12.11.2015, 6:15
Қараулар: 33
«Елдің өркені жолына да байланысты»

«Елдің өркені жолына да байланысты»

габбасов


Облысымызда «Батысжолзертханасы» атты республикалық мемлекеттік  мекеме жұмыс істейтінін біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитетіне қарайтын ол немен айналысады және өмірдің күре тамыры болып есептелінетін жолдардың құрылысына, сапасына оның қаншалықты ықпалы бар? Облысымызда бұрыннан келе жатқан жолдар бар, жаңадан салынып жатқаны және болашақта салынатындары бар дегендей, олардың жәй-күйі, ол жолдарға  қандай талаптар мен міндеттер қойылады? Осы тақілеттес сұрақтар мазалаған біз «Батысжолзертханасы» РММ-ның басшысы Жасқайрат Ғаббасовты әңгімеге шақырдық.


– Мекеме осыдан он жыл бұрын, дәлірек айтсақ, ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына орай құрылған. Оның ең басты миссиясы автомобиль жолдарын салу мен  жөндеу кезіндегі жұмыстардың  және оған пайдаланылатын материалдардың сапасын сараптауды жүзеге асыру болып табылады. Коммерциялық ұйымға жатпайды. Ал енді біздің облыстағы өз алдына жұмысы 2007 жылдан басталды. Мекемені зертхана деген өзінің басыбайлы атымен алсақ, ол Зашаған кентінде Жәңгір хан көшесінде орналасқан. Өз алдына ғимараты бар. Сынақ жүргізуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған, нақтырақ айтсақ, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға барлық жағдай туғызылған.

– Құрылғандарыңызға онша көп уақыт бола қоймаған екен?  Қанша адам еңбек етеді, олардың білім-білігі мен еңбек  тәжірибелері қай деңгейде?

– Мекемемізде барлығы 15 адам еңбек етеді. Олардың түгелге жуығы  жоғары білімді,  соңы бес жылдан, ал алды 35 жылдан бері жол саласында еңбек етіп келе жатқандар. Тіпті арамызда өткен жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Людмила Быкова сияқты мамандарымыздың бар екенін мақтан тұтамыз.

Мамандарымыз қарайып қалмауы және кәсіби шеберліктерін  сапалы деңгейде ұстау үшін  инженерлеріміз бен зертханашыларымыздың бәрі, тіпті автомобиль жүргізушіге дейін жыл сайын «Спецдортехника» АҚ-да (Саратов қаласында) және  «ҚАЗЖОЛҒЗИ» (Алматы қаласындағы) базаларында арнайы оқу курстарынан өтіп отырады. Жоғарыдағы сөзімде жұмысқа қажетті барлық құрал-жабдықтарымыз бар дедім ғой. Соның  ең бастысы, «Ford Transit Yan» көлік фирмасының базасында жасалған «Кешенді жылжымалы жол зертханасы» аталатын арнайы автокөлігіміз бар. Ол осы заманғы, ең соңғы технологиялық жүйелермен жабдықталған. Атап айтсақ, жүріп өткен жолдардың қашықтығын өлшейтін қондырғы датчик, сапаға бақылау жүргізетін шолушы камералар, лазерлік қондырғылар  мен георадарлар тексеру барысында оның қорытындыларын автомобильзертхананың бортында орналасқан өндірістік компьютерге жолдап отырады. Аталмыш зертхана жалпы жұмыстың сапасымен бірге жолды салуға, оны жөндеуге пайдаланылып жатқан материалдардың  сапасына да  егжей-тегжейлі тексеру жүргізеді.

– Зертхананың қызметіне кеңірек  тоқталып  өтсеңіз…

– Ең басты миссиямыз – жыл сайын республикалық  және  облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, әр жыл сайын салынып немесе жөнделіп жататын республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасына бақылау жүргізу. Оларды тарата айтсам, мынандай: жолқұрылыс материалдарының бұйымдар мен материалдарға арналған стандарттары мен ерекшеліктеріне сәйкес болуына сараптама жүргізу, атқарылған, орындалған жұмыстардың жоба және нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестігін тексеру, бақылаудың аспаптық әдісін қолдану арқылы жол жұмыстарының сапасына толық немесе ішінара сараптама жүргізу сияқты міндеттер мойнымызға жүктелген. Біздің зертханаға салынып жатқан, қайта жаңғыртылып, жөнделу үстіндегі нысандарға барып, жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдар мен құрылыс-монтаж жұмыста-рының сапасын шұғыл безбендеуіне, жедел тексерулер жүргі-зуіне құқық берілген.

Енді бүгінде қандай шаруаларды атқарып жатырмыз дегенге келейік. Ақ Жайық өңірі ежелден Ресей мемлекетінің бес облысымен қоңсы қонған. Қазақша айтқанда, қойымыз қоралас, ауылымыз аралас. Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасының  шеңберінде автомобиль жолдарының бірнеше ірі жобасы жүзеге асырылуы тиіс. Осы автожолдарды қайта жаңғыртудың төрт ірі жобасының біреуі біздің облысымызда орналасқан.  Ол – «Орал – Тасқала – Ресей шекарасы» республикалық автожолының  4-104 шақырымын қайта жаңғырту. Біздің облысымыздың үстінен Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Орал – Самара бағыттарындағы халықаралық дәліз  деп есептелінетін күре жол өтеді. Сондай-ақ  біз айтып отырған «Орал – Тасқала – Ресей шекарасы» бағытындағы автожолы шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық тұжырымдамасын құру аясында  басым бағытқа ие болып келеді. Жоғарыда айттым ғой, төрт ірі жобаның бірі ретінде қолға алынып жатқан бұл жобаның басты ерекшелігі – жолдағы қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге ұмтылу. Ойлап көрсек, қалааралық жолдардағы жол апаттары көбіне қарама-қарсы келіп соқтығысудан  орын алады. Сондай-ақ ұзын жолдың бойындағы ағып келе жатқан көліктер бірін-бірі басып озғанда да жолдың тарлығынан  апатқа ұшырап жатады. Болашақта жолдарды қайта жаңғыртудан кейін мұндай апаттардың болу мүмкіндігі барынша жойылады. Жоғарыдағы біз айтып отырған автожолды қайта жаңғырту негізі екі кезеңмен 4-31 шақырымдық  және  31-104 шақырым аралығындағы учаскелерді жаңғыртудан тұрады. Жұмыстың орындалып біту мерзімі – 2015-2017 жылдар аралығы. Бас мердігер  «Uniserv» ЖШС болып табылады. Қайта жаңғырту деген не? Оны жүргізген кезде асфальт жолдың ені 7 метрден 9 метрге дейін, ал оның астындағы топырақ төсемінің ені 12 метрден 15 метрге дейін ұзарту көзделеді. Сонымен қатар білікке түсетін салмақ та 6 тоннадан 13 тоннаға дейін көбейеді. Қайта жаңғыртудың тағы бір техникалық ерекшелігі дейміз бе, әлде жаңалығы дейік пе, Ресеймен екі ортадағы мемлекеттік шекарадан өтетін жердегі жолдың жолағы он қатарға дейін көбейтілмек. Яғни шекара бекетінің өткізу қабілеті артады, көліктер ұзын-сонар кезекке тұрып шұбатылмайды. Автожолдардың осылайша қайта жаңғыртылуы еліміз арқылы және оның ішінде автокеруендердің ағынын арттырып, Қазақстандық тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Сондай-ақ қайта жаңғырған жолдар бойында түрлі қызмет көрсетудің қарқынды дамып, түрлі нүктелердің ашылуына мүмкіндік туғызып, сол жол бойындағы халықты жұмыспен қамтуға да оң ықпалын тигізеді.

Біздің мекеме сондай-ақ «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы» бағытын қамтитын автожолдың 97-157 шақырымына жүргізілетін күрделі жөндеудің де барысын қадағалап келеді. Бұл жолдың  бұрын 83 пайызына қиыршық тас төселген, сапасы сын көтермейтін күйде еді. Қазір ол жайсыздық 27 пайызға дейін төмендеді. Зертханамыздың мамандары  жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталғаннан бері тапсырыс беруші жақтың инженерлерімен, жұмысты орындап жатқан мердігерлердің сапаны бақылаушыларымен бірігіп, жол құрылысының қазіргі ережесі мен талаптарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың бәріне бақылау жүргізуде. Бұл жолды күрделі жөндеу алдағы 2016 жылы аяқталуы тиіс.

Сонымен бірге мекемеміз қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан Орал қаласындағы әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағының жұмыстарына да бақылау  жүргізіп  келеді.

– Ал енді жол жөндеу жұмыстарында ең көп орын алатын ақаулар мен сапасыз жұмыстарға мысал келтіре аласыз ба?

– Келтірейін. Жұмыс сапасына бақылау жүргізгенімізде, көбіне технологиялық және  өндірістік  ақауларға жиі кездесеміз. Сондай-ақ жұмыс жобасы мен нормативтік құжаттардан ауытқушылық анықталып жатады. Мұндай кездерде байқалған кемшіліктер мен ақаулар жіпке тізіліп, акт жасалады. Зертханалық сараптамалар мен сынақтар аяқталған соң оның қорытындысы мен нәтижесі тапсырыс берушіге, мердігерге жолданады. Жиі кездесетін ауытқушылықтар мен ақаулар жолдың ені мен биіктігін, геодезиялық белдігін қамтитын  геометриялық параметрлерді, қажетті материалдардың қоспасын жасаудың рецептісін сақтауда орын алып жатады. Мысалы, материалдарға топырақ, саз араласып кетуі, түрлі қоқыстардың да араласуы, темір-бетон бұйымдарындағы сызат, жарылу сияқты техникалық ақауларды  жиі анықтап жатамыз. Асфальт-бетон жамылғысын төсегенде қажетті температураның сақталуын  қадағалау біздің бақылау, тексеру құзырымызға кіреді. Осы арада біздің мекеменің ғылыми-зерттеу институтының және басқа да жоғары оқу орындарының  конференциялары мен кеңестеріне белсенді қатысып жүргенін айта кеткім келеді. Оның ең басты мақсаты – «Құрылыс материалдары ретінде жергілікті шикізат ресурстарының қорларын пайдалануға бағытталған жаңа технологияларды дайындау және  енгізу» жолдарын шешу. Осы бағытта біздің «Батысжолзертханасы» РММ жол құрылысындағы жұмыстарға жергілікті материалдар мен кен орындары өнімдерін пайдалану жолында кең көлемде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы кезге дейін Бөкей ордасы ауданындағы Жамантау кен орнына, Тасқала ауданындағы кремнийлі таужыныс (опока) және тау тастары жатқан кен орындарына арнайы барып сынаққа материалдар алынып, сараптама жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар БҚМУ-дың профессоры, химия ғылымдарының докторы, жоба жетекшісі Д. Меңдәлиева және жобаның жауапты орындаушысы З. Қуанышевамен біздің зертхана мамандары бірлесіп, Қарашығанақ кенішінен алынған бұрғылау шламын жол құрылысында пайдалану мақсатында зерттеумен айналысты. Айта кеткенім жөн, осыдан үш жыл бұрын Достық ауылына кірме жолға асфальт-бетон қоспасына бұрғылау шламын қосып, жалпы ұзындығы 146 метр болатын сынама жабын төселді. Арада үш жыл өткендегі нәтижеге сүйенсек, жолдың жабыны ойық-шұңқырлардан, қабыршақтанудан аман, тек көлденең жарықтар пайда болған. Ал ондай ақаулар облысымыздың барлық автомобиль жолдарына тән. Тап осы секілді Ақсай-Приуралье автомобиль жолының 4-5 шақырымына жол жиегін нығайту материалы ретінде жергілікті карбонатты бұрғылау шламы пайдаланылды. Бақылау барысында  материалдың тығыздығы, беріктігі анық байқалды. Жұмсалатын қиыршықтас мөлшері едәуір азайды. Осы жобаға белсене қатысқанымыз үшін БҚМУ біздің мекемемізді арнайы алғысхатпен марапаттады. Бұған қоса аталмыш материалды зерттеу барысында оның қыр-сырына терең үңілген инженеріміз Санжар Қабышев жергілікті материалды жол құрылысында пайдалану үшін арнайы ғылыми тақырып ретінде алып, оның тиімділігін жан-жақты дәлелдеген кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Осылайша біздің «Батысжолзертхана» мекемесі жол құрылысына жергілікті материалдарды кеңінен пайдалану жолдарын талмай іздеп, оның өзіндік құнын азайтуға барынша үлес қосып келеді.

Жергілікті материалдарды пайдалану мақсатындағы жұмыстарда БҚАТУ-дың «Инжиниринг және ресурсты үнемдеу» ғылыми-зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор С. Монтаевпен бірлесіп, БҚО автомобиль жолдары құрылысына бағытталған саз және кремний негізіндегі жасанды қиыршықтасты пайдалану жолдары зертханалық тексерулермен қарастырылуда. Бұл жобаның түпкі мақсаты  қуат және материалдық ресурстарды үнемдеу технологиясын қолдану арқылы кремнийлі және сазды негіздегі әрі жеңіл, әрі берік жасанды қиыршықтас жасап шығару болып табылады. Тағы бір айтайын дегенім, болашақ жол мамандары болып шығатын бүгінгі студенттерді оқытып, машықтандыруға біз де өз үлесімізді қосудамыз. Олар біздің зертханада тәжірибеден өтіп, салынып, жөнделіп жатқан жолдардың сапасын аспаптық әдіспен тексерудің қыр-сырына үйренеді.

«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейтін қағида бар. Қазақ елі болашақта өркениетті отыз елдің қатарына тұру үшін жолдары да әлемдік стандарттарға сай болуы тиіс. Біз сол мұрат-мақсаттарға ұмтылудамыз.

Әңгімені қағазға түсірген  Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар