19.09.2015, 6:03
Қараулар: 122
Шейітсайға аттанды

Шейітсайға аттанды

IMG_9827


Кеше М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедиция Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Шейітсай деген жердегі Исатай батырдың бейітіне аттанды. Экспедиция құрамында танымал ақындар Ақұштап Бақтыгереева, Ғайсағали Сейтақ, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, тарихшы ғалымдар мен студенттер бар.


Сапар алдында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ғизатолла Имашев сөз сөйлеп, бұл сапардың тарихи тұлға жөнінде кеңірек мағлұмат алуға, студент-жастардың зердесін тереңдетуге септігі тиетінін айтты. Филология факультетінің IV курс студенті Айнұр Дауылова мен тарих және экономика факультетінің ІV курс студенті, «Ақиқат» пікірталас ұйымының мүшесі Ернар Абзалов жастар үшін экспедицияның рухани-тағылымдық мәні зор екенін атап өтті.

«Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  педагогика ғылымының докторы, профессор Абат Қыдыршаевтың айтуынша, Ақтөбе облысының біздің өңірмен шектесетін тұсында Исатай батырға арналған ескерткіш-белгінің ашылуына орай  ас беріліп, Құран бағышталады. Экспедиция мүшелері сол шараларға қатыспақ.

1836-1838 жылдардағы Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс тарих сахнасында кеңінен танымал. Шейітсайда көтерілісшілер Геке отряды мен Баймағамбет сұлтан жасағына қарсы Ақбұлақ шайқасы өтті. Қанды айқаста жаудың күші басым түсті. Жүрегі намыс шоғына күйген Исатай батыр шегінбестен жаяу ұрыс салып, ерлікпен қаза тапты. Ел ішінде Шейітсайда батырдың жерленген-жерленбегені  туралы пікір қайшылығы әлі баршылық. Бұл жорамалды одан әрмен дәйектей түсу өте маңызды.

Экспедиция мүшелері тарихи жерді аралап, көтеріліске қатысқан қазақ сарбаздары туралы кеңірек мәлімет жинамақ.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар