29.08.2015, 6:07
Қараулар: 260
«Ұлттық банк жүйесінің тарихы ел тарихымен тамырлас»

«Ұлттық банк жүйесінің тарихы ел тарихымен тамырлас»

галия сатыбалдина


Ғалия  САТЫБАЛДИНА,

ҚР  Ұлттық  банкі  Батыс  Қазақстан  филиалының директоры:

1876 жылы қыркүйек айында Қазақстан аумағы бойын­ша Орал қаласында Ресей империясы Мемлекеттік банк­і­нің тұңғыш бөлімшесі ашылды.


Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы республи­­ка көлемінде кеңінен той­лануда. Қазақ халқының елдік тарихы Керей мен Жәнібек 1465 жы­лы құрған алғашқы қазақ хан­ды­ғынан бастау алады. Осы орайда еліміздің банк жүйесінің тари­хын ел тарихымен тамырлас, тағ­дырлас екенін жоққа шығаруға бол­майды. Ендеше, елдіктің тарихымен қоса өрілген банк жүйесі­нің тарихын бір сәтке ой елегінен өткізсек дейміз.

Еліміздің қаржылық тарихына үңілсек, бірнеше елеулі  күндер­дің барына көз жеткіземіз. Соның ішінде 1991 жылдың 20 маусымы  — Қазақстан Республикасының Ұлт­тық банкінің ресми негізі қа­ланған күн, 1993 жылдың 15 қа­рашасы – Ұлттық валютаның қол­данысқа енгізілген күні, 1995 жыл­дың 30 наурызы — «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық банкі туралы» жаңа заңның жарыққа шық­қан күні.  Бұған қоса елімізде еленбей келген тағы бір дата – ол Ұлт­тық банктің негізі қаланған тари­хи 1876 жыл. Қатпары қалың та­рих беттеріне үңілер болсақ, дәл осы жылы  Қазақстан аумағы бо­йын­ша Ресей Мемлекеттік банкі­нің тұңғыш бөлімшесі ашылып, жұмыс жасай бастады. Сонымен, қазақ жеріндегі банк жүйесі революциядан бұрын пайда болған. Қазақстанның қаржылық жүйесі­нің тамыры әлдеқайда тереңде, ҚР Ұлттық банкі КСРО Мемлекет­тің банкі Қазақ республикалық банкінің заңды жалғасы, ол өз ке­зегінде Ресей империясының Мемлекеттік банкінен бастау алады.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1860 жылдың 31 мамырында (12 мау­сымда) Царское селосында им­ператор Александр ІІ Ресей бан­кінің ізашары Мемлекеттік банк­тің құрылғаны туралы жарлыққа қол қойды. Сол жарлықпен оның жарғысы да бекітілді. 1864 жы­лы Орынбор генерал-губернато­ры А. Безакенің бел­сенді қол­да­уы­мен 1864 жылы Орынбор қа­ла­лыққо­ғамдық банкіашыл­ды. 1866 жыл­дың 24 қазанында  Орынборда Мемлекеттік банк фи­лиалын ашу жөнін­де сенаттық шешім шы­ғарылған. Мұ­ра­ғаттық деректер­ге сәйкес, қазіргі Қа­зақстан жерінде Мем­­лекеттік банк­тің тұңғыш бөлімшесі 1876 жы­лы Орал қа­ласында ашылған. Сон­дық­тан Қазақ­станның банк жүйе­сінің тарихы сол жылдан бастау алады деп са­наған орынды. Ал­да­ғы 2016 жы­лы еліміздің банк жүйесіне  140  жыл  толады.

Қазақ еліндегі банк жүйесінің қалыптасу тарихына аз-кем тоқ­-тала кеткеніміз жөн болар. ХІХ ға­сырдың екінші жартысында Қа­зақстанда тауарлық  айналымның айтарлықтай өсімі орын алды. Соған орай банктік капитал пайда болып, несиелік мекемелер құ­рыла бастайды. Батыс Қазақстан облысында революцияға дейінгі кезеңде бұрынғы КСРО-ның көп­теген республикаларымен салыс­тырғанда несие-ақша жүйесі әл­де­­қайда дамып кеткен еді. Сол кездегі Мемлекеттік банктің Орал бө­­лімшесінің негізгі қорын салым­дар, ағымдағы есепшоттар құра­ды. Оралдағы банк бөлімшесі 1892 және 1896 жылдардағы ақша реформалары кезінде банкноттар­­ды ауыстыру жұмыстарына қа­тысты.

ХІХ ғасырдың 90-жылдары Ресейде теміржол және өнеркәсіп құрылыстары қарқын алып, біз­дің өңірде де өнеркәсіп орындары са­лына бастайды. Мемлекет­тік банк­тің Оралдағы бөлімшесі осы үрдістерден оқшау қалмады. Оған банкнот эмиссиялары құқы­ғы беріледі. Бұрынғыдай 6 айға емес, 12 айға шақталған ұзақ мерзімдік сауда-өнеркәсіп вексель­де­ріне есеп операциялары жүр­гі­зілді. Тауарларға  несие беру же­ңілдетілді. Орал бөлімшесіндегі жүр­гізілген шаралар өзінің қатал регламентімен, өткізілу мерзімі­нің сақталуымен ерекшеленген.

Мемлекеттік банктің Орал бө­лім­шесі даму барысында облыс экономикасының және банк жү­йе­сінің резервтік орталығы болып қалыптаса бастайды. Бөлімше жа­нындағы басқармадағы есеп айы­рысу бөлімдері банктер арасын­дағы қолма-қол төлемсіз есептесулерді, яғни клирингтік опера­цияларды іске асыра бастайды. Бі­рінші дүние жүзілік соғыс кезін­де Мемлекеттік банктің және оның бөлімшелерінің қызметі несие­лік билеттер шығару арқылы со­ғысты  қаржыландыруға  жұмыл­ды.

ХІХ ғасырдың аяғында Орал қаласында Орыс сауда-өнеркәсіп коммерциялық банкінің бөлімшесі ашылды. Оның бас кеңсесі Санкт-Петербургте еді. 1917 жылы 14 жел­тоқсанда Кеңес үкіметінің «Банк­терді ұлттандыру туралы» декре­тіне орай банк ісі мемлекеттік мо­нополияға беріліп, банк жүйесі біздің облыста да өзгертіле бас­тайды. Бұл жұмыс 1919 жылы қаң­тарда Орал қаласы Кеңес үкіме­тінің жауларынан босатылған­нан кейін іске асады. Сөйтіп Орал­да­ғы екі банк біріктіріліп, Халық банк бөлімшесі құрылады. Бұл банк бө­лімшесі облыстық революциялық комитеттің қаржылық бөлімінің құ­­рылымына енеді. Банктің алдын­да кәсіпорындардағы және тұр­ғындардың қолындағы қомақты ақша қорын байланыстырып, ақша айналымын теңдестіру міндеті тұрды.

Соңынан Халық банкі тараты­лып ВЦИК-тің 1921 жылғы 7 қазан­дағы декретімен Мемлекеттік банк құрылды. Осы жылы КСРО Мемлекеттік банкінің Орал бөлім­ше­сі ашылды. Одан бері құмға сің­ген судай, жүрдек уақыт жылжып өтті. Теңгенің ұлттық валюта бо­лып айналымға енуі, яғни Қазақ­стан Республикасының қаржы­лай төлем құралына айналуы үл­кен тарихи кезеңдерге тура келді. Бұрын жұмылған жұдырық­тай болып, барлық республиканың тапқан-таянғаны да, ырысы мен берекесі де «кеңестік» деп аталатын үлкен қазанға түсіп, әр рес­публикаға содан үлес айырып беретін. Мызғымайды деген қуат­ты елдің қабырғасы тігісінен сө­гілген соң әр ел егемендігін жа­риялап, өз алдына мемлекет болу­дың қамын жасады. 1991 жылы қа­занның 25-інде Егемендік декла­рациясы қабылданып, желтоқ­сан айында Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекеттілігін жариялады. Соған орай жаңа нарықтық экономиканы қа­лыптастыру, оның алғышарты болып табылатын дербес қаржы-банк саласын құру міндеті бірін­ші кезекке шықты. Сөйтіп егемен еліміздің ұлттық валютасы – тең­ге 1993 жылы 15 қарашада айна­лымға шығарылды.

Қазақстанның банк жүйесінің қалыптасуын ел  тарихынан бөліп қарауға болмайды. Банк жүйесі егемен еліміздің төл тарихымен біте қайнасып, бірге даму үстін­де. «Керей мен Жәнібек 1465 жы­лы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тари­хы сол кезден бастау алады. Бәл­кім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазір­гі мағынасындағыдай мемлекет бол­маған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да бар­лық мемлекеттер туралы да ай­ту­ға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – ба­баларымыздың ұлы істерінің жал­ғастырушыларымыз», – деген Мемлекет басшысының сөзіне сү­йенсек, ұлы даланың ұлы тари­хында банк жүйесінің де өзіндік алар орны салмақты әрі маңызды.

Ұлттық банк жүйесінің ізаша­ры болып саналатын Батыс Қа­зақстан облысындағы банк жүйе­сінің даму сатылары аталмыш филиал музейінде көрініс тапқан. Жалпы, бұл музейдің өзге де музейлер сықылды келушілерді па­триотизмге, адамгершілікке тәр­биелеп, тарих пен мәдениетті ұғын­дыруға қызмет ететіні анық. Ұлттық банктің Батыс Қазақстан филиалының музейі 1998 жылы қарашада теңгенің енгізілге­ніне 5 жыл толу құрметіне ашылды. Музей сол кездегі филиал ди­рек­торы Б. Ізбасаровтың және филиал ұжымының бастамасымен банк саласында қалыптасқан дәс­түрлерді сақтау, аға ұрпақ­тың ең­бегін есте қалдыру және ұр­пақ­тар сабақтастығын жалғасты­ру мақ­сатында құрылды. Филиал­дың  музей қоры абыройлы істер­дің ұйытқысы болуда. Оның экс­позициялары Жайық өңіріндегі және еліміздегі банк жүйесінің құ­рылу тарихымен, оның баста­уын­да тұрған және банк ісіне қомақ­ты үлес қосқан тұлғалармен, бұл салада қалыптасқан дәстүр­лер­мен таныстырады.

Музейде 2000-ға жуық жәді­гер, оның ішінде тарихи құжат­тар, фотосуреттер, кітаптар мен аль­бомдар т.б. материалдар бар. Филиал жанынан құрылған музей кеңесінің мүшелері музей қо­ры­ның жаңа жәдігерлермен толы­ғуына зор көңіл бөледі. Осы жұ­мыс барысында музей қоры банк жүйесінің ардагерлері, соның ішінде ұзақ уақыт бойы КСРО Мемлекеттік банкінде жұмыс іс­теген және өлкедегі банк ісін құ­руға және дамытуға зор үлес қос­қан тұлғалар туралы жаңа деректермен  толықтырылуда.

Сонымен қатар музейде көне монеталардан бастап теңгеге де­йінгі ақша тарихы бейнеленген. Шамамен ХІІ, ХІV ғасырлармен таң­баланған көне монеталар  ар­хеологиялық қазбалар кезінде Орал маңындағы Ысқырық тау (Свистун-гора) баурайынан та­был­­ған. Әлдеқашан ғайып болған  қалаларда, көне мемлекеттерде соғылған бұл монеталар ақша­ның ежелгі тарихын толықтыра түсе­ді. Ғасырлардан жеткен осындай аса құнды заттар музейіміздің ба­ғалы экспонаттары болып табылады. Сондай-ақ  ХVІІІ ғасырда   патшалық Ресейде шығарылған темір монеталар, 1769 жылы патшайым ІІ Екатеринаның құрметі­не шығарылған атақты «катенькалар», Ресей империясының түр­лі номиналдағы алғашқы қа­ғаз ас­сигнациялары, Кеңес одағы ке­зе­ңіндегі монеталар және тәуелсіз Қа­зақстанның теңгелері  музей экс­позициясының тақырыптық ба­ғытын айқындай түседі. Соны­мен қатар экспозициялардың бас­ты та­қырыптарының бірі – Қазақ­стан­дағы ақша реформасы, ұлттық валютаның енгізілуі. Тәуелсіз елі­міздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұлттық валю­таны енгізу туралы Жарлығы, қа­зақ халқының тарихи тұлғалары – әл-Фараби, Абылай хан, Әбілқа­йыр хан, Абай, Шоқан Уәлиха­нов, Құрманғазы, Сүйінбай ақын­ның портреттері бейнеленген ал­­ғашқы ақша белгілеріміз арнау­лы стендтерге орналастырылған.

Ұлттық банк филиалымен банк саласының тарихын түгендеуде атқарылар шаруалар ауқымы мол. Әрине, бұл бір күннің жұмысы емес, үнемі  ізденісті қажет ететін шаруа екені айқын. Қорыта айтар болсақ, Ұлттық банк филиалы ел тарихымен бірге тыныстап, ер­теңге көз жібереді. Ұлттық банк саласы ел экономикасын дамыту­ға, тәуелсіз мемлекетіміздің гүл­де­ніп, өркендей беруіне қызмет ете  беретіні  кәміл.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар