22.09.2015, 6:03
Қараулар: 12
«Отан отбасынан басталады»

«Отан отбасынан басталады»

1 вапваива


Жуырда «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалының ұйымдастыруымен Халықаралық  отбасылар мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы ғимаратында «Бақытты отбасы» жобасы аясында облысымыздағы  үлгілі  отбасылармен кездесу өтті.  А. Қыдыршаевтың отбасы және Астана қаласында өткен «Мерейлі  отбасы» ұлттық  конкурсының жүлдегері Кенжебаевтармен кездесуге  БҚМУ  және  БҚАТУ-дың студенттері қатысты.


Кездесуді «Нұр Отан» партиясының БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәз Мағжанқызы сөз сөйлеп ашты.

– Отбасы – қазақтың басты құндылығы саналады. Әке-шешеден жақсы тәрбие алған бала өз отбасын да сәтті құратыны белгілі. Бірақ,  өкінішке орай, соңғы жылдары отау құрған жастардың үшеуінің біреуі ажырасып кетіп жатыр. Бұған жастардың отбасын құруға дайын еместігі себеп болуда. Сондықтан облыстағы мақтаулы отбасылармен кездесіп, олардың тәжірибесімен бөлісудің  жастарға пайдасы зор, — деді ол.

Академик Абат Қыдыршаев  – облысқа жақсы танымал. БҚМУ-дың филология факультетінің деканы. Жұбайы Диамара Қабденқызы да – өмірін ғылымға арнап келе жатқан жан. БҚАТУ-дың агрономия факультетінің деканы, ғылым кандидаты. Сөз алған Абат Сатыбайұлы жиналған жастарды отбасы мүшелерімен таныстырды. Қызы Дана да магистратураны бітірген агроном, ұлы Орал  – Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі. «Орал сабақты таза ағылшын тілінде береді. Бүгінде Н. Назарбаев университетінің магистранты» деп мақтаныш етеді әкесі. Ал кенже ұлы Мақсат 8-сыныпта оқиды. Күйеу баласы банк қызметкері, келіні мұғалім. Екі немересі бар.

Ал Астана қаласында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық  конкурсына еліміз бойынша барлық  турды есептегенде 2285 отбасы қатысқан. Облыс бойынша 105 отбасыдан  үздік  шыққан  26 отбасы арасында бас жүлдені алған  Кенжебаевтар республикада  облыстың намысын көкке көтеріп оралды.

Отағасы Жасқайрат пен отанасы Баян дүниеге 7 перзент әкелген. Астанаға  ұл-қыздары, күйеубала-келіні, немерелерімен, жалпы 20 адам барды. Бір ерекшелігі – отбасы шетінен өнерпаз. Кенже  ұлы Темірлан саз колледжінде оқиды, күйші. Жасынан жанына өнерді, қара  домбыраны серік еткен Жасқайрат бүгінде Сырым ауданының Жетікөл ауылы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет істейді. Бес немере, екі  жиені бар отағасы жастарға көп балалы отбасындағы тәрбиенің өзіндік ерекшелігі болатынын, балалардың өзара тату, бір-біріне қамқор, ата-анаға мейірімді болып өсетінін айтты.

Екі отбасы да жастардың сұрақтарына жауап беріп, отбасындағы бақыттың сыры – татулықта, бірлік  пен  өзара түсінушілікте  екендігін  айтты.

«Ең бастысы — еңбек, – деді Абат Сатыбайұлы. — Сосын  адамгершілік қасиет, осы екеуі болса,  отбасында бақыт болады» Ал жан жары Диамара: «Бала ата-анадан үлгі алу керек. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін сақтаймыз. Үлкенді сыйлап үйренген бала жаман болмайды»  — дейді.

«Сыйластық  сәлемнен басталады» деген Кенжебаевтардың отанасы Баян 4 перзентінің Орал қаласында бір-бір шаңырақ болып отырғанын, үлкен әулет сағынысқанда,  осы қалада  төрт шаңырақта кезектеп  кездесіп, арқа-жарқа болатындарын айтады.

Кездесуде бақытты отбасылар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға өмірлік  жар таңдауда  адаспау қажеттілігін  алға тартты. «Себебі отбасындағы бақыт, балалардың шат күлкісі мен жетістігі, болашағы ата-ананың тәрбиесіне байланысты. «Отан отбасынан басталады» деген бар. Мемлекеттің соңғы жылдары отбасына ерекше көңіл бөлуі, осыған орай әр түрлі байқаулардың  өтуі  жанұя жарастығын сақтауға  әсер етіп, үлгілі отбасылар көбейе  берсін» –  десті  олар.

Ұлдай  ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Cуретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар