29.08.2015, 6:02
Қараулар: 36
Басты міндет – қарқынды сақтау

Басты міндет – қарқынды сақтау

DMS_2841


Кеше облыстық мәслихаттың кезекті 26-сессиясы өтті. Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысқан сессияда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы жылдың 7 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.


— Облыстың әлеуметтік-эконо­микалық дамуы бойынша жұмыс­тар Мемлекет басшысының бес институционалды реформаларды іске асыру жөніндегі ұлт жоспары нақтылаған басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылуда. Облыс­тың өндірілген жалпы аймақтық өнімінің көлемі 2015 жылдың 1 тоқсанында 1,3%-ға өсіп, 369,0 млрд. теңге құрады. Облыс бойынша жан басына шаққандағы жал­пы аймақтық өнім орташа рес­публикалық деңгейден 1,2 есеге көбейіп, 585,2 мың теңге құрады. Мемлекеттік бюджетке 107,3 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды (болжам­ға 82,1%), оның ішінде республи­калық бюджетке түсімдер – 75,1 млрд. теңге (болжамға 74,0%), жергілікті бюджетке – 32,2 млрд. теңге (болжамға 110,6%). Инфля­цияның жалпы деңгейі 101,5% құ­рады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі деңгейден 2,8 пайыз­дық пунктке төмен (республика­лық көрсеткіш – 101,5%). Азық-тү­лік тауарларының бағасы 100,9% құрады (республикалық көрсет­кіш — 101,1%), азық-түлік емес та­уарлар – 100,9% (республикалық көрсеткіш – 100,9%), ақылы қыз­меттер – 102,7% (республикалық көрсеткіш – 102,6%). Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нан бағасының өсуін тежеу үшін облысқа Үкімет резервінен 393,2 млн. теңге бөлінді.

Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылғы 20 тамызда ел Үкіметі мен Ұлттық банктің шешімімен ұлт­тық валютамыз теңге еркін айна­лым бағамына көшті. Бүгінгі таң­да облыста алғашқы қажетті та­уарлардың бағасын реттеу және мониторинг жүргізу жөніндегі облыстық жұмыс тобы белсенді жұмыс атқаруда. Осындай штабтар барлық аудандар мен Орал қаласында да құрылған. Қазіргі таңда азық-түлік базарларында жағдай тұрақты, бағаны негізсіз өсіру фактілері орын алған жоқ, — деді Нұрлан Асқарұлы.

— 2015 жылдың 7 айындағы өнеркәсіп өнімі 679,3 млрд. тең­геге өндірілді немесе 5,1%-ға тө­мендеді, бұл әлемдік мұнай баға­сының және рубль курсы­ның тө­мендеуіне байланысты. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,8%-ға азайды және 603,3 млрд. теңге құрады. Табиғи газ өндіру 1,3%-ға өсті, газ конденсаты 2,4%-ға, мұнай 16,8%-ға төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде 51,6 млрд. теңгеге өнім өндіріл­ді немесе 20,7%-ға төмендесе, мұнайды қайта өңдеу өндірісі көлемінің 46,6%-ға, машина жасау өнімдерінің 20,9%-ға, ме­таллургия өнеркәсібінде  12,3%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі  9%-ға азайды. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарымен 51,6 млрд. теңгеге өнім өндіріл­ді. Құрылыс индустриясы (1%-ға), дайын металл бұйымдары өндірі­сінде (31,9%-ға), химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру (4,3%-ға), резең­ке және пластмасс бұйымдарын өндіру (18,3%-ға) саласында оңды өсу қарқыны байқалады, — деді баяндамасында Н. Ноғаев.

Индустрияландыру картасы аясында облыста 2279 тұрақты жұмыс орнын құру арқылы 308,7 млрд. теңгеге 40 инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның ішін­де бірінші бесжылдықта 40 инвес­тициялық жобаның ішінде 257,9 млрд. теңгеге 32 инвестициялық жоба іске қосылып, 1890 жұмыс орны құрылды. Күні бүгін 21 жо­ба 70 пайыздан аса, 4 жоба  50 па­йыз­дан аса жобалық қуаттылыққа шықты, қалған жобалар жобалық қуаттылыққа кезең-кезеңмен шы­ғуды жүзеге асыруда. Екінші бес­жылдықта 389 жұмыс орнын ашу арқылы жалпы сомасы 50,8 млрд. теңгеге 8 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Биылғы жылы 143 жұмыс орнын ашу арқылы жалпы сомасы 48,2 млрд. теңгені құрайтын 4 жо­баны іске қосу жоспарлануда. Олар К5 экологиялық дәрежелі мотор отындарын өндіру зауытын салу («Конденсат» АҚ). Бұл жоба Қазақстанның батыс өңірінің сапалы автомобиль бензиніне деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сүт өнімдерін өндіру бойынша цех құрылысы («Жұмағұлова Б. М.» ЖК) мен қара уылдырық және тауарлық бекіре өндіру бойынша су дақылдары кешені («Су дақылдары тәжіри­бе­лік-өнеркәсіп өндірісінің оқу-ғы­лыми кешені» ЖШС) жобалары іс­ке аспақ. Газ турбиналы электр станциясын салу («Батыс Пауэр» ЖШС) жобасы облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етіп, Ресей Феде­ра­циясының шекаралас аймақта­ры­на электр қуатын экспорттауға мүмкіндік бермек. Ал 2016 жы­лы 191 жұмыс орнын  құру арқылы 2,3 млрд. теңгеге 3 жобаны іске асыру (2016 жылы іске қосу мерзімімен) жоспарлануда.

Облыста индустриялық аймақ құру жөніндегі жұмыстар жүргізі­луде. Күні бүгін индустриалды аймақ жобаларына қатысушылар мен әлеуетті инвесторлар өкіл­дерімен келіссөздер жүргізілді. Құрылыс қызметтері саласында­ғы және құрылыс материалдарын, құрал-жабдықтар, электр жабдық­тарын, тұрмыстық химия, тоқыма және былғары бұйымдарын шы­­ғаратын 5 түрік компаниясы ин­дустриялық аймақты ұйымдас­ты­руға қатысуға қызығушылық та­нытқан.

— 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаты есебінен 7,3 млрд. теңге бөлінді, ол алдың­ғы жылғы деңгейден 46%-ға көп. Есепті кезеңде облыстың агроқұ­рамаларымен 3,3 млрд. теңге не­сие ресурстары тартылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 38,5 млрд. теңгені құрады. Қуаң­шылық салдарынан 2,3%-ға кему байқалуда. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 516,3 мың га алқапты құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8 мың га артық. Егін жинау жұмыстарына келетін болсақ, қуаңшылықтың салдарынан дәнді дақылдар егі­сінің 107,2 мың га немесе жалпы дәнді дақылдар алқабының 40%-ы есептен шығарылды. Оруға жататын егістік алқабының 48,6%-ы орылды. Орташа өнімділік гек­тарынан 5,2 центнерді құрайды, — деді ауыл шаруашы­лы­ғына тоқ­талған өңір басшысы.

Биыл «Жібек жолы» ШҚ өн­дірістік қуаты айына 1750 бас мал союға арналған мал сою пункті құрылысы жобасын жүзеге асырды. Сондай-ақ қуаты тәулігіне 1400 бас қозы соятын, вакуумдық орамадағы ірі кесекті және блокты ет өндіру жөніндегі етті қайта өңдеу кешені іске қосылды. Қуа­ты ауысымына 10 тонна ет қасап­ханасын салу жобасы жүзеге асы­рылуда. 2015-2016 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар  5 шағын сүт зауытының құрылысы (Зеленов ауданында), сүт өнім­де­рін қайта өңдеу бойынша зауыт (Жаңақала ауданында), ұн және ұн өнімдерін өндіру бойынша жоба (Бөрлі ауданында), қымыз өндіретін цех (Сырым ауданында), 2 қасапхана (Ақжайық және Жанақала аудандарында).

Өңірде шағын және орта кә­сіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілердің саны 2,8%-ға өсіп, 40,3 мың бірлікті құраған. Кәсіпкерлік субъектілеріне банк­термен берілген несие көлемі 25,2%-ға ұлғайып, 11,0 млрд. теңге құраған.

Құрылыс жұмыстарының көле­мі 11,9%-ға көбейіп, 113 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 251 млн. теңгеге 22 көп пәтерлі тұрғын үйді жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде.

Облыс халқының сумен қам­тылуы 86,8%-ға жетті, соның ішін­де ауыл тұрғындарын қамту – 75,1% (238,1 мың адам). Ал таби­ғи газбен қамту 91,7%-ды құрай­ды, оның ішінде ауыл тұрғында­рының 83,6% қамтылған. 16,4 мың адам тұрғыны бар 27 ауылдық елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде, жұ­мыс ағымдағы жылы аяқталады.

Биыл автомобиль жолдарын қайта жаңарту, күрделі және ор­таша жөндеуге 5,8 млрд. теңге бөлінді. Ұлттық қорының нысана­лы трансферттері есебінен рес­публикалық маңызы бар «Орал-Каменка-РФ шекарасы (Озинки)» автожолын қайта жаңартуға 3,0 млрд. теңге қарастырылды. Бүгін­гі күні жолды қайта жаңарту жұ­мыстары басталды, ағымдағы жы­лы 8 км жолды жөндеу жоспар­лануда.

Аудан орталығы Шыңғырлау ауылына дейін 17 км автожолды күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда (2015 жылдың қазанына дейін). Жаңақала ауылы бағыты 37 шақырым жолға жөндеу жұ­мыстары жалғасуда, оны 2016 жы­лы аяқтау жоспарлануда. Ағым­­да­ғы жылы бөлінген қаражатқа «Чапаев-Жаңақала-Сайқын», «Жымпиты-Қаратөбе», «Ақсай-Шыңғырлау», «Аңқаты-Сарыөмір», «Орал-Кирсанов», «Бұлдырты ауы­лына кірме жол» автожол бағыт­тарында жөндеу жұмыстары жоспарланып, жүргізілуде. Жалпы бұл жылы ұзындығы 90 шақырымнан астам облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға жөн­деу жұмыстарын жүргізілмек.

— Облыста жұмыссыздық дең­гейі 5,0% құрайды. Кедей отбасы­лардың саны 2015 жылдың 1 та­мызына 620 отбасын құрады жә­не 2014 жылдың 1 тамызымен са­лыстырғанда 253 отбасыға азай­ды. Арнаулы әлеуметтік көмек алу­шылар саны 927 адамға азайып, 2568 адамды құрады. Орташа айлық еңбекақы 4,8%-ға өсіп, 111956 теңгені құрады, — деді баян­дамасында Нұрлан Асқарұлы. — Облыста жұмыссыздар саны – 16581 адам. 2015 жылға арналған халықты жұмыспен қамтудың Ке­шенді жоспар бойынша 13083 адамды жұмыспен қамтудың әр түрлі шараларымен қамтамасыз ету жоспарланды. Ағымдағы жыл­­дың 1 тамызына 11565 адам (88,4%) мемлекет тарапынан жұ­мыспен қамту шараларымен қам­тылды.

2015 жылы білім беру саласын қаржыландыруға 41,6 млрд. теңге бағытталған. 3 пен 6 жас аралы­ғындағы балалардың 97,5% мек­тепке дейінгі ұйымдар қызметте­рімен қамтылуда, республикалық көрсеткіш – 78,6%. Шетелдік инвесторлар қаражаты есебінен Жәнібек ауданының Жәнібек ауылында 290 орынды, жеке инвес­тициялар есебінен Зашаған кен­тінде 200 орынды 2 балабақша салынды. «Нұрлы жол» бағдарла­масы шеңберінде Шыңғырлау ау­данының Шыңғырлау ауылында 290 орынды балабақша құрылы­сы, шетелдік инвесторлар қара­жаты есебінен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 140 орынды ба­лабақша құрылысы басталды. Ағымдағы жылы 2 мектептің құ­рылысы аяқталды: Орал қаласы Зашаған кентінде 1200 орынды мектеп, Жаңақала ауданының Жа­ңақала ауылында 100 орынды жа­тақханасымен 600 орынды мектеп. Мектептердегі үш ауысымды оқу үрдісі жойылды. Апатты мектептерді жою мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 мектептің құрылысы аяқталды (Жаңақала ауданының Сарыкөл ауылында Х. Нұрымғалиев атын­дағы (108 орынды), Жуалыой ауы­лында Абай атындағы (108 орынды), сондай-ақ Теректі ауданы­ның Юбилейное ауылында (108 орынды) жалпы білім беретін мектептер). Орал қаласындағы кә­мелетке толмағандарды бейімдеу орталығының құрылысы, 5 білім беру нысанын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ал денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 22 млрд. теңгені құрайды. Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақ­тандыруға 0,7 млрд. теңге қарас­тырылды. Орал қаласында 300 төсек-орынды қалалық көп бейін­ді аурухананың құрылысы жалға­суда.

Дәрігерлер тапшылығы 102 ма­манды құрайды, өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 58 ма­манға кем. Биыл облысқа 80 жас маман келеді деп күтілуде.

Облыста 771 мәдениет және өнер нысаны халыққа қызмет көр­сетеді. 2015 жылы саланы қаржы­ландыру көлемі 4,7 млрд. теңгені құрады.

Ағымдағы жылы Орал қала­сында Қадыр Мырза Әлі атында­­ғы шығармашылық орталығы пай­далануға берілді, облыстық Дос­тық үйінің құрылысы жалғасуда. Зеленов ауданының Переметное ауылында және Бөрлі ауданы­ның Ақсай қаласында аудандық мәдениет үйлерін күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілді.

2015 жылдың 7 айында облыс спортшылары спорт түрлері бойынша ресми халықаралық жа­рыстарда (Әлем, Азия чемпио­наттары, Әлем Кубогы кезең­де­рі) 10 медаль, Қазақстан Респуб­ликасының чемпионаттарында 222 медаль, республикалық және халықаралық турнирлерде 51 медаль ұтып алды.

Ағымдағы жылы Қаратөбе және Жымпиты ауылдарында әрқайсысы 160 көрермен орынды,  Орал қаласы Зашаған кентінде 320 көрермен орынды 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Орал қаласында жоғарғы спорт шеберлігі мектебін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

— Бүгінгі күнгі біздің басты міндетіміз – өзіндік ішкі ресурста­рымызды пайдалана отырып, экономика өсімінің қарқынын сақтау. Осыған байланысты өзімнің орын­басарларыма бөлінген барлық қаражаттардың игерілуін қамта­масыз етуді, жыл соңына дейін жоспарланған іс-шараларды іске асыру бойынша тиісті шаралар алуды тапсырамын, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Жарыссөзге қатысушылар өңір­дің экономикалық дамуына оң баға берді.

Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орында­лу барысы туралы облыстық бі­лім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева баяндама жасап, облыстық мәслихаттың білім бе­ру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту мәселелері бойынша тұ­рақты комиссияның төрағасы, депутаты Тұяқбай Рысбеков сөз алды. Сондай-ақ бірқатар ереже-қағидалар, кадрлардың ауысуы­на байланысты бірқатар кеңес­тердің құрамы дауысқа салынып бекітілді.

Сессия соңында облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалін табыстау жайлы ҚР Президентінің Жарлығын оқып, әкімнің өңіріне медаль тақты.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Суретке түсірген Медет ДОСЫМОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар