1.12.2015, 6:03
Қараулар: 448
Пайдалы қазбалар игерілмей жатыр

Пайдалы қазбалар игерілмей жатыр

1 торегалиев


Облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев жер қойнауын пайдаланушы мекеме-кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті.


Өлкемізде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндірушілермен келісімшарттар жасау, тіркеумен айналысатын атқарушы орган – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А. Дәулетжанов жиында сөз алып, осы салада соңғы уақыттағы атқарылған іс-шараларды баяндады.

Біздің облыс – еліміз бойынша пайдалы қазбалар қоры мол өлкелердің бірі. Пайдалы қазбалар Зеленов, Бөрлі, Ақжайық, Теректі, Тасқала аудандарында және Орал қаласының айналасында шоғырланған. Бүгінде 144 кен орнының 34-інде ғана өндіріс іске асуда. Сол  34 нысанның жартысына жуығы қиыршық құм болса, қалғандары бор, гипс, тұз, кварц құм. Барлығы құрылыс индустриясының сұранысына жұмыс жасауда. Ал 19 келісімшарт бойынша өндіріс көлемі жоқтың қасы.

Орал кірпіш зауытының өкілі қазір өзге өңірлермен бәсекелестік артқанын, құрылыс жұмыс көлемі азайғанын, сол себепті өндіріс көлемі орындалмай жатқанын айтты. Бұрын өндірісінің 75 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасаған кәсіпорын өнімінің бүгінде 20 пайызы ғана мембағдарлама шеңберінде сұранысқа ие. Қалған 80 пайыз өнім жеке сектор үлесінде. Қазір кәсіпорынның 1,5 млн. дана кірпіш өтпей тұрғанын айтты.

— Бөкей ордасы ауданында жол салу үшін  пайдалануға болатын тас шығатын кенді 23 жыл болды ешкім пайдаланған жоқ. Бұрын әскери полигон аймағында болса, бүгінде бос жатыр. Тасқала ауданында сапалы цемент жасауға пайдалануға болатын шикізат бар. Елу жыл бойы жылына 1,2 млн. тонна шығаруға болатын қор жатыр. Барлаудан өткізіліп тұрған минералды су қорлары бар. Ауыл шаруашылығына тыңайтқыш дайындауға келетін жер қабаттары мол. Инвесторлар, іскер кәсіпкерлер керек-ақ, — деді «Жайықгидрогеология» мекемесінің басшысы Бисен Даумов.

Жер қойнауын пайдаланушы мекеме-кәсіпорындардың жетекшілері жергілікті билік өкілдеріне мұндай жиындар жыл басында ұйымдастырылса анағұрлым пайдалырақ боларын құлаққағыс етті.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Суретке түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар