19.09.2015, 6:06
Қараулар: 61
Жедел ақпарат – заман талабы

Жедел ақпарат – заман талабы

IMG_968-+6


Бейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрамындағы облыстық және аудандық газеттердің сайттары таныстырылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен таныстырылымға қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.


Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова елімізде, соның ішінде өңірде Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына байланысты көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Маңызды ақпараттарды қалың бұқараға жедел жеткізуде сайттардың маңызы зор екеніне тоқталды.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин мемлекеттік құрылымдарды ақпарат орталығымен тығыз жұмыс жасауға шақырып, халыққа ресми ақпаратты шұғыл жеткізу – бүгінгі күннің талабы екенін айтты. Газет пен оның электронды нұсқасының қатар жұмыс істеуі газет жазылымына әсер етпейтінін, қайта оқырманмен байланыс нығая түсетінін, бұл үрдістен әлемдік БАҚ-тың өтіп жатқанын әңгімеледі. Қазіргі уақытта сайттармен қатар әлеуметтік желілердің де халық арасында кең қолданысқа ие екендігін, онда да аталмыш медиахолдингтің парақшалары белсенді ақпарат тарататынын айтпай кетпеске  болмайды.

Шарада медиахолдингтің zhaikpress.kz, oral_oniri.kz сайттарымен «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Нұрлыбек Рахманов, priru.kz сайтымен «Приуралье» газетінің тілшісі Галина Самойлова таныстырды.

Бүгінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің www.zhaikpress.kz сайты облыс жұртшылығы мен республика халқын өңір тынысымен, соңғы жаңалықтармен ұдайы хабардар етіп отыр. Республикалық басылымдар мен телеарналар облысқа қатысты ресми мәліметтерді осы өңірдің басты ақпарат таратушысы zhaikpress.kz сайтынан алып, сілтеме жасап келтіруде. Бұл сайт жақында жаңартылып, енді облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің және 12 аудандық газеттің дербес сайттары топтастырылды. Мұнда өңір-лік, сондай-ақ Орал қаласы мен әр аудандағы ақпараттар дер кезінде жарияланып отырылады. Енді оқырмандар аймақтың фото және бейне жаңалықтарын да басқа сайттардан іздеп отырмайды, бір жерден табады. Сондай-ақ жаңартылған сайттарда оқырманның өз ақпаратын жолдауына да мүмкіндігі бар. Жарнама, бос жұмыс орындарына конкурс, түрлі байқауларды да осы жерден таба алады. Аймақта қалаға қоса он екі ауданды бірдей қамтитын мұндай сайттың баламасы әзірге жоқ.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің www.oraloniri.kz сайты zhaikpress.kz сайты сияқты заманауи электронды баспасөз құралына қажетті соңғы өзгерістермен қамтылып, жаңартылды. Оқырманға барынша қолайлы қылып жасалды. Газетке шыққан барлық мақалалар тақырыптарға жіктеліп тұр. Бұл оқыр-манның қызығушылығына қарай өзіне керекті мәліметті тез табуы үшін жасалған. Газеттің жаңа санын, соңғы жаңалықтарды оңай тауып алуға болады. Газеттің мұрағаты, электронды нұсқалары, фотомұрағаты да оқырманға қолайлы болуына лайықталған. Сайттың ұлттық нақыш, ою бедерлерімен безендірілуі де оқырманның ойынан шығары сөзсіз. Бүгінде аталмыш газет сайтындағы материалдармен күніне 3 мыңға дейін оқырман танысса, уақтылы жаңартылып отыратын әлеуметтік желілердегі парақшаларында бес мыңнан аса жазылушысы бар. Жуырда жоғарыда аталған облыстық, аудандық сайттардың ұялы телефондарға арналған қосымшасы іске қосылмақ.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар