29.08.2015, 6:08
Қараулар: 149
Біз өткен жол

Біз өткен жол

Открытка_День_конституции14


Тәуелсіз Қазақстан тарихында  ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13-шақырылымы бойынша  тұңғыш рет Парламент өмірге келген еді.  Мен осы Парламентке Ақтөбе облысының №24  Темір, Исатай (сол кездегі аудан), Ойыл және Қобда аудандары бойынша депутат болып сайланғанымды әлі күнге дейін ұмытпаймын. Негізінде бұл аймақтарда  еңбек ететін  шаруалармен, малшы-бақташылармен, мұнайшылармен кездесу өткізгенімде,  олар маған үлкен сенім артты. Мұнайшы демекші, мен Темір ауданының қара алтын өндіретін Кеңқияқ ауылында, аудан орталығы Шұбарқұдықта өз мамандығым бойынша ұзақ жылдар бас дәрігер болып қызмет жасағанмын.


Бұл егеменді елімізде өмір­ге келген тұңғыш кә­сіптік Парламенттің ғұ­мы­ры онша ұзақ болмаса да, Қазақ­стан­ның тәуелсіздік алған жылдары мәдени-тұрмыстық па, әлеуметтік пе, әр түрлі көптеген салалардың дамуы жағынан ба, мейлі қай-қайсысы болса да, аяғынан тік тұрып кетуі үшін заң шығарушы органдар маңызды құ­жаттар қабылдап та үлгерді. Со­ның бірі де бірегейі осы – 1995 жылдың 30 тамызында, референдумда өмірге келген «Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы» жаңа Заңы еді.

Енді осы тұңғыш құрылған кә­сіптік Парламенттің жұмысына қысқаша тоқтала кетейін. Мұның алдында Жоғарғы Кеңес бірыңғай сессиялар бойынша жұмыс жас­а­ды. Басқаша айтқанда, заң шыға­рушы органдар депутаттардың негізгі жұмыс орны болып саналмады, өйткені олар одан жалақы алмайтын. Әр сессияның жұмысы кемінде 10-12 күнге созылатын. Өйткені қандай құжат болмасын жан-жақты тексеріліп, ой елегі­нен өткізіліп барып қабылданатын. Мақтағаным емес, осы тұңғыш Парламент ең мықты Парламент болды деп әлі күнге дейін айтылып келеді.

Бұл сөзімді әрі қарай жалғай түссем, депутаттардың құрамы, олардың біліктілігі, атқарған жұмыс сапасы сол заманғы деңгеймен салыстырғанда, жоғары дәрежеде екендігіне ешкім де күмән ту­дырмаса керек. Көпшілік дауыс­пен сайланған Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ә. Кекілбаевтан бастап белгілі қаламгер, қоғам қайраткері О. Сүлейменов, даңқты ұшқыш Т. Әубәкіров, саясаткер Ә. Бәйме­нов, жерлесіміз, марқұм М. Оспанов, заңгерлер С. Сартаев, С. Зи­манов, ғалым Ө. Жолдасбеков сияқты ел аузындағы тау тұлғалы азаматтармен бірлесіп, қоян-қол­тық еңбек еткенімді құрмет деп білемін.

Жаңадан қайта тағайындалған Кеңестің алдында республиканың ішкі құрылымдарындағы жұмыс­тарды саралы атқару үшін ма­ңызды міндет – тиісті заңдар қабылдау болды. Оның ішіндегі ең негізгісі – «Азаматтық кодекс туралы» Заң еді. Біздің бұл Кодекс әлемдегі осы тұстас заңдармен иықтас тұратын, олардағы озық үлгілерді пайдалана отырып, көп өзгеріске ұшырамайтын, ұлттық қадір-қасиетімізді сақтайтын бірден-бір құжат болуға тиіс еді. Аталмыш заң депутаттардың қолына тиісімен-ақ қызу пікір-талас басталды. Халық қалаулыларына осы заңның жобасын ұсынған сол кездегі Әділет министрі Н. Шәйкенов бір апта бойы Парламентте болды. Осы алты-жеті күннің өзі үл­кен талқылаулармен өтті. Былай қарағанда еліміздің көп ұлтты халықтары үшін мұндай маңызды құжатты бір аптаның ішінде-ақ қабылдап тастау оңай шаруа емес еді. Бірақ бұған Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың да ықпалы тиді. Нұрсұлтан Әбішұлы депутаттар корпусынан «Азаматтық кодекс туралы» Заңды 1995 жылғы жаңа жылға дейін қабылдауын сұрады. Өйткені 1995 жылдан бастап Қазақстан халқы жаңа Конституцияға ауыспас бұрын өз­дерінің азаматтық құқықтарын, қарым-қатынастарды реттеуді тү­сінікті де жетік меңгеріп алулары тиіс болатын. Әсіресе, бұл жеке меншікті толыққанды енгізу үшін аса маңызды еді.

Осы құжаттан кейін 1995 жыл­дың 30 тамызында референдум арқылы Жаңа Конституция өмірге келді. Оның қалай жасалғаны да әлі күнге дейін көз алдымда. Ең бастысы, өз пікірімді білдіруге мүмкіндік алғаным еді.

Бұл Ата Заңымызды қабылдаған кезде Англия, Германия және бас­қа да Еуропалық мемлекеттердің бұрынғы қолданыстағы конституциялары қарастырылды.

Мен бұл кезде Парламентте Денсаулық сақтау комитетінде мүше болатынмын. Жаңа Конс­титуция жобасының 29-бабы 2,3-бөлімдері бойынша ақылы ме­дициналық көмекті мемлекеттік және жеке емдеу мекемелерінен алу жөніндегі өзгерістердің енгізілуіне қатыстым. Осы арада айта кетейін – ҚР әрбір азаматы заңда қарастырылғандай, «кепілдік көлемде дәрігерлік қызметті пайдалануға құқысы бар» деген бөлім қосылды. Осы жаңа бөлім бойынша бізге біраз тер төгуге тура келді. Екі ай бойы таңертең­нен кешке дейін, кейде сенбі, жексенбі сияқты демалыс күндері де жұмыс істедік.

Жаңа Конституцияның жоба­-сын жасауда халықаралық іс-тәжірибе пайдаланылды. Депутаттар өз білімдерін әлемдік деңгей­де шыңдай түсуі үшін шекара асып, шетелге кетті. Мен өз әріптес­теріммен бірге Германия, одан кейін Данияда болдым. Онда біздерді Бүкілодақтық Денсаулық сақтау Ұйымының (ВОЗ) Президенті қабылдап, біраз пайдалы ақыл-кеңестерін берді.

Осы маңызды құжатты қабыл­-д­ау кезінде оның 2 және 3-баптары бойынша Парламенттегі палаталар, референдум өткізу және ер­кін сайлау жүйесі туралы да ай­тыс-тартыстар жеткілікті болды. Ел астанасын Алматыдан Ақмо­лаға көшіру жөнінде де пікір екіге бөлінді. Ол бір қиын кезең еді, экономикадағы дағдарыс, тап­шылық қиырдағы ауыл-аймақ­тар ғана емес, бірнеше жылғы іс-тәжірибесі бар үлкен кәсіпорын­­дар мен мекемелерге де салқы­­нын тигізді. Мұндай тұйықтан да өзінің ақыл-парасатымен, айқын да нақты ой-тұжырымдарымен ҚР Президенті Н. Назарбаев алып шық­ты. Нұрсұлтан Әбішұлының әр сөзі бізге күш-қайрат берді, сенімді түрде ертеңгі күнге жете­леді. Астана демекші, оны көшіру жөнінде де мен мінбеден үш рет сөз алып, қызу талқылауға қатыстым.

1994 жылдың маусымының аяғы мен шілденің басында, тіпті жоғарыда айтып өткенімдей, «Азаматтық кодекс туралы» Заң­ды қабылдамастан бұрын Жоғар­ғы Кеңеске «Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы» жаңа заң жобасы келіп түскен-ді. Мұның бастамашысы да Ел Президенті Н.Назарбаевтың өзі болды. Мұндай бағалы ұсынысты қолдаушылар қатарында менімен бірге М. Оспанов, А. Жағанова, С. Зиманов, З. Федотова сияқты депутаттар болды. Әрине, астананы көшіру жөнінде де қарсы пікір айтушылар болмай қалған жоқ. Олар саяси тақырыпты өздерінше бұрмалап, саудаға салу ниеттерін байқатып та қалды. Тіпті бір әріптесіміз Солтүстік Қазақстанды кезінде ка­зактар жайлаған, ұлтаралық дүр­дараздық шығып кетпес пе екен деп те «сақтандырды».

Жоқ, мүлде олай болмай шықты. Қайта, керісінше, Астана барлық қазақстандықтардың аяулы мекеніне айналды. Мен жыл сайын мүмкіндігім болса, 6 шілдеде, қа­ланың туған күніне, отбасыммен, немерелеріммен Астанада болу­ды әдетке айналдырдым. Оның көз тоймас керемет көркіне қарап тұрып, кезінде осындай маңызды іске атсалысқанымды мақтаныш тұтып, кеудемді ерекше қуаныш кернейді.

Менің Жоғарғы Кеңесте депутат болып жүргендегі жасаған тағы бір маңызды істерімнің бірі – қазақтың батыр қызы, даңқты жерлесіміз Әлия Молдағұлованы есте қалдыру. 1995 жылы Ұлы Же­ңістің 50 жылдығы кеңінен аталып өтті. Мен осы кезде талай табалдырықты тоздырдым десем, артық айтқандық емес. Ақыры сан рет шапқылап, талайлармен айтысып жүргендегі талап-тілегім өтеліп, дегеніме жеттім. Менің ұсынысым жоғарғы жақтан қолдау тауып, Жоғарғы Кеңестің, содан соң Үкіметтің қаулылары шықты. Ұлы Жеңістің жартығасырлық то­й­ымен бірге Ә. Молдағұлова­ның туғанына 70 жыл толуына орай мерекені, әсіресе, Ақтөбе мен Ал­маты кеңінен атап өтті. ҚР Ми­нист­рлер кабинеті Әлияның және шығыстың қос шынарының бірі М. Мәметованың есімдерін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қазақстанның қалаларына, көше­леріне, даңғылдарына батыр қыз­дарымыздың есімдерін беріп, оларға ескерткіштер орнату жө­нінде тиісті қаулы қабылдады.

Апталар, айлар, жылдар өтер. Адам баласы өз ұрпағына «Не қалдырдым, нендей өсиет айттым?» деп ойлануы тиіс. Маған жұмыс барысында БАҚ өкілдері атқарып отырған қызметімнен тыс «Сіздің қатты мұңайған немесе қуанған кездеріңіз болды ма?» дегендей сауалды жиі қояды. Әрине, жүрегім тас емес, мен де ет пен сүйектен жаралған адам баласымын. Ең бір қиналған сә­тім – ол осыдан үш-төрт жылдай бұрын аяулы анам Мақпалдың өмірден озуы еді. Жасымыз алпысты алқымдап қалса да, ананың жөні бөлек екен. Мен ол кісінің о дүниелік болғанын естігенде жанарымнан ыстық жастың қалай шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым. Аты да айтып тұрғандай мінезі мақпалдай, артық сөзге жоқ, қолындағы жылы жұмсағын айналадағы туыс-достарымен бө­лісіп жейтін, ешкімге жамандық ойламаған, қазақтың қарапайым ақ жаулықты аналарының бірі еді. «Аққа Құдай жақ» дегеннен болар, ғасыр жасап, 100-ге жетіп көз жұмды. Әкемізден ерте айырыл­сақ та, осы анамыздың арқасында жетімдік дегеннің не екенін білмей өстік. Менің жүріс-тұрысым, барлық іс-қимылым осы кісінің көз алдында өтті. Қай кезде де үнемі сақтандырып отыратын.

Ал қуанған сәтім — ол талай жыл­ғы еңбегім еленіп, ҚР Президенті­нің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық іс-қимылға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен халықтар арасындағы қарым-қа­тынасты нығайтуға қосқан зор үлесім үшін «Құрмет» орденіне ие болуым. Мұндай жоғары награданы Астанада Ақордада салтанатты түрде алуым – өткен жылғы менің өмірімдегі елеулі оқиғалардың бірі.

Қартайсаң да қайғың жоқ,

Жассың деген осы заң.

Бұлбұл үнің бұлақтай,

Тасысын деген осы заң, —

деп ақындар жырлағандай, Конс­­титуциямыз ел игілігіне қыз­мет жасай берсін деген пікір айт­қым келеді.

Ізімғали КӨБЕНОВ,

ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі,

  «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының

Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар