конференция барысында баяндама жасаған М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова ел тарихын түгендеу, мемлекеттік идеологияны дамыту бағытындағы шараларға тоқталса, «Ақжол» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қайыржан Идиятов Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған экономикалық саясатты тілге тиек етті. «ҚР Президентінің бастамасымен жүзеге асқан ҮИИД бағдарлама-сының бірінші бесжылдығы аясында құрылған біздің компания бүгінде аяғынан тік тұра бастады, — деді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның директоры Асқар Ажаев. — «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында алынған несиеміз де-меуқаржыландырылса, Ұлттық техникалық даму агенттігімен өндіріп жатқан өніміміздің сапасын арттыруға кеткен шығынның белгілі бір мөлшері өтелуде. Мұндай қолдау көп мемлекетте жоқ. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалып отыр. Сол үшін бизнес қауымдастығы Мемлекет басшысына риза».

«Зенит» зауытының бөлім басшысы Ольга Бедова ел тәуелсіздігінің елең-алаңындағы қиыншылықтарға тоқталып, Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында қазақстандықтар оның бәрін жеңгенін, сондықтан Елбасымен мақтанатынын  баяндады. Жаңақала ауданы Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова мемлекеттік бағдарламалардың ауылдық жерде жүзеге асу барысын, ауылдағы ағайынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтты. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, АҚШ азаматы Том Лум Қазақстандағы бейбіт өмірге, ұлтаралық татулыққа қызыға қарайтынын, әлі де Оралда өмір сүргісі келетінін жеткізді. Осы Том Лумның шәкірті, аталмыш білім ұясының дарынды оқушысы Ернұр Қали-хан мінберге шыққанда, көпшілік оған ризашылықпен қол соқты. Себебі ол қазір 8-сыныпта оқуы керек болатын. Алайда білімді жетік меңгеруінің арқасында Ернұр 10-сыныпта оқуда. Қазталов ауданында дүниеге келіп, ауыл мектебінде оқыды. 2012 жылы  Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы атанды. Бүгінде үш тілде еркін сөйлейтін ол түрлі білім сайыстарына қатысып, облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Шетелдік оқу орындарына барып, білімін шыңдауда. Жас өрендерге осындай жағдай туғызып, жарқын болашақтарына негіз қалап отырғаны үшін ҚР Тұңғыш Президентіне айтар алғысы зор. «Бізге үміт артқан Елбасымның, ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтау — басты міндетіміз, — деді ол. — Соған орай көштен қалмау үшін заманға сай сапалы білім алып, ұлтжанды азамат болып өсу үшін саналы тәрбие алуымыз керек. Менің арманым – АҚШ-тағы Массачусетс технология институтында білім алып, болашақта ғарыш саласының маманы болу. Нұрсұлтан Әбішұлындай Мемлекет басшысы барда мен секілді жасөспірімдердің мұндай армандарының орындаларына сенімім мол».

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар