29.08.2015, 6:05
Қараулар: 55
Қазақ тарихының қатпары қалың

Қазақ тарихының қатпары қалың

DMS_2433


Бейсенбі күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Қазақ хандығының 550 және ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» деген тақырыпта халықаралық дөңгелек үстел отырысы өткізілді.


Бұл осының алдында Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында өткен халықара­лық конференцияның жалғасы еді. Университет ректоры Нұрлан Серғалиев Қазақ елінің тарихы тереңде екенін, сонау әрісі Күлтегін, берісі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолынан» басталған ұлы жолдың бүгінге дейін жетіп, «Нұрлы жолмен» болашаққа жалғаса беретінін атап өтті. Осы оқу орнының про­фессоры, философия ғылым­дарының докторы Тілекжан Рыс­қалиев тарих – адамзат тәрбиеші­сі, оны танып қою аз, мәнін ашып, түсіне білу керектігін таратып айтты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылым­дарының кандидаты Ирина Ерофеева қазақ хандарының тарихы әлі де толық зерттелмегенін алға тартып, үлкенді-кішілі жетпіс шақты ханның өмірбаяны түзіліп, эпистолярлық мұрасы қос том болып шыққалы жатқандығын жеткізді.

Ақтөбе мемлекеттік универси­тетінің профессоры, тарих ғылым­дарының докторы Рахым Бекназаров Әбілқайыр ханның зираты қалай табылғанын тартымды баян­дап берді. Оның айтуынша, 1-3 қазанда Ақтөбеде өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­нал­ған шара аясында облыс ор­талығынан 660 шақырым қиырда жатқан Хансүйек деген жерде хан кесенесі салтанатпен ашылмақшы.

ҚР «Әділет» тарихи-ағарту қо­ға­мының басқарма мүшесі Шолпан Аманжолова Жәңгір хан мен Фатимаға телініп, кейбір кітаптар­­ға кіріп кеткен, тіпті музейде тұр­ған суреттің оларға қатысы жоқты­ғын дәлелдеп берді. Шын мәні­сінде қылыш ұстап түскен ханның кескін-келбеті мен киімі, тақ­қан төс­белгілеріне дейін Жәңгірге кел­мейді, Фатима да солай. Жиынды жүргізген БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов бұл пікірді құптап, мұндай қателіктер өз бетімен зерттеуге кірісіп, біл­генінше сілтейтін бірқатар «өлке­танушылардың» тарапынан кетіп жатқанын мәлімдеді.

Самара мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу зертханасы­ның аға ғылыми қызметкері, та­рих ғылымдарының кандидаты Николай Лифанов Орынбор облысы аумағынан табылған бір құлпы­­тас­тың Нұралы ханның ұлда­рының бірі Жүсіп сұлтандікі болып шық­қанына, мұндай көне қорым­дарды бүгін зерттемесе, ертең кеш қа­латынымызға тоқталды.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жаңа тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Галина Ксенжик қазақ хандықтарының ау­мағы қаншалықты болғандығы сол дәуірдегі карталарда сақталған­дығына назар аударды. Соның ішінде ағайынды Яков пен Николай Ханыковтың ХІХ ғасырда жасаған карталарынан біраз нәр­сені анықтауға болады.

Қорыта айтқанда, қазақ елінің арғы-бергі бай тарихын тынбай зерттеудің маңызы зор.

Елжан ЕРАЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар