19.09.2015, 6:00
Қараулар: 110
Елдің үрейін ұшыру ма, әлде ерігу ме?

Елдің үрейін ұшыру ма, әлде ерігу ме?

large_0dfb


Соңғы жылдары еліміз бойынша халық көп жиналатын жерлерге «бомба қойылды» деген жалған хабар беру жиіледі. Яғни мекеменің жұмыс ырғағына нұқсан келтіріп, жалпы қоғамға елеулі шығын әкелетін жалған терроризм қаупі туралы жалған хабарлама жасау орын алып, тұрғындар арасында үрей тудырып, адамдардың тыныштығы бұзылуда. Құқық қорғау құрылымдары ғимараттан адамдарды басқа жерге көшіріп, қоғамдық көліктің қозғалысын шектеп, жоқ бомбаны іздеуге мәжбүр. Бұл бағытта облыстағы ахуал қандай деген сұрақпен  Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры  Алмас Таспиховқа (суретте) жолыққан едік.


Алмас Таспиков— Терроризм актісі туралы жалған хабар фактілеріне жасалған сараптамаға үңілсек, облыс бойынша 2013 жылы 1 қылмыс болса, 2014 жылы 4 факті тіркелді.

Бұл аталмыш қылмыстың аз да болса, өсіп отырғанын көрсетеді, — дейді Алмас Таспихов. — Яғни 2 жылда терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаудың 5 фактісі тіркелді. Оқиға орнына барған шұғыл қызметтің барлық шығыны кінәлі адамның мойнына салынды. 2013 жылдың 30 қараша күні, 22.45 сағатта 1971 жылы туылған В. Кисиков мас күйінде өзі тұратын Зеленов ауданы Калинин ауылындағы Фрунзе көшесіндегі үйінде отырып, Зеленов аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, аудандық ауруханаға бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Зеленов аудандық сотының шешімімен В. Кисиков 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келген 214 023 теңге шығын В. Кисиковтан өндірілді.

Прокурордың айтуынша, «бомба қойылғаны» туралы хабар берушілер оқиғаның соңы неге апарып соғарын ойламаудың салдарынан жауапқа тартылып, жазаларын алуда.

Дүрбелеңге  салған психолог

Мысалы, 2014 жылдың 24 шілдесі күні, 10.30 сағатта Тасқала аудандық ішкі істер бөліміне аудандық ауруханада белгісіз қорап табылғаны туралы хабар түскен. Қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен тексере келе, ҚР Қылмыстық кодексінің 37-бабы, 2-тармағы 1-бөліміне сәйкес әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты iс тоқтатылған. Оқиға былай болыпты. Аурухана психологы Х. Сапақова сол күні таңертең емделуші А. Абдрахмановадан тіркеу кабинеті жанына қолдан жасалған жарылғыш затты елестететін тұлып (муляж) қоюды өтінген.

Оны көрген аурухана қызметкері Э. Жаманғарина аурухана директорының орынбасары Н. Дүйсекешеваға хабарлаған. Бұл хабарды Н. Дүйсекешева аурухана директоры Г. Кенжешеваға жеткізеді, ал директор аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, адамдарды көшіру шараларын қолға алған. Ал Ж. Сапақова болса, бұл әрекетін оқу-жаттығу мақсатында, әріптестерінің психологиялық жағдайы мен әрекеттерін байқап, зерттеу мақсатында істегенін айтады. Х. Сапақовадан келтірілген 45000 теңге  материалдық шығын өндіріліп алынды.

Орал қаласы аумағында жасалған тағы да екі қылмыс бойынша «террористер» анықталып, қамауға алынды. 14.12.2014 жылы 15.25 сағат шамасында М. Жанәділов есімді азамат терроризм актісі туралы қасақана жалған хабарлама жасау мақсатында, өзінің ұялы телефонынан  көлік бекетінің кезекші диспетчер нөміріне телефон шалып, «бекет ғимаратын жарамын» деп қорқытады. Орал қалалық сотының үкімімен оның қылмысы дәлелденіп, ҚР ҚК 242-бабымен 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Залал мөлшері 32 744 теңге өндірілді.

Осыған ұқсас тағы бір оқиғада 26.06.2014 жылы оралдық В. Володин мас күйінде «112» нөміріне телефон шалған. Ол Шаған жағалауы көшесіндегі бір үйде үш ер адамның электресептегішті алып, жарылғыш зат қойып жатқанын хабарлайды. В. Володиннің де қылмысы дәлелденіп, 3 жылға сотталды. Келтірілген 17 664 теңге көлеміндегі шығын толықтай өндірілді.

«Мастықпен  білмей  қалдым…»

Біз мақала дайындау мақсатында Орал қаласындағы РУ-170/2  еңбекпен түзеу мекемесінде болғанымызда, жалған терроризм фактісі бойынша да сотталушылармен кездескен едік. Соның бірі — Нұрсұлтан Қабыл. Бөкей ордасы ауданының қарамаға «қойдан  жуас» деуге болатын баласы бір емес, екі бірдей қылмысқа барыпты.

2014 жылдың 9 қыркүйегі күні шамамен сағат 12.49-да Орал қалалық ішкі істер бөліміне Достық даңғылы, 195-үйде орналасқан «Билаин» ұялы байланыс ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі Нұрсұлтан Қабыл есімді азамат ұсталған. Келтірілген 74 012 теңге шығын әлі өндірілген жоқ. Себебі Н. Қабыл түрмеде отыр.

— Ол күні мас болып, ішіп отыр едім. Ұялы телефонымның бірлігі бітіп қалды. «Билаин» орталығы маған қайта-қайта: «Сіздің бірлігіңіз бітті, тарифпен кіріңіз» деп хабарлама сала береді. Сол мүмкіндікті пайдаланып: «Билаин кеңсесіне бомба қойылды, қазір жарылады» деп телефон шалдым. Екінші күні мені ұстап әкетті, — дейді Нұрсұлтан.

Оған «Сен осылай істе» деп ешкім айтпаған және бұл жалған хабарды жасағанда қасында жан баласы болмапты. Бас бостандығын шектеу жазасын алған Нұрсұлтан  соттан шыққан күннің ертеңіне темір торға қайта түскен.

— Екінші күні адам тонап, түрмеге қайта түстім, — дейді ол. Оның шығатынын отбасы білмей қалады, сондықтан қалтасында көк тиын болмапты. Көшеде әрі жүреді, бері жүреді, қарны ашады, күн кешкіре бастайды. Ауылға кетпек түгілі, қаладағы танысының үйіне жететін тиыны жоқ Нұрсұлтан көшеде келе жатқан кішкентай баланың телефонын тартып алады.

Ойы – сатып, ақшалап, ауылға жету. «Осы қылмысым үшін 2 жылға сотталдым» – дейді ол. «Адам тонағанша, қоғамдық көлік кондукторынан баратын жеріңе дейін ақысыз мінгізуді неге сұрамадың?» деген сұрағыма ол: «Ұялдым» деп жауап берді. «Ал құрттай баланы тонап, телефонын тартып алуға ұялмадың ба? Неге?» деген сұрағым жауапсыз қалды. Орал қалалық соты оны 2 жылға бас бостандығынан айырды. «Бірінші сотталғаным — арақтың кесірі, енді түрмеден шыққан соң арақты аузыма алмаймын» – дейді ол.

— Жалған терроризм фактілерінің орын алуына әр түрлі жағдайлар себеп болуда. Біреулер отбасына  не сүйген адамына деген ашумен, біреулер ұшаққа, пойызға  кешігіп, оны тоқтата  тұру үшін, ал жасөспірімдер қызық көргендіктен осындай қылмысқа барады, — дейді Алмас Таспихов. Бүгінде прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы органдар, аудан жастарын деструктивтік дін ағымдарына тартудың жағымсыз салдары туралы ақпараттандыру және жалған терроризмнің алдын алу мақсатында акциялар өткізуде. Акция аясында үкіметтік емес ұйым мүшелері аудан прокуратурасының сенім телефондары көрсетілген жаднама және үлестіру материалдарын таратты.

«Жұмыс  жеткіліксіз»

Прокурордың айтуынша, халық арасында жалған терроризм туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуы жеткіліксіз. Орал қаласы және аудандар прокурорларының мәліметі бойынша жергілікті орындаушы және уәкілетті органдармен бұл бағытта бастамашы және дербес жұмыстар жүргізілмейді. Түсіндіру жұмыстары көбінесе прокурорлардың ықпалымен Теректі, Тасқала, Зеленов, Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында жүргізілген. Соның ішінде Зеленов аудандық прокурорының жұмысына оң баға беруге болады. Шыңғырлау, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Қазталов аудандары прокурорлары мектеп және колледж оқушыларымен кездесіп, жалған терроризмнің қоғамға әкелер залалы мен қаупі туралы әңгіме өткізген. Басқа аудан прокурорларының осы бағыттағы жұмыстары әлі де жақсартуды талап ететін көрінеді.

— ҚР Қылмыстық кодексінде терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаған адамға бас бостандығынан айыру және айыппұл салудың балама шараларын жою арқылы құқықтық жауапкершілік қатайды. Бұрын бас бостандығынан шектеу, айыппұл төлеу жазасы болған. Бүгінде мұндай қылмысқа барған адам міндетті түрде бас бостандығынан айырылады және сонымен қатар шығынды да төлейді. Жалған терроризм халықты үрейлендіріп, дүрбелең туғызатыны себепті қоғамға қауіпті. Сондықтан халықтың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, оқу орындарында тәрбие сағаттарын өткізу арқылы жалған хабар берген адамның жазасыз қалмайтыны туралы тұрғындарға ақпарат беріп, жұмыстанудамыз, — дейді Алмас Таспихов.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар