22.10.2015, 6:02
Қараулар: 2519
Жеке мал иесіне ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Жеке мал иесіне ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

tradeb


Газетіміздің өткен санында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен оздырылған құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның отырысы туралы мақала жарық көрді. Сол отырыстың барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин бұған дейін шаруа қожалықтарына ғана беріліп келген демеуқаржыны жеке иелігінде азды-көпті ірі қара мал ұстайтын қарапайым тұрғындардың алуына да оңтайлы мүмкіндік туғанын мәлімдеген еді. Біз осы тақырып бойынша басқарма басшысының орынбасарына арнайы жолықтық. Ол ірі қарасы бар жеке тұрғындар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарусыз демеуқаржыға ие болудың жолын төмендегіше түсіндірді.


Соңғы біраз жылдан бері Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет жалпы ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға айрықша қолдау білдіріп келеді. Атап айтар болсақ, мал, өсімдік шаруашылығына қайтарымсыз демеуқаржы, техника алуға жасалып жатқан жеңілдіктер. Бірақ бұл қолдау қаржылардың барлығы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына берілді. Жеке қорасындағы азын-шоғын ірі қара малын иеленген жалпы қарапайым халық жоғарыда айтылған игіліктерді пайдалана алмады. Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттары да қозғады. Жалпы алғанда, облыс халқының тең жартысы ауылда тұрады. Олардың басым бөлігінің күнкөрісі — мал шаруашылығы. Соңғы есеп бойынша облыстағы төрт түліктің 50 пайызға жуығы — жекенің қолында. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жобалардың бәрі «Агробизнес — 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. 2014 жылы облысымыздың мал шаруашылығы үшін бюджеттен 2 миллиард 253 миллион теңге қаражат бөлінген болса, биыл бұл қаржының көлемі бірден 46 пайызға артты. Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдаған кезде әлемде болып жатқан дағдарысқа байланысты кейбір қиыншылықтардың алдын алу мақсатында Ұлттық қордан еліміздің мал шаруашылығына 11 миллиард теңге қосымша қаржы бөлді. Соның 22 пайызы тұтастай бір ғана біздің облыстың мал шаруашылығы саласына бағытталды. Нәтижесінде жоғарыда айтып өткеніміздей, аталмыш саладағы биылғы бюджет көлемі былтырғымен салыс-тырғанда 46 пайызға артып шыға келді. Шаруа қожалықтары әуелден бекітілген жүйе бойынша осы қаржыдан тиісінше алуға мүмкіндіктері бар. Ал жеке малына иелік ететін қарапайым халық Үкіметтің бұл қолдауына қалай қол жеткізе алады? Бұл мәселе облыс әкімдігінде жеткілікті деңгейде талқыланып шешілді. Және ол туралы барлық ауылдық округке хабарланды.

Енді мәселенің мәнісін түсіндірейік. Ауылдық округ немесе елді мекендегі азды-көпті жеке ірі қарасына иелік етуші қарапайым тұрғындар бірігіп, селолық тұтыну кооперативін құруы шарт. Селолық тұтыну кооперативі заңды тұлға ретінде әділет департаментінде тіркеліп, өз мәртебесін алады. Оны шартты түрде ЖШС немесе біртұтас шаруа қожалығы түріндегі ұжым деп ұғуға болады. Ол ұжымды құрайтын ауылдағы ірі қарасы бар тұрғындар. Олар ұжым құрамына енуі үшін өз иелігіндегі ірі қараның аналық санын көрсетіп, арнайы арыз жазады. Тұрғындардың әрқайсысы осылайша құрылған ұйымның тең құқылы құрылтайшылары ретінде есептеледі. Сондықтан өздері құрған ұйыммен еркін түрдегі келісімшартын жасайды. Бір айта кетерлігі, жеке мал иелерінің бұл ұйымға кіру-кірмеуі өз еріктерінде болады. Селолық тұтыну кооперативі заңды тұлға ретінде жеке сипатта құрылғандықтан, оған ауылдық округ әкімі немесе өзге де жергілікті атқарушы орган қызметкерлері төраға ретінде тағайындала алмайды. Тек халыққа осы саясатты түсіндіріп, ба-сын біріктіріп, ұйымдастырумен ғана айналыса алады.

Осылайша селолық тұтынушылар кооперативін (әрі қарай СТК) құрғанда табатынымыз не?

Жеке мал өсіруші Үкіметтің тегін қайтарусыз қаржылай қолдауына ие болады. Соның есебінен ауылдық жерде толық шешілмей келе жатқан жеке меншік малдың жайылу маусымындағы бағымын мал иелерінен ақша жинамай, тегін түрде ұйымдастыруға болады. Мал есебінің нақты саны жүргізілгендіктен, мемлекет есебінен тегін түрде жасалатын ветеринарлық шаралар да ойдағыдай атқарылады. Сондықтан мал басын ит-құс, ұры-қарыға шығындамаумен қатар оларды түрлі індеттен сақтау шаралары да қажетті деңгейде жолға қойылады.

Енді жеке меншік мал иесіне Үкіметтің қаржысы қалай берілетініне келейік. Үкімет СТК құрамына кірген тұрғынның әр аналық бас ірі қарасы үшін жылына 18 мың теңгеден ақша бөледі. Бірақ алғашында СТК қолдағы ірі қараны асылдандыру мақсатында оның әрбір 30 бас аналығына 1 асыл тұқымды бұқадан сатып алуы қажет. Мысалы, биыл 15 айға толған асыл тұқымды бұқаның орташа бағасы 350 мың теңге тұрды. Мұндай асыл тұқымды малды іздеп әуре болмайсыз. Өйткені облысымызда ірі қараның асыл тұқымын өсірумен айналысатын арнайы шаруа қожалықтары бар.

Үкімет әрбір сатып алынған асыл тұқымды бұқа үшін 154 мың теңгеден қайтарусыз демеуқаржыны және төлейді. Осыдан артылған қаржыны СТК мүшелері қалталарына бөлісіп алса да өз еріктері, ешкімнің тарапынан мәжбүрлеу жоқ. Алайда Үкіметтің тегін бөлген қаражатынан жоғарыда айтылған бағым, басқа да қажетті шараларды неге ұйымдастырмасқа? Оның үстіне ветеринарлық шаралар бұл берілетін қаржыға қатысы жоқ, тегін атқарылады. Бұқаны жыл сайын сатып алудың қажеті жоқ. Алынған бұқалардың қысқы күтімі ұйымдастырылса болғаны. СТК-дағы аналық бас малдың саны неғұрлым көп болған сайын оған Үкімет тарапынан қайтарусыз төленетін демеуқаржы көлемі де мол болары түсінікті. Биыл Жәнібек ауданында 750 аналық басы бар 1 СТК құрылған еді. Енді олар Үкімет

берген қаржының жоғарыда айтылған барлық қажеттіліктерден артылған бөлігіне аудан орталығына қатынау үшін УАЗ автокөлігін сатып алмақ. Мұндай артылған қаражатқа СТК мүшелері ауылдарына абаттандыру жұмыстарын жүргізе ме, әлде тонналап жанар-жағармай сатып алып, шөп шапқызып, қысқы мал азығын даярлай ма, әйтеуір жеке отбасы мен қоғамның жағдайын жақсарта түсетін кез келген оңды іспен айналысса, нұр үстіне нұр болмай ма?

Аудан әкімдерін, олардың ауылшаруашылығымен айналысатын орынбасарларын, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларын бірнеше мәрте жинап, Үкіметтің қарапайым халыққа жасап отырған осынау қолдауын түсіндіріп бақтық. Нәтижесінде облысымыз бойынша СТК құру жұмыстары жанданып сала берді. Бүгінде облыста 77 СТК құрылып, олардың құрамында барлығы 10 266 бас аналық ірі қара малы тіркелді. Бұларға барлығы 238 миллион теңге шамасында қайтарусыз демеуқаржы бөлініп отыр. 12 аудан бойынша СТК құрылып үлгерді. Олардың ішінде Үкіметтің тегін қолдауын иелену жағынан 2 184 бас аналық малмен Ақжайық, 1 350 бас аналық малмен Жаңақала және Қазталов, 1289 аналық ірі қарамен Сырым аудандары алдыңғы қатардан көрініп отыр. Тіпті Орал қаласының өзінде де 60 бас аналық ірі қара малмен бір СТК құрылды. Бұл жұмыстың бас-аяғы осымен тоқтап қалған жоқ. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Біздің облыс — еліміз бойынша мемлекет тарапынан мұндай қолдау көмекті көріп отырған екінші өңір. Былтыр дәл осындай бағытта демеуқаржы беру жұмыстары Ақмола облысында ғана жүзеге асырылған еді. Оларда 48 СТК құрылған болатын.

Осылайша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин мәселенің мәнісін жан-жақты баяндап берді. Алдағы уақытта «Орал өңірі» газетінің бетінде әр аудандағы СТК құру тәжірибесі мен нәтижелері жайында арнайы материалдар легі жарияланатын болады.

Әңгімені жазып алған Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»