1.12.2015, 6:05
Қараулар: 25
Кемеңгер саясаткер

Кемеңгер саясаткер

- республиканский форум Молодежь за сильный Казахстан 02.04


Тәуелсіз қазақ елі шаңырақ көтерген алғашқы жылдарда оның тік тұрып кетеріне әлемнің көптеген саясатшысы, бізге таяу елдердегі танымал ғалымдар да ерекше күдік-күмәнмен қараған-ды. Әрине, ол кез елімізді тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптастыру мен экономикалық қатынастардың мүлдем өзге жүйесіне көшу жұмысы қат-қабат келген аса күрделі кезең еді. Қоғам алдында шұғыл шешуді қажет ететін аса ауқымды да келелі міндеттер тұрды.


Біздің бағымызға қарай, осы бір қиын-қыстау кезеңде «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығудың ауыр міндеті тағдырдың жазуымен тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пешенесіне жазылды. Елбасының ерен еңбегі, жасампаз бастамалары, келешекті көре білген көшбасшылық қасиеттері жайында баспасөзден, әдебиеттерден жақсы қанықпын. Биік парасат иесі, ұстанымына айнымас берік, салқынқанды кемел саясаткер ретінде Елбасы мызғымастай көрінген Кеңес империясының қабырғасы қазақ жеріндегі Желтоқсан көтерілісіне жалғас Вильнюс, Тбилиси, Баку дүмпулерінен соң біртіндеп сөгіле бастағандығын айқын аңғара білді. Оның, әсіресе, жылдар жүзінде мемлекеттің бас газеті «Егемен Қазақстанға» сұхбаттарында, бертінде де осы газет сұрақтарына жауаптарында қиын уақыттың тынысы ап-айқын сезіледі. Елбасы ұлтаралық қатынасқа байланысты  ұстанымын тәуелсіздіктің қарсаңында-ақ ашық мәлімдеді. 1991 жылдың 26 тамызындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында жасаған баяндамасында ол: «Бүгінде тағы да бір қауіп нақты байқалуда. Демократиялық өрлеу толқынында шовинизм мен ұлтшылдықтың лайсаң көпіршігі пайда болуы мүмкін екендігі туралы айтып тұрмын, ал ол ұлт республикаларында сөзсіз қарсы әрекет туғызып, ұлтаралық жанжалды жаңадан ушықтырады. Бұған ешбір ағдайда жол беруге болмайды…

Біздің еліміздің тарихы мұндай оқиғаларды қазірдің өзінде біледі. Бұл қайғы мен азаптан, миллиондаған құрбандықтан басқа ештеңе де әкелген жоқ. Біз Қазақстанда мұндай жолсыздыққа жол бермейтінімізді бекем түрде айта аламын», – деген болатын.

Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті аталған жолсыздыққа ешқашан жол берген жоқ. Осы берік ұстанымынан айнымастан келеді. Үнемі жалықпай айтудан, дәріптеуден шаршаған да емес. 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да осы тақырыпқа арнайы тоқталып: «Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады, біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан  көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды», – деп, бүгінгі тұрақтылықтың қандай ерік-жігердің арқасында келгендігін ел-жұрттың есіне салды. Шынында, тұрақтылық – біздің баға жетпес ең қымбат байлығымыз. Елбасымыздың сөзімен айтқанда: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің  арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз  ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз».

Қазақ еліне тәуелсіздіктің бергені мол, игі өзгерістері жүздеп саналады. Алайда  дәуір үсті-үстіне тың да тосын міндеттерін әкелуде. Мына әлемде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Әлемдік бәсекеде күштілер ғана алға шығады. Кеше ғана мемлекет болып қалыптасып, тәй-тәй қадам баса бастаған біздің ел талай қиындықты еңсере отырып, әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына ену үшін талпынып келеді. Астанада 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесі өтпек. Соның бәрі Н.Ә.Назарбаевтың идеясы, бастамасы болып табылады. Қазақстанның әр қадамына «қайтер екен, күші қашанға жетер екен» деп қараған көреалмаушылар аз емес. «Ит үреді, керуен көшеді», сондай «данышпансымақтардан» сескенбей, елді алға сүйреу, татулық пен тұрақтылықты тұғыр ете білу, Астананы көркем де келісті шаһарға айналдыру әлбетте, оңай  емес. Нұрсұлтан Әбішұлының орасан зор еңбегі бізді көздеген биіктерге алып шығары сөзсіз. Бұған тәуелсіздігіміздің өткен аз-ақ жылдарының өзі тайға таңба басқандай дәлел болып табылады.

Әрқайсымыз еңбегімізбен жас тәуелсіз мемлекетімізге көмектесуге тиіспіз. Біздің балалар шығармашылығы орталығының оқытушылары заман талабына сай ізденісті өрістетуде. Яғни  жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін барлық мүмкіндікті іске асырып, мемлекеттің тәрбие және білім мекемелеріне қамқорлығына қарымды еңбекпен жауап беруіміз керек. Облыстық, республикалық білім, өнер байқауларында топ жарып, жүлдегер атанып жүрген шәкірттер аз емес. Дегенмен қол жеткен табыс мүмкіндіктің шегі емес. Мұны жақсы түсінеміз, уақыттың тегеурінді талабына сай тың істерге талпынудамыз.

Руслан ЕСЕНӘЛИЕВ,

балалар шығармашылығы орталығының директоры,

Ақжайық ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар