17.11.2015, 6:07
Қараулар: 45
«Отынды босқа дайындаған екенбіз…»

«Отынды босқа дайындаған екенбіз…»

(177) газ


Өткен аптада Қаратөбе ауданының төрт бірдей ауылында көгілдір отынның алауын жағу рәсімі өтті. Аудан орталығынан шалғай орналасқан округ саналатын Егіндікөл, Қоскөл ауылдары, Шалғын елді мекені және Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ханкөл ауылы  тұрғындарының көптен күткен  арманы орындалып, газ алауы жағылды.


Ауыл халқының қуанышымен бөлісіп, Егіндікөл ауылындағы салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров: «Баршаңызды бүгінгі зор қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында әлемдегі дағдарысқа қарамастан, еліміз гүлденіп, өркендеу үстінде. Оған дәлел, міне, ауылдарыңызда игілікті істің жүзеге асуы. Бұл қуанышқа бірліктің арқасында жетіп отырмыз. Ендігі жерде кәсіпкерлікті дамытып, әлеуметтік жағдайды көтеруге бар күшімізді салуымыз қажет», — деді.

Ауылдастарына ақжарма тілегін арнаған еңбек ардагері Құмар Бисембаев аудан әкімі Асхат Шахаровпен бірге көгілдір отын алауын тұтатты. Ақ жаулықты әжелер қуанышты бөлісуге жиналған шара қонақтары мен ауыл тұрғындарына тәттілерден шашу шашты.

Ел ағалары көгілдір отынның қызығын көріп отырған ауыл тұрғыны Өтебаш Жайғалиевтың шаңырағына бас сұғып, қуаныш-тарына ортақтасты.

Дәл осындай қуаныш Қоскөл, Шалғын, Ханкөл ауылдарында да жалғасын тапты.

Төрт ауылға газ желісін жеткізу жұмыстарын атқарған «KazConstructionGroup» ЖШС-ның бас директоры Мұратбек Мұхамбе-диевтің айтуынша, 2014 жылдың мамырында басталған жоба үстіміздегі жылдың қарашасында толығымен аяқталып, аталмыш елді мекендерге көгілдір отынды жеткізген. Жоба құны – 700 миллион теңге.

Қазіргі таңда көгілдір отын жеткізілген төрт ауылда 20 тұрғын үй газға қосылса, жақын арада 73 тұрғын үй қосылуға ниетті.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы