29.08.2015, 6:08
Қараулар: 115
Мәңгілік елді мадақтаған қойылым

Мәңгілік елді мадақтаған қойылым

фото Рафхата Халелова (1487)


Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында Хан ордасы ауылында үлкен іс-шара өткені белгілі. Солардың ішінен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымы дайындаған сахналық көріністі айрықша атап өтуге болады. Астанадан арнайы келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қойылымды көрермендермен бірге тамашалады.


Дала төсіндегі сахна тө­ріне әуелі Асан қайғы көтеріліп, ұлтымыздың мұрат-мақсатын жырға қоса келе: «Қазақ қалай ел болады деп шерге батып жүргелі қашан. Тоныкөк бабам «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп айтып кетіп еді. Жаңа осы сөз есіме түсіп, оң қабағым тартып кетті. Соны жақсылыққа жорып тұрмын. Бір оң өзгерістердің алдында тұрмыз деп ойлаймын. Иншалла, солай болғай!» — деп  толғанды.

Одан әрі Қазақ мемлекетінің керегесін керіп, уығын қадаған Жәнібек пен Керейге кезек келді. «Жамағат! Шу мен Таластың ара­сына көшіп келгелі бірнеше жыл болды. Үркердей ғана ел едік. Қа­зір, Құдайға шүкір, қарамыз кө­бейіп, екі жүз мыңға жеттік! Ел болып келеміз. Ал елдің ханы болуы керек, ақсақалдармен ақылдаса келе, ағам Керей сұлтан хан бо­луға лайық деп таптық!» — деген Жәнібек сұлтанның сөздерінен кейін алқалаған қауым: «Керей хан!», «Керей хан!», «Керей хан!» деп атойлады. Бір топ адам Керейді ақ киіздің үстіне отырғы­зып, хан көтерді. Асан қайғы жиыл­ған қауымға ақ батасын берді.

— Құтты  болсын  хан Керей, құр­ған мына хандығың!

Даласында қазақтың атты арайлап таң бүгін

Бостан, бейбіт, бақуат күй кеше алу – бас байлық

Сол қазына біткенге толы болсын сандығың!

Жерің шұрай кең болсын, бар­лық жаның ер болсын!

Көре алмаған дұшпанның тұла бойы шер болсын!

Қой үстіне бозторғай жұмырт­қалар заман боп,

Ынтымағы жарасқан қарауың­­да ел болсын! – деген баба сөзі­­нен кейін «Әумин! Ақсарыбас! Қа­­зақ хандығы құрылды!» — деп ел шаттанды.

Сахнада еліміздің қалыптасу та­рихында еңбектері ұшан-теңіз Қасым, Есім, әз Тәуке хандардың бейнелері сомдалды. Бүгінгі Ата Заңның бастауында тұрған «Қа­сым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Же­ті жарғысынан» оқылған үзінді Марғасқа жыраудың:

Қасқа жолы Қасымның пайдаға аса береді,

Бұл заңдардың ішінде жетеді әлі керегі.

Толықтырып сол заңды, жаң­ғыртамыз көнені

Қасым-Есім хандарым бір дәс­түрге ереді

Басы артықтың құны жоқ,  көп сөзден мен қашамын,

Қабылданған Заң мәнін аз сөз­бен-ақ ашамын

Құл болмайды бағынған, тәртіп болсын елде, — деп

Басшылыққа аламыз Шыңғыс­ханның Жасағын!

Бұл жолменен кезінде талай-талай көшті қол!

Шыңғыс ханнан қалған жол, демек – көне, ескі жол.

Есім ханның бұл жолы «Ескі жол» деп аталсын –

Жөні түзу болған соң ескі де болса Есті жол! — деп келетін өле­ңімен түйінделді.

Қойылым мазмұны бірте-бірте ХІХ ғасырдың бірінші жарты­сы – Бөкей ордасын Жәңгір хан бас­қарған кезеңге ойысты. «Қа­дір­менді жамағат! Біз патша ағзам басқаратын Ресей империясы­­­­ның қарамағындағы Бөкей ордасы де­­­ген елміз. Замана көшіне орай Пат­ша ағзамның билігіне бойұсы­на отыра өз ерекшеліктерімізді ескерген түрде хандықты басқару құрылымына бірқатар өзгерістер – реформалар жүргізгелі отыр­­мын.  Бөкей ордасында басқару­дың жаңа жүйесі орнап, хандық билер басқарған 12 әкімшілік ор­талыққа бөлінеді. Билер мен хандар кеңесі, тархандар институты қайта құрылады.  Билік жүргізуді басқаратын жүйеге руханият қыз­­меті — ахун (қажы) енгізіледі. Ахун­ның негізгі қызметі хандықта рухани білім беру болды. Себебі біз діні, ділі, тілі сан алуан халқы бар зор империяның ішінде отырған кезде өз руханиятымыздың жо­йылып кетпеу жағын амалдауға тиіспіз. Бұған қоса біз замана көшінен қалмау жағын да ұмыт қалдыр­­мау­ға тиіспіз. Мен қол­ға алып жат­қан білім саласы, доғдырлық қыз­мет, қазына үйі, орман шаруашы­лы­ғы – осы ұм­тылыстың амалда­ры» — деген Жәң­гірдің сөздерінен ке­йін дауылпаз үні даланы кернеді. Біртіндеп қа­зіргі заманның киімін киген түрлі жастағы, түрлі ұлттың өкілдері, түрлі мамандық иелері шыға бастады. Сахна төрінде бүгінгі ең­се­­лі Ақорда пайда болды.

Қойылым соңына қарай қауым алдынан Қазталов ауданының әкі­мі Нұрлан Бекқайыр бастаған осы аудандағы 16 округтің әкімі бая­ғының батырларынша бес қа­­­руды асынып, салт желіп өтті. Қазақтың жауынгерлігін, рухының мықтылығын мадақтаған бұл кө­рі­ніске халық риза болып, қол соқ­­ты. Осы тұста тамаша қойылым­ның авторы облыстық қазақ дра­­ма театры әдебиет бөлімінің мең­­ге­ру­шісі Нұрлан Сәдір, ал оны сах­на­ға алып шыққан танымал ре­­жиссер Мұрат Ахманов екендігін ерек­ше ілтипатпен айтқан дұрыс.

Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғына «Жайық қаласынан Хан ор­да­сына дейін» атауымен 550 ша­қы­рымдық автошеру Хан ордасына аттанғандығын өткен нөмірде жаз­ғанбыз. «Жайық Пресс» ЖШС мен «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымының бастамасымен БҚО әкімдігі, «Нұр Отан» партия­сы БҚОФ, «DANAkaz» журналының қолдауымен үш күндік автошеру жоғары деңгейде өтті. Автошеру туралы толық мақаланы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ, Медет ДОСЫМОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар