1.12.2015, 6:06
Қараулар: 17
«Алға, Қазақстан!»

«Алға, Қазақстан!»

DSC_0641


Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын облыстық  деңгейдегі департаменттер мен басқармалардың қызметкерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері  ұжым болып тыңдады.


«Санаулы күндерден кейін біз азаттықтың туын желбіреткен Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басатын боламыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белгісін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету, оған қол жеткізудің қиын екендігін біздер осы жылдарда көріп білдік. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайту үшін бізге әлі талай өтпелі, күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлермен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетірестерімен өзара санкциялар алмасуы дүниені тұйыққа қарай бастауда.

Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасының еселеп құлдырағанын да көріп отырмыз. Бүгінгі ахуал біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыты. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз қажет. Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Бізде заманның аяқалысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жүйелеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз елі бақытты, жері гүлденген, қасиетті Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік ел ету» деп басталған Жолдауда Елбасы дағдарыстан шығу жолдарының бағыты мен бағдарына тоқталып, Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Еліміз әлемдік дағдарысқа төтеп беріп, экономикасы дамыған ел қатарына қосылу жолындағы кездесетін қиындықтарды жеңу жолдарын айқындап берді.

Президент халыққа арнаған Жолдауын «Қымбатты қазақстандықтар, отандастарым! Дағдарыстың бәрі өткінші. Өтеді, кетеді. Бұл қазақтың басынан не нәрселер өтпеген? «Көппен көрген ұлы той» демекші, барлық ел қатарлы бұл қиындықты да жеңерміз. Менің бүгінгі айтқаным – біз  жеңуге болатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 ел қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болуы үшін бізде бәрі де бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтып, тарих алдындағы жүзіміз жарқын болсын десек, осы міндеттерді орындауымыз қажет. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Мен халқыма сенемін, сіздерге сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз – қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көріне берсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін! Алға, Қазақстан!», деген қанатты сөздермен қорытындылады.

Осы айтылған міндеттер бойынша пікірлерін ортаға салған  жерлестеріміз Жолдауды басшылыққа ала отырып жұмыстанатындарын жеткізді.

Зәуре ҒҰМАРОВА,

облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Әлемдік дағдарысқа қарамастан еліміздегі білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салаға оң көзқарастың өзгермейтінін Елбасымыз бүгінгі халыққа Жолдауында тағы да айқындап берді. Сонымен қатар Елбасымыз тәуелсіздік жылдары еліміз бойынша 1700 білім беру нысаны бой көтергендігін атап өтті. Елбасы: «Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді өркендетуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылармен, шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейетін болады. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне негіз бола алады», — деді. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасы басталатынын да атап өтті. Бұл біздерге, яғни білім саласы қызметкерлеріне жаңа бағыттар мен міндеттер жүктейді.

Әсет ТАСМАҒАМБЕТОВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры:

— Бүгінгі Жолдау еліміздің ең қиын кезеңі — дағдарыспен бетпе-бет келген тұста халыққа жарияланып отырғандықтан да, айрықша маңызға ие болатыны сөзсіз. Елбасы өз сөзінде: «Қазақ елі небір қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді, өткеріп те келеді, бірақ бұның әрі уақытша» деп атап өтті. Тек аз ғана уақытта шыдас беріп, бірлігіміздің арқасында төзе білсек, біз бағындырмайтын асу жоқ. Яғни экономикалық дағдарыс тұсында геосаяси жағдайларды ескере отырып, Президентіміз бізге нақты тапсырмалар жүктеді. Ал осы тапсырмаларды орындап, жұмыла жүк көтеруге бәріміз де дайын болуымыз керек. Сондай-ақ  шағын және орта бизнесті дамыту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, білім мен денсаулық мәселелерін жетілдіру, әлеуметтік салаларды оңтайландыру секілді біраз міндеттерді де атап өтті.

Ендігі біздің міндет қоғамның бет алған көшін түзеп, ортақ мүдде жолында күресуді саналы түрде санамызға сіңіруге ұмтылуымыз қажет.

Елбасы биылғы Жолдауында да білім саласына ерекше басымдық беріп, жаңашылдықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу керектігін алға тартты. Бұл тапсырмаларды  түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады.

Айгүл МЕДЕШОВА,

М. Өтемісов атындағы  БҚМУ-дың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты:

— Елбасының Жолдауы  қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңінде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, бәсекеге қабілетті және қуатты ел болуға үндеу бағытында жолданды. Жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесіне кеңінен тоқталды. Біздің оқу ордамызда атқарылып жатқан бірқатар іс-шараларды бұл Жолдау одан әрі айқындай түсті. Өйткені Елбасының тікелей тапсырмасы аясында біздің университетте «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы негізінде  еліміздің әр өңірінен 300-ден астам студент білім алуда. Бұл — Мәңгілік ел болуға жасалып жатқан алғашқы қадамдардың бірі. Сондай-ақ Елбасы талап ететін көптілділік және академиялық ұтқырлық та жақсы жолға қойылды. Қазір көптілді білім беру бойынша алғашқы түлектеріміз республикамыздың әр аймағында үш тілде білім беретін оқу орындарында қызмет етуде. Ал олардың санын биыл екі есе арттыру қолға алынған болатын.

Сонымен қатар Елбасы білім беру саласының ішінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыруға, техникалық білім беруді арттыруға көп көңіл бөлді. Бұл мәселеде біздің оқу орнының ғалымдары мен студент-магистранттарын қаржыландырылған ғылыми жобалар, келісімшарт бойынша ғылыми жобаларды дайындауға жұмылдыратын боламыз.

Дулат ЖҮСІПҚАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттік ректоры:

—  Елбасының Жолдауы әрқашан жастар тарапынан қолдауға ие болып келеді. Өйткені Президентіміз Н. Назарбаев Қазақстанның алдағы болашағын, оның бағыт-бағдарын тайға таңба басқандай етіп  айқындап беріп отыр. Оның тың идеялары шын мәнісінде сөз жүзінде емес, іс жүзінде де іске асып келеді. Жолдауы-нда 2017 жылдан бастап  техникалық бағыттағы білім алу жүйесін тегін қарастыру мәселесін көтергендігі маған ерекше әсер қалдырды. Себебі нано, роботты-техникалық бағыттағы жұмыстарды жетілдіру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондай-ақ Елбасымыз алда күтіп тұрған қиын кезеңдерге қарамастан, студенттік шәкіртақыны көбейту туралы бастама көтерді. Бұл  студенттердің алға қарай одан әрі қанат қағуына  күш береді деп ойлаймын.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар