Тарихы терең елдің салтанаты

Күні , 855 рет оқылды

Тараз 4


Қазақ хандығының 550 жылдық  мерейтойы  аясында ҚР  Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев таяуда  тарихи Тараз шаһарында  болып  қайтты. Осы  сапар  барысында  Елбасы Тараздағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсіміне қатысты. Қазақстан Президенті рәсім аясында монумент тұғырына гүл қойып, құттықтау сөз сөйледі. Мемлекет басшысы барша халықты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, Астанадан басталып, Таразда жалғасын тапқан мерекелік шаралардың маңыздылығын атап өтті.


«Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз», – деді Елбасы.

— Мерекеге орай Тараз қаласының да  келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері орнатылған.

Сондай-ақ Таразға жұмыс сапары барысында Елбасы «Әулие ата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалында болды. Нысанды аралау барысында Мемлекет басшысына жаңа терминал таныстырылып, әуежайды қайта жөндеу, арнаулы жаңа техникалар алу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.

Одан кейін Елбасы «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-ның алюминий радиатор шығаратын зауытына келді. Зауытты аралап көріп, алюминий радиатор шығару жөніндегі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ Қазақстан Президентіне облыстың Индустрияландыру картасының іске асырылуы туралы да баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың еңбек ұжымымен әңгімелесіп, олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін айтты.

Сапар барысында Қазақстан Президенті «Көне Тараз» музейінің экспозицияларын аралап көрді, сондай-ақ шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен, Жамбыл облысы тұрғындарымен, қонақтарымен кездесу өткізді. Археологиялық саябаққа барып, археологиялық қазба жұ-мыстарының нәтижелерімен танысты. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты «І-ХІХ ғасырлардағы ежелгі Тараз» ескерткішінің аумағын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық саябағына айналдыру болып саналады.

Бас жүлде екі ақынға бұйырды

Осыдан бірер күн бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған сөз сайысында Қазақ хандығының терең тарихы, хандар мен батыр-билердің ел үшін жасаған ерліктері, бүгінде қоғамды толғандырып отырған мәселелер өлең-жыр болып өрілді.

Сөйтіп, бұл аламан айтыстың алғашқы күнінде-ақ бас жүлде Алматы облысының айтыскері Болатбек Оразбаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаевқа бұйыратынын елдің іші сезді. Өйткені сайыстың алғашқы күні қазылар алқасы тарапынан ең жоғары баға алған екі жас перінің сөз саптасына халық, шынында, қатты риза болды. Содан болар, Болатбек те, Аспанбек те сайыстың екінші күні сахнаға көтерілген жоқ. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бас жүлдені бөліскен бұл екі жас ақынның әрқайсысына 2,5 миллион теңгенің сертификатын салтанатты түрде тапсырды. Ал екінші орынға табан тіреген астаналық Иранғайып Күзенбаевқа 2 миллион теңге бұйырды. Үшінші орын алған Айбек Қалиев (Қостанай) пен Мейірбек Сұлтанханның (Астана) әрқайсысына 650 мың теңге берілді. Бұдан бөлек 8 айтыскер ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Төл күресіміз төрге шықты

Қазақ хандығының 550 жылдығы шеңберінде Тараздағы «Тараз Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен ІІІ халықаралық «Еуразия барысы» турнирі өтті. Сегіз мемлекеттің балуандары сынға түскен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы топ жарып, жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанды. Біздің жігіттер финалда Өзбекстан құрамасынан 5:2 есебімен басым түсті.

Ал бірінші айналымда Польшамен кездескен Қазақстан құрамасы 5:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстандық баһадүрлерден Марат Нигматоллаев (55 кг), Бағдәулет Сәбитов (66 кг), Мақсат Мәзібаев (82 кг), Нұрым Сәлімгереев және Бейбіт Ыстыбаев қарсыластарынан айласын асырса, Ринат Махмұтов (74 кг) пен Бекзат Ахметбеков (90 кг) жеңіліске ұшырады.

Екінші жартылай финалдық жұпты құраған Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы айқас біздің пайдамызға 6:1 есебімен аяқталды. Бұл кездесуде командамыз екінші құраммен шықты. Бапкерлердің ұйғарымымен Ресейге қарсы Айдос Сейпілұлы (55 кг), Ғалымжан Абдрахманов (66 кг), Айдос Ғалымов (74 кг), Сұңғат Закариев (82 кг), Асыл Бәрменов (90 кг), Мұхит Тұрсынов (100 кг) және Айбек Нұғымаров (+100 кг) белдесті.

Үшінші орынға таласта Грузия Ресейді 6:1 есебімен тізе бүктіріп, қатарынан екінші рет қола «Тайқазанды» иемденді.

Финалда Қазақстан жартылай финалдағы құраммен сынға түсті. Нәтижесінде балуандарымыз Өзбекстан құрамасын 5:2 есебімен тізе бүктіріп, турнирдің екі дүркін жеңімпазы атанды.

Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 18,8 млн. теңгені құрады. Атап айтқанда, 1-орынға 9,4 млн., 2-орынға 5,640 млн.және 3-орынға 3,760 млн. теңге тағайындалды. Тағы бір ескерте кететін жайт, сегіз сағатқа созылған сайысты отандық «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен Ресейдің «Боец» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Сондай-ақ күллі түркі әлеміне тарайтын Түркияның «TRT Avaz» телеарнасы да апайтөс балуандардың айқасын тікелей көрсетіп, түбі бір туыс халықтардың назарын Қазақстанға аударды.

Республикалық басылымдар  негізінде дайындаған

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Өкпесі жоқ қазақтың енді саған!

Сен қазақша сөйледің, ер Нұрекем,

Тәуекелге байлап бір белді бекем.

Қазақ бірге шалқиды сен шалқысаң,

Қазақ бірге жүдейді сен жүдесең!

Сен қазақша сөйледің, алтын Ағам,

Ақ маңдайың күнге ұқсап жарқыраған.

Бересіңді әлемнен алам дедің,

Бермесіңді ақылмен тартып алам.

Сен қазақша сөйледің шын көсіліп,

Сайрап кетті өзіңмен бірге осы жұрт.

Ана тілдің жетпесек қадіріне,

Қазақ болып қайтеміз күн кешіріп!

Тайпалдың-ау топ жарып, Тарланбозым,

Жалпағынан басып бір жалғанды өзің!

Аршып бердің әлемнің алдында сен,

Ана тілдің құм басып қалған көзін!

Домбыраңның құлағын еппен бұрап,

Сыңғырындай сөйледің сексен бұлақ.

Бір елеңдеп шынымен қалды-ау талай,

Өзге тілге үйреніп кеткен құлақ!

Жан Нұрекем, жүрегі от, көзі нұрлы,

Дүниеге естірттің өз үніңді.

Қазақ Елін Жер шары нақ таныды,

Қазақ Елін бес құрлық тез ұғынды.

Бірде сараң уақыт, бірде шүлен,

Адастырды бабамның жүлгесінен.

Қазақ тілі алды орнын сен арқылы,

Дүниенің ең биік мінбесінен!

Алсын халық бұл күнді жылда есіне,

Тіксін тұлпар бәйгенің жүлдесіне!

Қазақ тілін шегелеп кеттің мәңгі,

Дүниенің ең үстем мінбесіне!

Өсектердің өшті үні жел құсаған,

Дендеп келген айықтық шер-құсадан!

Бір кінәсі осы еді артып жүрген,

Өкпесі жоқ қазақтың енді саған!

 Ауыт МҰҚИБЕК

Сен аман бол, Қазақстан!

Көтеріп көкжиектен делегейін,

Келесің ақ бауырлы кемедейін.

Мен болмасам болмайын

Қазақстан!

Сен аман бол,

Сен үшін мен өлейін.

Сенсіз өмір болады қалай маған,

Шаңдақпын шартарапқа жел айдаған.

Қаңғырып жүрер едім қай бұрышта,

Қазақстан бермесе арай маған.

Амансың ғой…

Барсың ғой…

Орныңдасың.

Орныңды таппай Құдай қор қылмасын.

Көп көрдік көңіл мұңын,

Елдің жасын,

Жақсылыққа бастағай жолдың басын.

Тоқсан жолдың торабы

Алаңдарсың,

Қараулықтан қаш аулақ

Қараң қалсын.

Құлың болмай сол кезде қыңқылдасам,

Құдай менің жанымды табанда алсын.

Құлайын Қызылқұмда қызыл нардай,

Ізіңнен жатайыншы жүзімді алмай.

Саулығыңды тілейін жаратқаннан,

Қурап, жанып кетсем де түгім қалмай.

Алаңдама,

Артыңа қарамашы.

Қайда қалмас жігіттің қара басы.

Түк емес, шырылдаса шығар жаным,

Бір жаным,

Бар қазақтың садағасы.

Естідің таудың мұңын, көлдің зарын,

Ұмытпа жердің жайын, елдің қамын.

Ақылдылар азғанда сұм болады,

Сұмдарды көш басына қондырмағын.

Тілгілеп туырлықты кеспеу үшін,

Арқауыңды қылышпен шешпеу үшін.

Өмір сүрсем сүрермін,

Дұшпанға айбат,

Өлсем де мен өлейін,

Тек сен үшін.

Ақ сарайың тартатын көз алыстан,

Ақ сәулесі әлемге тарап ұшқан.

Мен болмасам болмаспын,

Сен аман бол,

Жаһандағы жалғызым Қазақстан!

Қази ДАНАБАЕВ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика