Патриоттар форумы не үшін қажет?

Күні , 237 748 рет оқылды

IMG_3872


Осы аптада Астана қаласында патриоттар форумы өтті. «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбында өткен форумда мемлекетіміздің барлық өңірінен келген 2 мыңдай делегат бас қосты. Сол делегаттардың қатарында болғандықтан, форумнан түйген ойларымды тізбектейін.


Бұл форум әлеуметтік желілерде біраз талқыға ұшырады. 2007 жылдан бері жыл сайын елдің әр өңірінде өткізіліп келе жатқан форумды кейбірі білмейтін болып шықты. Сол себептен оңды-солды сынаушылар болды.

Жұртшылықтың форумды білмеуіне мынадай себептер бар. Біріншіден, көбі газет оқымайды. Оқыса да, кейбір газеттер форумды тарқатып, арғы мақсатын жеткізіп жазбайды. Қысқаша ақпарат беріп, форумға қатысушылар арасынан халық күнде көретін белгілі бір тұлғаның суретін сала қояды. Сондықтан әдеттегі көп жиынның бірі ретінде тасада қалады.

Екіншіден, телеарналар да «форум өтті, онда мынадай мемлекеттік тұлғалар сөйледі» дегеннен әрі аспай жатады. Ал форумның аты айтып тұрғандай, онда негізінен елдің нағыз патриоттары – қарапайым еңбек адамдары сөз алып, мінбеге шығады. Ал олардың телеарналардың назарынан тыс қалатын себебі – олар күнде БАҚ назарындағы адамдар емес, тілшілер оларды танымай жатады.

Мәселен, осы форумда әр өңірден патриоттығын іспен дәлелдеген тұлғалардың арнайы шақырылғаны қуантты. Ерекше оталар жасайтын жас дәрігерлер, оқушыларына аз ғана уақытта халықаралық жарыстарға шығаратын білім бере білген жас ұстаз, үрімбұтағымен шахталарда тер төккен шахтерлер жанұясының отағасы, бейбіт күнде ерлік жасап, адамдардың оттан, судан өмірін арашалап қалған жандар, мұқтаж адамдарға көмек қолын аямаған жомарт кәсіпкерлер, ұжымындағы этнос өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, тілге құрметті талап ететін басшылар, отандық өнім өндірушілер, яғни елжандылықты сөзбен емес, іспен дәлелдеген жандар бас қосты. Әрине, бәрі мінбеге шыға алмасы анық, «Қазақстан» орталық концерт залы осындай рухы биік жандарға толы болды десек, артық айтқандық емес.

Форумның маңызын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнайы хат жолдауынан байқауға болады. Хатты Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып бердi. «Бүгiнгi форум ерекше. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн» – делiнген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов биыл елімізде атқарылған халқымыздың рухын көтеріп, тарихи санамызды сауықтыруда мәні зор айтулы шараларға тоқталды. Қоғам және мемлекет қайраткері, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәңгілік ел» идеясының еліміз үшін зор маңызы бар екенін сөз ете келіп, Елбасының әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері Біріккен ұлттар ұйымының 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатқанына тоқталды.

«Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл — өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын!», – деген ғарышкер Айдын Айымбетовке жиналғандардың ілтипаты ерекше болды. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына баса тоқталып, жалынды жырын оқып берді. Аяулы аналарымыз бен балбөбектеріміздің күміс күлкісі мен тыныш ұйқысын қорғау парыз екенін айтқан соғыс көрген азаматтың сөздері жастарға ой салды. «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин қоғамымызда қайырымды жандар көбейіп келе жатқанын, «Балаларға өмір сыйла!» шарасына белсене қатысқан азаматтардың арқасында соңғы 10 жыл ішінде 1300-ден астам баланың өмірі жалғасқанын атап көрсетті.

«Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділов: «Мен ешқашан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азаматтық міндетімді ғана атқардым. Менің орнымда кім болса да дәл солай істер еді.

Жауапты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы! Сол оқиғаны Елбасы теледидардан көріп, маған «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осыдан түйгенім: Қазақстанда жасалған әрбір игі іс Елбасының назарында. Ұлым дейтін елі мен Елбасы барда, елім дейтін ұлдар бар. Патриотизм – ел үшін жасалған нақты істерден тұрады» – деді.

Қарағандылық кенші Қанат Мұстафин: «Біздің отбасымыз – кеншілік кәсіп атадан балаға мирас болған шахтерлер әулеті. Мен «Қазақстан» атты көмір шахтасында жұмыс істеймін. Менің әкемнің аты – Қазақстан. Мен өзімнің әкемнің ғана емес, сүйікті Қазақстанымыздың перзенті екенімді мақтан етемін. Елімізде елі үшін аянбай тер төгетін талай-талай асыл азаматтардың бар екенін мақтан етемін. Отанымыздың өркендеуі үшін тер төгу – біздің парызымыз. Еңбек адамына ең керегі – осы! Мәңгілік ел дегеніміз де – осы!», – деді.

Актер Нұрлан Әлімжанов «Бүгінгі таңда кино өнері – ең басты тәрбие құралдарының бірі. Елбасының қолдауымен бүгінде қазақ киносы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. «Қазақфильм» киностудиясы түбегейлі жаңғыртылып, заманауи техникалармен жарақталды. Қазір киногерлеріміз жылына 100 фильмге дейін шығара алады. Әңгіме – санда емес, сапада. Енді біздің алдымыздағы жауапты міндет – Мәңгілік елдің құндылықтарын ұлықтайтын сапалы туындылар жасау. Халықтың патриоттық рухын көтеріп, Отанымызды сүюге, ел үшін еңбек етуге үндеу! Біз оны жан-жүрегімізбен сезінеміз», – деді.

Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова: «Елімізде 2 миллион 600 мың оқушы бар. Тек биылдың өзінде 340 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл – Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш» дей келіп, әр ұстаз өз ісіне жауапты қарап, ұрпақ тәрбиелеудегі ата-баба алдындағы борышын сезінсе ғана нағыз патриоттарды тәрбиелейтінін айтты.

«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы, команда капитаны Бауыржан Исламхан: «Барлығыңыз да футболдың Қазақстан халқын қалай біріктіретінінен хабардарсыздар. Біздің сәтті турнирлерімізде алаңда бола тұрып, мен өз халқымның, Ұлы Дала елі халқының рухын бүкіл жан-дүниеммен сезінемін. Әлеуметтанушыларға қазақстандық бірегейлікті дәл осы спорттық жарыстарда өлшеуді ұсынамын, ол міндетті түрде 100 пайыз дәлдікті көрсетеді», – деді.

Форумда ақын Маралтай Ыбыраев, «Болашақ» бағдарламасы түлектері қауымдастығының мүшесі Қаныш Төлеушин, мұнай-газ саласының өкілі Фердинат Мамонов, «MIMIORIKI» компаниясының директоры Инна Апенко, Қазақстан аспазшылары қауымдастығының президенті Елена Мащинская, қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілінің авторлары Семен Махов, Евгений Шворнев, Сергей Закора, химия пәнінің мұғалімі, көптеген шәкірттері халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған Алмас Ордабаев, режиссер Ахат Ибраев, жас әскерилер Ербол Базаров, Алтын Байтемірова және Алмат Қайырбеков сынды азаматтар елжандылық хақында өздерінің ойлы тұжырымдарын, жалынды сөздерін арнады.

Әсіресе, қатерлі ісік ауруларын зерттеулерге 2 млн. АҚШ долларын бөлген қазақстандық бағдарламашы Асхат Мырзабаевтың сөздерінен зал сілтідей тынды. Ауыр дертке ұшырағандарға көмектесуді бала кезінен өмірлік мақсаты еткен ол университеттің үшінші курсында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына «Тwitter» компаниясына тәжірибелік жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Онда ол керемет білімді жігіттермен танысып, олардан түрлі жобалар жасауды үйренген. Кейін Асхаттың жобасын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі «Microsoft» сатып алады. Ірі қаржы компанияларының тәжірибесін алған бағдарламашы: «Менің жасым қазір жиырма бесте. АҚШ-та қызмет еткен кезімде мен жұмыстан тәжірибе алып қана қоймай, бір маңызды нәрсені ұқтым: ұлы нәрсені өмірге әкелу үшін ауқымды ойлау керек, өзіңе терең сұрақтар қоюың керек екен. Өмірдің мәні не? Қандай із қалдыра аламын? Адамзатқа не беремін? Өзіме ол сауалдардың жауабын таптым. Мен ғылымның дамуын қолдағым келеді. Сол үшін де мен қатерлі ісік пен онкологияны зерттеуге 2 млн. доллар бөлуді шешкен едім», – деді. Бұл форум жас буынның осындай нақты іспен айналысқандардың сөзін өз аузынан естуімен құнды. Кездесуден талай жас үйіне өмірге көзқарасы өзгеріп, еліне деген махаббаты еселеніп оралғаны сөзсіз.

Бұл форумның бұрынғы бастауынан ерекшелігі – ән-күй, бимен уақыт оздырған жоқ. Екі сағат бойы мағыналы сөз ғана, үлгілі іс қана әңгіме етілді. Форум барысында еліміздің өркендеуіне бар мүмкіндігінше үлес қосып жүргендер — еңбеккерлерімізге, батырларымызға құрмет көрсетілді.

Патриоттық міндетті түрде бірден ауқымды істер тындырып тастау емес. Мінбеден сөйлеушілердің түйіні осы. Шын патриоттық әрбір елшіл адамның кішкентай ісінен құралатын, еңбегі арқылы дәлелденетін құндылық. Елін шексіз сүйетін әр қазақтың сөзі мен ісі, күнделікті атқарып жүрген жұмысы еліне, халқының игілігіне бағытталса, елжандылық деген осы.

Әр отбасы бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарамай, сапалы қазақ өсірсе – міне, ұлтқа сүйіспеншіліктің бастауы. Әр күн сайын мұғалім алдындағы бүлдіршінге ілім бере алса, заңгер мұқтаждың құқын қорғай алса, дәрігер алдына келген науқастың өмірін сақтап қала алса, ғалымдар елге пайдалы зерттеумен айналысса, жолшы жолын дұрыс салса, жүргізуші жолаушыны үйіне аман жеткізуді мұрат етсе, құрылысшы әр кірпішті сапалы қаласа – міне, елжандылық, тұтас елдің қайнаған тіршілігіне титімдей үлес бола білу деген осы. Осындай өз ісіне адал қарапайым адамның әр күні ерлік, біле білгенге.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»,

Орал-Астана-Орал


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика