1.12.2015, 6:04
Қараулар: 28
Елбасы

Елбасы

_MGL3277-6


1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сайлап, оған сенім артты, үлкен жауапкершілік жүгін арқалатты. Халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмай, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына жиырма төрт жыл толды.


Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болғанды. Елбасының қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән салтанатпен шапан жауып, президенттік айырым белгілерін тапсырды.

Президент Назарбаев өзіне сенім артқан халқына сонау бір қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде бере қалса, онысын орындады. Осылайша ол қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер екендігін танытты. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана пайдаланып, эволюциялық жолмен алға қарай жылжи беруді дұрыс санады. Дамудың қазақстандық жолын іздестірді, өзіндік бағытты таңдады. Елімізде дамудың өзіндік жолы таңдалса да, бұрынғы кеңестік жүйенің елесі мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларынан көрініс бере бастады. Мәселен, шаруашылықты жүргізу мен басқарудың ескі тәсілдерінен, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, өкімет асырайды дейтін пиғылынан да танылып жатты. Міне, осындай көзге көріне бермейтін кедергілерді де Елбасының байсалды, салиқалы саясатының арқасында жеңіп, еңсере білдік.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы бүгінде ақиқатқа айналып, Астана шын мәнінде жаңа дәуірдің қаласына айналды. Иә, 1994 жылы Президент астананы көшіру туралы ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екіұдай пікір туғызған-ды. Шынында да, Елбасының бұл шешімі күтпеген жәйт болды. Ел өтпелі кезеңнің ауыр жағдайларын бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске де амалың жоқ. Елорданың көшірілуі мен салынуы рекордтық аса қысқа мерзімде өтті. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Сөйтіп, Астана елдің өткенінен болашаққа ауысуының символына, саяси және экономикалық келбетіне айналды.

Мемлекет басшысы экономикалық тығырыққа тірелген, саяси дағдарысқа ұшырау алдындағы Қазақстанды жаңа дәуірдегі жарқын күндерге алып шықты. Өзіне сенім артқан елдің үміті ақталды. Ел мен Елбасы бір ұғымға айналды. «Елбасы» ұғымын алғаш рет көрнекті жазушы, публицист Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Н. Назарбаевтың тамаша жеңісінен кейін, ел тарихындағы тұңғыш ұлықтау рәсімі кезінде өзінің Президентке арнаған тілек сөзінде қолданған еді. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкілхалықтық атауға айналды. Шындығына келгенде, еліміздің Тұңғыш Президентіне Елбасы атағын халық әлдеқашан беріп қойған еді. Еліміздің Парламенті оны тек заңды тұрғыдан ғана бекітті.

Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілет-қарымына, саяси іс-қимылына, экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына сай ойластырылған стратегиялық ұстанымдарына қалтқысыз сенген қазақстандықтар өзінің Тұңғыш Президентіне, екі тізгін бір шылбырды тең ұстаған Елбасына әрқашан қолдау білдірді, білдіріп те келе жатыр. Тізгіннің берік қолда екендігі қазіргі дағдарыстан да дағдармай шығатынымызға, еліміздің еңсесі бұрынғыдан да биіктей түсетініне нық сенім ұялатады.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ,

Жәнібек ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар